(әңгіме)
Жалаңаш жаздың тасқараңғы тақырбас түні. Түн - қиялдың шарығы. Қиял-қылышын түн-шарыққа қайрап алған Сөкіш онысын ойға-қырға оңды-солды сілтей, жер-жаһанмен жаудай жағаласып біраз жатты да, ұйқыға кетті. Жақсысы мен жаманының, телісі мен тентегінің тегіс ұйқыға кеткенін күткен анадай; - қалғып-мүлгіген "Жылысу" ауылы "жынды сумен" биттей ит ерткендер келген жылдардан бері ойнас.
Түн - түстің тұрағы, қиялдың пырағы. Түске қырағы Сөкіш түн баласы тынбай түс көріп шықты. Түсінде қанден иттер құйрығымен итсигек орып, мұрнымен маялап, құлақпен желпіп кептіріп, тырнақпен кертіп үгітіп, оны жаялықтай-жаялықтай болатжапыраққа орап, Кубаның "гаванасы" секілді семіз-семіз "сигара" тартып, әлдебіреуі гитара тартып отыр.
"Ай, ай, ай, ай, ай, ай, ай... Ақсәуле-е-ем,
Мен де сенің жақсы әнің болайы-ы-ын...
..." - деп әндетіп қояды. Қайсыбірінің алдында - "Кәпитәлистік Қазақстан" газетінің бір-бір нөмірі. Иттерге дауа бар ма, көк түтін құлақтарынан будақтайды. Сөкіштің өзі айдаладағы Куба секілді, жазығында тек қана итсигек гүлдейтін, кілең үрмейтін иттер өмір сүретін қу аралда жападан жалғыз қалып кетіпті... Түсінің осы тұсына келгенде: "Есі дұрыс түс көруім керек еді, жалғыздықтан қашан құтылам осы", - деп ойлады, - ит... итсигек... адамдар қайда?" Бір кезде тырбиған итсигектер тез-тез өсіп, табан астында тарбиған талдарға айналып, иттер маймылға айнала бастағандай ма... "Бұлар да маймылдан жаралған ба сонда?" дегенше, маймыл-иттер адамданып ағараңдай ма-ау... "Ойбай, мына біреу ит емес, көкбет бибім Ибіш қой..." "Ө, аузыңассейін масыл! Қу молада бір үзім нан жоқ! Нағып жатсың шәниіп? Биттей өрген көкқарын күшіктеріңді сен асырайсың ба, ит асырай ма? Талыстай болмай тұр, қане! Жатырымда тағы біреуі жатыр қыңсылап, иттенжарағанның", - деген Ибіш етегін түріп, аяғын көтере бастады... Енді бір сәтте Ибіш дегенінің сұлбасы сұйылып, тұлғасы иіліп, қайтадан итке айналып бара жатты... Заматта сақал-мұртының орнында итсигек өсіп тұрғанын сипап сезген Сөкіш аузына әлгі иттің сие бастағанын дәмінен біліп, "о, әкеңнің..." деп қарғып тұрған. Қараса, бір түп итсигекпен бұның танауын түртіп, шаптырып, тырдай жалаңаш тентегі Іркіт тұр. "Жылы суды" бүркіп тұр.
- Пәпә-ә-ә, шие-е-ем... - деді Іркіт, әкесінің оқыс қимылынан үркіп.
Әкесі тентегінің шүмегінен бір түртіп:
- Әптішу, жәрәкім алла! - деп түкіргішке бір түкірді, - арақтан тұщы екен...
Төсегінің басындағы радионы қосып еді, "Сағым қуған жиырма бес, ...Сағындырған жиырма бес..." деп сарнап жатыр. "Өтірік өлең айтқанды қашан қояды бұ қазақ? Мына жиырма бестің несі сағыныш? Адамдар да айта береді-ау осы... әй-й-й..." деп қайта өшіре салды: "Түк таппай, тентіреткен жиырма бес боп тұр ғой бұл..."
- Әй, Ибіш! Өлмесем, бүгін бірбәле тауып келем. Бір жұтым су берші маған, құдай үшін, үре бермей, - деді бағанағы түсіндегі ойын одан әрі жалғап, - баяғыда апам бізді "роддомсыз-ақ" туған...
