«Хамелеон»

-         Алло?

-         Сәлеметсіз бе! Бүгін жұмысқа шыға аласыз ба?

-         Түстен кейін кітапханаға баратын едім... – дей бергенде, ойыма қалтамда қалған соңғы екі мың теңге түсіп, амалсыздан келістім.

 

***

 

     Сұрықсыз кафенің ауасы демді тарылтып, көңілге әлдебір үрей ұялатады. Көк базардың дәл ортасында орналасқандықтан құмырсқаша үймелеген қара халық ізің суытқан емес.Азын-аулақ тиынға бүйтіп көндіге қалуым да қиынға соқты. Бірақ, сабырыма сүйеніп, ыдыс жуатын жерге қарай адымдай бердім.

Темір раковина астынан ызғырық жел үп дегенде тіземе суық бірден сезілді.

Міне, бүгін тағы да түн жарымына дейін көпірік сумен арпалысып шығамыз. Алжапқышымды беліме байлап, жеңімді түрдім. Асхананың ыс ауасы шашымды  бүлдіре ме деп бұрымымды орамалға түйіп , сырт көзден жасыра байладым. Апамның кірпияздығы да маған жұққан болар, тарыдай қоқым мен кірді бойыма жуытқым келмейді. Өзі салған гүл кестесін жаулығына тігіп,ыңылдап отырған апам көз алдыма келе қалды. Жә, босаңси бергенді қой деп ішімнен қатайып алдым.

 

     Ыдыс шаюшы серігім ауырып қалғандықтан жаныма орта жастағы орыс әйел келді. Көзілдірігінің қалыңдығынан жанары солған өріктің жемісіндей өлі. Бойы сырықтай арық әйелден тер мен ащы иіс бұрқ ете қалды. Тырнағының астында қарайып тұрған кірді көріп, ішімнен «Мына әйел ауыр жұмыстан өзіне қарауды қойған-ау» деп қоямын. Дойльдің шығармаларындағы Шерлок Холмстың дедукциясын қолдансам қалай ? Ішімнен мырс еттім.

 

-         Здравствуй,- деп мұрын астынан міңгірлей амандасты. Үнсіз басымды изей салдым.

 

     Жұмыс басталып, ас-үйде қарбаласа жүгірістер жиілеп кетті. Ыстық бу мен езіле піскен қырықабат иісі араласып қолқанды жарады.  Одан арғы жақта көз жасын ағызып жіберер ащы пияз бен сарымсақ туралып жатыр. Ту сыртымда бір қап картопты өзі жалғыз аршып отырған жас өсіпірім қыздың жөтелі жиі естіледі.Сырты қайнай-қайнай ысталып, майы қара күйе боп жабысқан қазандағы сорпа қыздың үстіне төгіліп кете ме деп алаңдап қарап қоямын. Қолына ұстаған пышағы нәзік білегін майыстырып жіберердей. Жанарынан жастыққа тән тазалық пен балғындық сезіледі. Бұндай әдеміліктің күйелеш жұмыста отырғанын көріп, шын жүрегіммен аяп кеттім.

Шытырлап жатқан маймен қатарласа дауыстаған аспазшы әйел:

-         Девушка,протрите вот здесь ,- деп аяғынын астына нұсқап қояды. Еденді сүртіп жатып тығыршықтай балтырының базарда ілінген шұжықтан айна-қатесіз көшірмесі ме деп қалдым. Иегі мен тамағы тұтасқан әйелдің желөкпелігі ұстап шыңғырған торайларша көңілдене бір әңгімелер айтып, өзі соған мәз болатын.

     Ыдыс жуып жатып, серігіме қарап қоямын. Үстіндегі жасыл күртесінің өңі кетіп, бір-екі жерінен сөгітіле бастапты. Тізеден төмен  түскен  қара белдемшесі де тозуға айналған. Талай рет жуылып, үтіктелгені көрініп тұр. Өзімен бірге алып келген резина аяқ киімі де әбден ескірген. Табиғи түсі көріне бастаған қоңырқай шашы қобырап, тарауға келмейтін халде. Түуф, бұлай да құлдырауға болады ма? Түріңе өзінше ажар беремін деген опасы да ебедейсіз жағылған. Кірпігіндегі сүрмесі ыстық ауа әсерінен көзінің астына жағыла лайланып, жапон фильмдеріндегі қорқынышты кейіпкерлерді есіме түсірді. Ыдысты бар ынтасымен ысқылап, шайып жатып бояу жаққан ерінің бір жалап қойды. Қызғылт түс ерін сызығынан ары асып, өңің одан сайын бұзып жіберді.

 

Бұған дейін кім болды екен?

 

      Бұрынғы интеллигент өкілі-ау, шамасы. Тағдыр тосқан өмірлік қиындықтар әсерінен үгітіліп кеткен болар. Әлде, туғанынан ата-анасынын қанатының астында болып, тойымсыз күй кешіп, олар өмірден өткеннен кейін шарасыз қалып, адасқан біреу шығар.

 Қиялыма ерік беріп, серігімді ең жағымсыз деген кейіпкер қылып, бұрын-соңды көрген фильм мен кітаптардғы мүсәпір әрі арамза, жиіркенішті етіп бейнелеуге тырысып бақтым.Сол сәттегі  ойымның ұшқырлығын жарық жылдамдығымен салыстыруға болар еді.

 

     ...Бір күндік сапырылыстан соң ақысын алғандар үйді-үйлеріне тарап жатты. Кафе алдына шығып, қалтамды сипай беріп ем, бос екенін байқадым. Жүрегім зу ете қалды. Сегіз сағаттық еңбегімнің зая кеткеніне ішім удай ашып, кімге барып, нені айтарымды білмей қалдым. Қалтама салғанымды анық білемін. Әлгі әйел байқаусызда қағып түсірді-ау деген сумақай ой келіп қалды. Енді қайттім?!

 

Дәліз бен ас үйді бір сүзіп, көңілсіз күйде шығып бара жатқанымда артымнан :

-         Подождите, девушка! - деген ыдыс шаюшы серігімнің даусы шықты. Жалт бұрылып қарасам, аяғын тезірек басып, маған жетуге асығып келе жатыр екен. Жақындай бере қолыма:

-         Вы это уронили,- деп жоғалтқан ақшамды қыстырды.

Ойыма оны өзімше өлшеп-пішкен қиялилығым оралып, ұялғанымнан:

-         Спасибо большое, - деп дереу есік жаққа қызара бет алдым.

 

   Күн әлдеқашан ұясына батқан. Көшедегі адамдар саябырлап, бірлі-жарымды жүргіншілер де өтіп барады. Саф ауадан тынысым ашылып, шаршағаным басылған сияқты. Ұзын плащын сүйреткен ыдыс шаюшы серігім де жымия басын изеп, өтіп кетті.

    Алдымда қараңдаған бір топ жастар тұр екен. Күлкілері үй арасын жаңғыртып, түнгі тыныштықты сілкіп тастағандай. Сыра мен темекінің құбыжық иісі мұрныма келді. Өтіп бара жатып, қызыл шоқты құлшына жұтқан, асханадағы әлгі  нәзік бойжеткенді байқадым. Денеме суық жыландай еніп, бірте-бірте бүкіл бойды алған аяз тоңазытып, үйге қарай жетелей берді.

 

Бүйткен дедукцияң құрысын!

 



Бөлісу: