Интернат наны
блог
Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесінде автор атынан оқушылардың интернатта өткен күндері баяндалады. Көбінде басты кейіпкер Әлтай деген баланың нанды көп жинап жеу үшін жасаған айлалары, балалардың интернат күнгі естеліктері, балалық қылықтары айтылады.
Келесі әңгіме «Қасқырдың тарамысы» да интернаттағы кездер желісінен. Оның ішінде де бұзық кейіпкер-Әлтай. Бірақ, неге «Қасқырдың тарамысы» (тірсегі) аталды десеңіз, бұл атаудың шығуы тарамысты күйдіріп, өтірік айтқан адамды табу әдісімен байланысты. Осыған қатысты қосымша ақпарат келтірсем:
Қойшылар қасқыр малға шауып қоймаса, бөлтірігін ұстап алып, бір тірсегін қиып жіберетін болған. Бір жағынан өлтіруге обалсынса, екінші жағынан енесінің кегінен сақтану үшін. Есейгенде ол қасқыр қатты жүгіре алмай, малға шаба алмайды екен. Киесі ұрады немесе обалы қатты деп бұл әдісті қазақ көп пайдаланбаған.
Мал қолды болғанда қасқырдың тарамысына дем салып, дұғалап күйдіретін болған. Ұрының да тарамысы тартылып, құрысады деген сенім қалыптасқан. Бірақ бұның алдында, белгілі уақыт ішінде ұрланған малды қайтармаса «тарамыс күйдіретінін» айтып, елге жар салады. Кемтар болып қалғысы келмеген ұры малды өзі әкеліп беретін болған.
(ақпарат алынған сілтеме: https://informburo.kz/kaz/asyr-toryan-auyl-asyr-turaly-yrym-tanymdar.html)
Шерхан Мұртаза атамыздың әңгімелері қысқаша болғаныменен, мазмұн жағынан ойланатыны көп, терең мағыналы.
Кітаптың ішіндегі қалған әңгімелерді, мазмұн жақындығы бойынша өзімше бірнеше бөлікке жіктеп, қысқаша айтсам.
Арақтың адамға тигізер зиянын тізбектемесе де көбіне мәлім. Бұл туралы «Соңғы нәсіп» әңгімесінде баяндалады. Тіпті, бұл оқиға өрісімен әлеуметтік бейнеклип түсірсе де болады. Эдгар Поның «Қара мысық» оқиғасынан кем емес.
«Жазғы демалыс» шығармасында Жоламан деген азаматтың Аязбай атты құрдасына бауырмалдық, кешірімділігі және ойда кек ұстамай, көңілдің жібек мата секілді өкпе-ренішті тез ұмытудың маңыздылығы көрсетіледі. «Аманат», «Алтын тікен» әңгімелерін де осы мазмұнды топқа жатқызса болады.
Келесі тізімдегілерді соғыс жылдары болған не сол жылдарға шамалас кездерге келеді. Олар : «Бойтұмар», «Сол бір күз», «41-жылғы келіншек».
Соғыста жүрген баласының жазған хатын бойтұмарында сақтаған қарт, соғыста жүрген ағасына жаңа аяқкиім әкелуін өтінген бала, Мақсұтты күткен Хадишаның өмірлері қалай өтіп жатқаны қызық болса, осы оқиғалардан оқып білуге болады.
«Бірақ өлгендердің көзінен еш уақытта жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер еш уақытта есіте алмайды.» (41-жылғы келіншек)
«Бір нәзік сәуле», «Тілсіз қоңырау» және «Ақсай мен Көксай» шығармаларда шамшырақсыз қалған ата-ана өкініш-назы туралы оқиғалар. Бәрі бірдей қайғылы емес, жүзге күлкі келтіретін жерлері бар. Тек араларында өзгешесі , көлемі жағынан да ұзақтауы - «Ақсай мен Көксай». Бұл жерде, Ақсай мен Көксай жерлерінде қалған туысқан қазақ-қырғыз отбасылар қарым-қатынасы баяндалады.
«Тұйық шарбақ», «Жүз жылдық жара» табиғатқа тигізген зияндығыңнан келер зауалды көрсетеді. Қазақ халқы ертеден табиғатты, төрт түлік жануарды құрметтеген. Малды басынан ұрма, тебуге болмайды деген тыйым сөздер көбіне таныс. Бірақ қоғамда бұл сөздерге құлақ аспай, өз басына қарғыс тілеп алатындары бар. Бұл әңгімелерді көпшілік қауым оқып, сабақ түйсе.
«- Кеш, кеше гөр, - деп жалбарынды.
- Жайрағыр, жай түсіп, жайрасаңшы! Сен жайрасаң, менің де демім таусылып, жаным жай табар еді, - деп зарлайды дейді.
Бірақ екеуі де ұзақ жасап келеді. Алдарында әлі қанша жарық сәуле бар, ешкім болжай алмайды.» (Жүз жылдық жара)
(сурет түсірген өзім)