Быт-шыт түсінің қышқылтым әсерінен әлі айыға алмаған Сөкіш қақырынып-түкірініп тысқа шықты. Басы азан-қазан, аузы қазан-ошақ. Аулада бір арба итсигек шашылып жатыр. Майдапашақтары әрі-бері сүйрелеп шашып тастапты. Бұл шөп аты айтып тұрғандай, иттің қажетханасы. Жан-жануар, мал атаулы мұны мәуе қосып берсең де жемейді. Мал ит сигендіктен жемейді емес, ит мал жемейтіндіктен сиеді. "Апам итсигектен жазылмайтын жараға дәрі жасайды деп... Айтпақшы, бұл улы шөп қой. Баяғыда бабаларымыз итсигекті қайнатып та ішкен, шұбатқа қосып та ішкен екен. Арақ таппай ішкен шығар..."
- Ибіш дейім саған! Мына баланың қолын жу сабындап! Уланып өлер...
"Баяғыда апам бейшара "итсигекті қайнатып сабын алатынбыз" деуші еді. Біздің Ибіш итсигек былай тұрсын, шәй қайнатып берсе де... Құрт қайнатып, дастарханды жайнатып отырушы еді-ау қайран анам... Қазан-ошақты айналып-ақ әйелдер күніне жиырма шақырымдай жүріп тастайды екен. Қарны қампиып, тірсегі майысқан Ибішім-ай... Жаным-ай... " Жаны ашып іздей бастады Ибішті. "Түнде сонша неге іштім? Уһі..."
- Ойбай, Ибі-і-і-іш! Өліп қалдың ба сөйлесей! Қайда құрыған өзі...
Іші шермиіп, падаға сиыр қосып келе жатқан Ибіш анадайдан айқай салды:
- Ойбай, не, не-е-е-е?!! Анау итсигегіңді құртшы алдымен! Неменеге әкелдің ит жемейтін бәлені?
- Өртейміз! Күлін насыбайға қосамыз. Насыбай сатып байимыз сосын. Саған алтын сырға әперем.
- Ойпырмай, ә! Насыбайыңның басына қарап жүргеніңе бес жыл болды ғой...
Сөкіште кеше кештегі қарқын жоқ. Ибішке имене, итиіп қарайды. "Уһі" деп улы демалған ол үй айнала бажырая қарады. Сұрқай өмір, күңгірт тіршілік. Қақырай шатыры ұшып, жартылай сылағы көшкен қоңырқай үйлер. Кенезесі кеуіп тәлтіректеген талдар - қалжыраған қоралар мен сансыраған сарайларды сүйемелдей теңселеді. Аулаларда күн қақсын деп жайған некен-саяқ көрпеше-көрпелер - ауыл тұрғындарынан хабар бергендей. Бүкіл маңай тасмаңлай Ван Гок салған бірқилы картиналар сықылды быжықай-тыжықай. Ауыл аспанға ұшып кеткендей тым-тырыс. Осы кезде егемен елдің, астаң-кестең бостан ауылының ұйқысын ашайын дегендей, Қарқынбек қарттың қара есегі ақырды. Қарқынбек соғыста қырық немісті қылқындырып өлтірген қанішер қазақ; асқан, атқан, аздап есі ауысқан. Арқасы қозған Қарекеңнің құйрығынан қара есектің арқасы бір суымайды. Азаннан кешке дейін, жауды қуып, ауыл айнала шабады да жүреді. Қысы-жазы аяғынан түспейтін саптама етігінің қонышы - көшпелі кітапхана. Онда "Жұлдыз", "Жалын", "Мәдениет және тұрмыс", "Білім және еңбек", "Қазақстан әйелдері" журналдарынан бастап, "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" сияқты газеттердің бәрі жүреді. Соның бәрінің бір әріпін "қаза қылмай" оқиды. Оқығандарын көңілі түскен адамға "бір жеріңді сүртерсің" деп тегін береді. Жыны ұстағанда болмаса, ақкөңіл, адал аталарына үйірсек ауыл балалары күнара қағаз қалпақ киеді.
Есегі ақырғанда қосыла айқайлайтын Қарекең бұл жолы жым-жырт. Барқыт шалбарынан шақшасын ала берем дегенде, қалтасының тесігінен қолы сумаң етіп әрі өтіп кетті... "Баяғы бала кезде шалдар "қане, әпшуден әкеле ғой, насыбай берші" деп неге сұрай береді десем... Одан оны ұстап, астын-үстін сипалап, түгін қоймай түгендеуші еді-ау. Өз қолы өз "өндіріне" жеткенше, құлынынан баптаған бәйгі атындай баптайды екен-ау. Ұрпақ жалғар жарағы жарау ма, кемістігі жоқ па деп тексереді екен-ау. Еее..." деп езу тарта, бір атым насыбайды тарс еткізіп атты да жіберді.
Насыбай атқыш шалдардың "есектің ақырғанын, иттің үргенін естігенде, жаратқаннан пана тілеңдер" дегені есіне түсіп, «әғузу білләқи мінәш шайтан рәжім» деді ішінен. "Көксудан" тілі күрмеліп тұрып, "әлқәмдуллә, мұсылманбыз" дейтін көкіштің бірі Сөкіш-тін. Аңызға сенсек, есектер шайтан көргенде ақырады. Сол бойынша, есекке күн-түн демей көріне беретін шайтаның - Ібілістің нақ өзі! Баяғы жер-жаһанды топан су қаптағанда, Нұх пайғамбар кемеге барлық жан-жануарларды асығыс жұп-жұбымен ырғытып жатпай ма? Есек кіріп келе жатқанда Ібіліс оны арбап:
– Есек, сен нағыз данасың! Ешқашан досқа иттігің жоқ. Арам өлмесін десең, мені өзіңмен бірге кемеге ала кір, – деп жалынады. Мақтауға еліккен есек келісіп, екеуі ішке ентелейді. Сонда Ібіліс:
– Нұх пайғамбар мені кіргізбес. Құйрығыңа тығылып кірейін, – дегенде, есек:
– Мақұл, – дейді. Ібіліс есектің құйрығынан ұстап алып, кері қарай тартады. Есектің жаны құйрығының ұшында емес пе, шыдамай ақырып жібереді. Шошып кетіп, зәр де жіберіп қояды. Тар жерде топырлаған хайуандар азан-қазан шулап, кеме топалаңға айналады.
Сонда Нұх пайғамбар есекке жекіп:
– Кір ішке! – десе, есек төрт тағандап тұрып алса керек. Артында келе жатқан қошқар құйрығынан сүзсе де, есек мыңқ етпей тұра береді. Нұх пайғамбар екінші рет:
– Ей, малғұн, өткелді бөгемей, кір ішке! – дегенде есектен бұрын Ібіліс зып береді. Нұх пайғамбар оған:
– Шық! – десе, Ібіліс:
– Кір, малғұн! – деген өзің. Малғұн деген - менмін. Өз әміріңмен кірдім ғой, – деп кемеге жайғасып алыпты. Содан бері Ібілістің пенделермен кіндігі жабысып қалған көрінеді. Ал, есектің әліге дейін - ақыратыны, өткелде суға сиетін жаман әдеті - осы оқиғадан қалған екен деседі.
Бірақ Қарқынбектің қара есегінің қазіргі ақырысы шайтан көргеннен көргенділеу естілді. "Кеше ғана тәуелсіздік алдың, түңіле берме, қазақтар! Әй, Адамдар! Бүкіл төрт аяқтыны еркіне жіберіңдер! Алдымен бізді арбадан босатыңдаршы, біз де тәуелсіздік алып көрейік бір" деп ақырып жатқандай. Ауыл-үйдің айтуынша, бұл ауылда төрт аяқтыда Қарекеңнің қара есегінен есті мал жоқ. Жазатайым, өрісте жатып қалып, айдалаға лаққан талай қозы-лақты осы есекпен қуалап жүріп ұстаған. Ат жете алмаған қараға қара есек жетеді. Тек, темір қазықпен иығынан шұқылап отырсаңыз болғаны, ұшқан құс, жүгірген аңды құтқармайды дейді.
Ибіш айы-күні жақындап отырса да, итсигекті сарайға кіргізіп тастап, самаурынға шай қойып жатқан. Ала таңнан тынбай тырбаңдап жүрген Ибішке Сөкіш иіп кетті. "Ит тұрмайтын жерде тұрақтап, бала туған, жаным. Күндіз-түні салпақтап, дара туған, жаным! Көмектесуім керек қой саған, көмектесуім керек. Адам тонасам да... Кешке дейін тумай тұра тұршы, қаладағы роддомға апарам..." Аяулысына жаны ашып, аяп кетті. "Тірі тұрсам..."
Көп өтпей, көше жақтан дабырлаған дауыс аралас, тәңкідей парылдаған матсекелдің арылы естілді. "Ыры-ы-ың, ыры-ы-ың" дегізіп өшірмеген күйі:
- Сөкіш! - деді дабырлақтардың бірі. Сөкіштің орнына Ибіш жауап берді:
- Не, не-е-е?!! Сөкіш өліп қалған! Ішім, ойбай, ішім...
"Иттей қинаған итсигек ит өмір-ай" - деп ойлады Сөкіш: - "Кісі тонағаннан басқа не қалды?.."
Келген қулар - Шартық, Тайтан, Тірсектер екен. Үлкенді-кішілі - аралары үш-төрт жас үшеуі Сөкіштің "құтылас" достары. Азаннан бері осы үшеуін күтіп жүрген Сөкіш те сарай жақтан келе қалды:
- Тә-ә-әк, былай, жігіттер. Жақсы келдіңдер, негізі. Бір жерге барамыз қазір! Үшеуі қосарлана:
- Қоя тұрш... Бас жазып алайық та...
- Бірбәлең бар ма?
- Менде іспірт бар...
Сөкіш Шартықтардың сөзіне қонақ бермей, көки берді:
- Бастарыңның әтәснәлет! Ондай істемейтін басты итке лақтыра салу керек! Бүйтіп жүре берсек, арам қатамыз. Менде бір "гитлерскій пылан" бар! "Міниматінні" тыңдаңдар! Жүре ақылдасамыз. Күн көтерілмей жолға жетіп алуымыз керек. Кеттік!
- Қайда?!!
- Дәу "тырассыға"! "Әспәльтқа" да... Москва-Пекин! "Әлімпискіи карта, қытайскіи фокус! Ешкі баққандікі, Ақша тапқандікі"! Оталдыр матсекелді!
- Итермесең оталмайды...
"Иә-ә-ә, итермесең оталмайды, ұрламасаң қарын тоймайды. "Жыламаған балаға емшек жоқ" деп іштей ширыққан Сөкіш өзіне-өзі "нар тәуекел, бару керек!" деп шешті. Төртеуі шұғыл кеңес құрып, үй айнала күбірлесіп алды.
Ел егемендік алғалы, аядай ауылдағы үш аяқтыдан жүріп тұрған жалғыз-жарым матсекел осы. Итеріп оталдырып алып, итжеккенге кете беруге болады. Түтіндігі түбінен жоқ, оны мотордан өңешімен қоса суырып алып, темірге өткізіп жіберген. Тіркемесі - тақтайдан, орындығы - ашамайдан. Ауылдың өнертапқыштары тіркемесіне арбаның темір доңғалағын салып қойған. Сөкіш білгіштің айтуынша, осы күйінде Эрмитажға апарса, "тайқазаннан да құнды экспонат екен" деп көзіне сүртіп тұрып алатын көрінеді. Қазіргі қалпында, ауылда экспонат емес зат жоқ. Бүкіл ауыл - бір музей.
Тәуелсіз ауылдың тәуекелшіл төрт тарланы жүз грамнан тартып алып, арттарын үш аяқты УРАЛ-ға артып алып, "қанды басың бері тарт" деп күре жолға тартты. Ауылдан шыға бере бір ит итсигекке "игілік" жіберіп тұр екен: "бізге сәт сапар тілегені ғой" деп қуанды Сөкіш. "Тәңірім жарылқасын" дегендей, бұл да итке бір аяғын көтеріп қойды. Аяқтар алғыс алмасып үлгерем дегенше, доңғалақтар тас жолға да жетіп қалған. Зәр шаптырым жер матсекелге не тұрады.
Қолдарында - оғы жоқ 16-калибрлі аңшы мылтығы. Жартыбастар жарты сағат өтер-өтпес, өңешінен көк түтін будақтай өкіріп келе жатқан, өкіртіп жүк басқан бір КАМАЗ-ды тоқтатты. Кәбіңкеден көкірегін түк басқан біреудің астаудай басы көрінді. Бұлар кинодан көргендері бойынша, мылтықты кезеніп тұрып, "бар ақшаңды шығар, әйтпесе атып тастаймыз!" деп қоқан-лоққы жасады. Айтуын айтса да, Сөкіш "осыны айтқан шынымен біз бе" дегендей делқұлы күй кешті. Ойын жинақтай алар емес. Шопыр шойындай қара қазақ екен, "қазір" деді де, кәбіңкеге кіріп кетті. Сөкіштер сенімсіздеу күтіп тұрған. Бір кезде нойыс шопыр Калашников автоматын алып, мәшинеден қарғып түсті де, "таста мылтықты, ёптиамайттың балдары!" деп айқай салды. Мылтықты тастай сап, өздерінен өздері, немістер құсап қолдарын көтеріп, дірілдеп бұлар тұр. "Шешініңдер!" деді. Шешінді. "Түрсилеріңді де шешіңдер!" Оны да шешті. Сөйтті де киімдерін бір жерге жинатып, от қойып өртеп жіберді. Сосын... "Сукинсиннің балдары, "просты" қазақ боп тұрсыңдар. Әйтпесе, сендерді де өртеп жіберер ем, "сыболыш"! Құрыңдар енді!" деп КАМАЗ-ына мініп тайып тұрды.
КАМАЗ кеткесін барып төрт тентек бір-біріне қарады. Жапшы "анауыңды" деп ұялысып, бір жағы тірі қалғандарына қуанысып, ыржыңдасып жатты байғұстар. Күре жолдан ары-бері өткен мәшинелер бұларды мазақтап, ойбайлатып "сигнал" беріп өтеді. Бұндай кезде футболдағы қақпа алдына - "стенкаға" тұрған ойыншылардай, бірін-бірі тасалап, теріс қарап тұра қалады. Қорқыныштары сейіліп, қалған-құтқан ұяттары оянайын деді. Тыржалаңаш қашанғы тұра берсін, тығылатын таса іздей бастады. 50 метрдей жерде көпір бар еді, соған барып бас сауғалады. Күн әлі ертелеу, түс те болмаған. Кешке дейін әлі қайдә-ә-ә... Жалғыз сенгендері УРАЛ матсекел ғана. Өзектері талып, шөл қыса бастады.
Әп сәтте кебінсіз көрге кіргендей боп, тыржалаңаш төрт "банды" көпірдің астында отырды. Кешке дейін аштан-аш отыра алмайтындары да паш болды. Сөкіш:
- Маладес братан екен! Өлтіріп кеткенде қайтер ек, иә, - деді езу тартып. Үшеуі қостай кетті:
- Иә, иә!
- Мен де ырза боп отырмын.
- Ім-м-м... Бір құдай қақты бізді...
Сужұқпастар сөз еместі сөз етіп, сөйлескен боп біраз бүгежектеді. Ақылмен емес, асқазанмен ойланып отырған секілді бәрі. Аздан соң, нан десе нар түйесін түсіп беруге бар Шартық:
- Не істейміз, ауылға қайтайық та, - деп алыстан орағытты. Қара суды нәр қылып, салып-ұрып жүре беретін Тірсек:
- Мына түрімізбен ауылға?!! Уа-ха-ха, жынданайын деген шығарсың сен, Шартық, - деп, бір жерлерін жапқансыды. Ынжық жеген қатындай қатып қалған Тайтанда үн жоқ. Әрқайсысының аузына бір қарайды. Көзінде "Сөкіштерге неге ердім" дегендей өкініш бар.
Тағы біраздан соң тіпті мазалары қашты. Ақырында, төртеуі дауласа келе, шаңқай түсте ауылға қайтатын боп келісті. Онда да Сөкіш:
- Тура бармай, орағытып, қара жолмен ауылдың сыртымен барайық, - десе, Тірсек:
- Матсекелде бензин аз, - деп қауіп қылды.
- Олай болса, - деді Шартық, - не де болса тура тарту керек!Ішегім шұрылдап өліп барам... Оталдыр матсекелді! Тәуекел!!!
Талтайған талтүс. Матсекелді қуалап оталдырып, жүгіріп-секіріп мінгескен төрт әпенді ауылды бетке алды. Үрөлде - Тірсек. Жәйімен, төңіректі жүні жұлынған қыран бүркітше барлап, екінші жылдамдықпен келеді. Күн қыза түсіп, дене мүшелерін үлкейткіштің лупасындай күйдіре бастады. Ауылдың ортасында тас төселген қубас жалғыз жол бар-тұғын. Ойлары - сол жолмен ауылды қақ жарып, ары өтіп кету. "Түс мезгілінде адам аз болар" деген жорамал ғой бұлардікі. Сосын ауылдың арғы шетіндегі сайды сағалап барып, мұрынбоқ Тайтақтың үйіне жету. Кластас ит қой. Оған жетсе арам өлместерін анық сезеді.
Жол бойының жусаны мен шағыры бұларды қызықтағандай, бірінің иығынан бірі сығалап, таласа-тармаса бастарын жылтыңдатады. Ыстыққа ығып, бір тұрып, бір бұғып, бұлдыраған ауыл үйлері анық көріне бастады. Бұлт біткен бетін басып, бет-бетімен безіп кеткен. Ай да алыс аспанда көздерін тарс жұмып, теріс қарап жатыр. Жаратқанның алып көзілдірігіндей, тек Күн ғана тастөбеден тесіле шақшияды.
Әпенділер, ә дегенше, тырылдап ауылдың шетіне де кеп қалды. Қотыр-шотыр пәс жолмен сәл жүрді де жетім тас жолға түсті. Тірсектерге, өздерінше, көз ілеспес жылдамдықпен шайтандай зулап өте шықса, тірі жан көріп үлгере алмастай көрінген. Тайтандар мен "шайтандар" тыпырши бастады...
- Төртке сал!
- Бе-е-ер газды...
- Ешкім танып қоймасын, беттеріңді жабыңдар!
- К...ттеріңді де...
Тірсек жылдамдықты төртке тықты да, әкесін танытып тұрып, газды түбіне дейін берді дейсің. Тіркемедегі темір доңғалақ от шашып, үстерін түтін аралас шоқ басып, даңғырлатып-қаңғырлатып, шайтан қуғандай, ұшып келеді. Тас жолдың таңғажайып отарбасы дерсің! Бұларды көрген бірлі-жарым адам қол бұлғаған бойы, сым тартқан бағанадай, бұлғаңдап қап кетіп жатыр. Орашалақ ойларынша: "жын ұрған жылдамдықта бұларды кім танысын?!!" Тас жолдың ортасында бір шұқанақ бар еді. Жайшылықта жайымен, мәнерлеп айналып өтетін шұқанақ қой. Ал қазір мәнерлеуге уақыт жоқ, Тірсек түлей газ қайтармаған күйі, матсекелді салды да жіберді. Бір тоңқып өте шықты. "Уhі..." деді төртеуі. Бірақ жылдамдық баяулай берді, матсекел өшіп қапты. Ауылдың шетіне дейін біраз жер бар. Қуаттағыштың сымы тимей қалғанын сезсе де, аялдауға бір секунд уақыт жоқ. Үні өшіп, өз екпінімен келе жатқан арам қатқыр матсекелді табанда тоқтатты. УРАЛ қалды жайына. "Дабай, қаштық!" деді де, Тірсек тірсегі сыртылдап тұра қашты...
- Қаштық, қаштық!
- Жай жүгірсей, е...
- Кетші-ей, шешең...
Безіп келеді. УРАЛ-дан да қатты келеді-ау. Бет те қалды жайына, к...т те қалды жайына. Шәуілдей үріп бір-екі ит ілесті. Бір озып, бір қалып, жалаңаш көкпар қуғандай, жанай шауып келеді. Тыржалаңаш ұсқындарын мазақтап, құйрықтарын бұлғаңдатып, күліп үріп келе жатқан сияқты. Сөкіштерде аялдайтын сәт те жоқ, ұялатын бет те жоқ, ат тұяғының дігі-дігіндей, шаптарын шапаттаған біркелкі дыбыс сартылдап, жұлдыздай ағып келеді. Осы күйінде әлем чемпионатына салып жіберсе, екі аяқтыдан ешкім ілесе алмай, "Гиннестің рекордтар кітабына" кірер ме еді...
Өстіп келе жатқанда Сөкіштің арқасынан бірбәле сарт етті. Ұшып кете жаздап барып, әзер тіктеліп қараса, Қаркынбек қарт. Төртеуін қамшының астына алып сабап жүр. Астында - қарайған көрсе, жеткенше тоқтамайтын дәу қара ешек! Қарқынбектің даусы қатты шықты:
- Өһі, әкеңнің ауызы... паразит пәшистер! Хэндэ хоқ!
Сөйтсе-е-е, ауылдың шетіне кіргенде-ақ, бұ жарықтықтарды көріп қойған екен ғой бүкіл жұрт. "Ойбай, анау төртеуі жынданыпты... Матсекелмен тыржалаңаш ауылды шыркөбелек айналып жүр екен... Наша шегіп апты... Матсекелді оталдырмай-ақ айдап жүре береді екен...(бұл матсекел өшіп қап, өз екпінімен зырғып бара жатқанын көріп қалған қазақтардың сөзі) Өйтіпті де, бүйтіпті..." деп бүкіл ауыл таң-тамаша қалысты. Тамашаның келесі бөлімін Сөкіштер қыздырып жатты. Әсіресе, Қарекеңнің қыбы қанып қалды-ау, Сөкіштерді сөйлеп сабап жүр:
- Қатындарың туады, кіндігін мен кесем, ә, иттің балдары!
- Ойбай, көке, қойдық! - деп шыңғырады төртеуі. Қаны қарайған Қарқынбек қарт қозы қуатын әдісімен қара есектің иығын шұқып қалып еді, қарқындап алған әңгі құлағын жымқырып кеп, көзіне қазақы қой елестеген күйі, Шартықтың май құйрығынан арандай аузын салды дейсің...
- Апа-а-а...
- Бәлә-ә-ә...
Ауыл адамдары да бөрі көргендей, "астапыраллалап" тұс-тұстан аттандай бастаған. Төрт түлей қашып барып, сай жақтағы кластас иттері - мұрынбоқ Тайтақтікіне жетіп жығылды. "Тайтақ, Тайтақжан!" деп далбақтағанмен, тірі жан тырс етпей, өздері мұрынбоқ боп қалды: Тайтақ түгіл, тасбақа да жоқ. Содан, масқара боп, мал қорасына тығылды. Қорада жүнін қырыққан жалаңаш ата қошқар тұрған; алғашында тыржалаңаш төрт албастыдан секем алып, шегіншектеп бара жатқандай сезілген... Жоқ... сүзуге дайындалған шегініс екен. Бір секіріп, Тірсекке қарай арқардай қарғыды. Тірсектің соңғы көргені - өзіне қарай теңселіп келе жатқан, қошқардың арбадай мүйізі болды... Әрі қарай білмейді... Қалған үшеуі жарқанаттай қабырғаға жабысты. Сол сәт Қарқынбек қарт қораны сыртынан жапты да тастады: "Пять суток арест!" "Ойбай-й-й, өлдім, апа... аа-а-а... қойдым, көкелеген..." айқайлар қошқардың тарс-тұрс сүзгілеген мүйіз-дыбысымен мидай араласып, бүкіл әлем тоңқалаң асқандай болды...
Жалаңаяқ, жалаңбас түн. КАМАЗ-дан да, Қарқынбектен де, қошқардан да аман қалған төртеу бірін-бірі сүйемелдеп, үйлеріне бет бұрған. Тайқы маңлайына қайқы мүйіз біткенін Тірсек сипап сезді. Шойнаңдай басқан Шартықтың да арт жағында артық бірбәле томпаяды. Сөкіш пен Тайтан екеуі, маймаң-маймаң етеді... Түн жамылған кемтар төртеу - жалаңаш халге бойұсынғандай бейқам келеді. Бақшасының аяғынан бұқпалап, "шықпа, жаным, шықпалап", өз үйіне өзі ұрлана келген Сөкіш терезені тықырлатты.
- Кім-әй?
- Құдайы қонақпыз... Ибіш жаным, есікті ашшы...
- "Жаным" деген жаның шыққыр-ау, тірісің бе? Не қарабасты, ашық тұрған есікті аша алмай?
Сөкіш есі ауысқандай, ішке ашылатын есікті сыртқа қарай тартып тұрғанын өзі де байқамады. Құлағына іңгалаған дауыс алыстан талып жетіп, көзі қарауытып құлап бара жатты... Түсінде көрген гитарашы иттер мен итсигектер, өлеусіреген елес беріп, арасында тыржалаңаш шаптырып тұрған балақай күлгендей болды ма, бірдеңе...
Түн-көрпесін тас бүркенген "Жылысу" ауылы тас меңіреу ұйқыға кеткен. Барымтаның қарымтасына бала берді құдай ауылға. Жалаңаш бала, жалаңаш әке, жалаңаштанған шала мас адамдар, жалаңаш қалған тастанды ауыл... Жалаңаштарға жалаң өш шал... Кіл жалаңаштарды - ит, итақай, итсигегімен қоса құшағына алған жалаңаш түн. Жалаңаш жаз түнінің тымырсық ауасы - тынысы тарылған аспанды да тырдай жалаңаш шешіндіріп тастаған...
Ердос ҚОНЫС