Ертегі
блог
Мерген қыз.
(Ертегі)
Ерте ерте ертеде, шалғынды жазық мекенде адамдар өмір сүріпті. Бұл мекенде өмір сүру тым қауіпті болған. Қасқыр, аю, жолбарыс секілді аңдар адамдарға жиі шабуыл жасап, жас пен кәрінің зәре-құтын алып бітеді. Ол аздай ұзындығы үш күндік жерге жететін алып жылан болған екен. Жылан жан-жағындағыны жалмап, адамдардың мекеніне күнен-күнге жақындап келе жатады. Жыланға қарсы тұрарлықтай қауқарлары жоғын білген жердегілер тірі қалудың жолында ойдан қырға, қырдан ойға көшумен болады. Адамдардың арасында көпті көрген, жасы мыңға тақаған қария болады.Қарияның көзі көрмейтін көр соқыр. Күндердің бір күнінде қария ауыл- аймағын шақырып, тақау арада көз жұматынын айтады. Сонымен бірге аса құпия сырымен бөліседі.
- Биік таудың құзар басында ақ түсті барыс мекендейді. Ол барыс жайдан
жай аң емес. Ол күндіз барыс болса, түнде көзінен от шашқан жауынгерге айналады. Егер кімде-кім сол ақ барысқа жетіп, жауынгерлік қабілетінен сабақ алып келсе елімізді аман алып қала алады. Тек естеріңде болсын оған жету оңай шаруа емес. Сендердей қылшылдаған жас кезімде мен де барып өз көзімнен айырылып қайттым. Көзімнің көрмейтіні сондықтан.
- Мен барамын.
- Мен де барайын- деп жүректі де білекті жігіттер бас көтереді.
Сен тұр мен атайын деген бес жігіт жолға дайындала бастайды. Араларында жалғыз қарындасынан басқа ешкімі жоқ Балуан жігіт болады. Балуанның жолға жиналғанын естіген қарындасы жауынгерлер отырған жасаққа жүгіріп келеді.
- Ағатай мені де ала кетші. Сен жоқ болсаң қалай жүремін бұл жерде. Қасыңда бірге жүрейінші –дейді
- Ол жерге қыз балаға бару өте қауіпті. Қарындасым сен елде қал !
Ары өтініп, бері өтініп көндіре алмаған қарындасы өз бетімен кетуді ұйғарады. Жасырын түрде ағасының соңынан ерген ол жолдың ауырлығына шыдай біледі. Жаңбырдың астында қалады. Дауылды желдің өтінде отырады. Терең-терең өзендерден жүзіп өтеді. Бірақ батыл қыз барлығына шыдай біледі. Соңдарынан қарындасы еріп келе жатқанын сезбеген Балуан жігіттің жасағы тауға жақындайды.
- Мына таудың биігін-ай. Қалай шығар екенбіз.
- Қаншама қашықтықты артқа тастап келдік. Енді шегінерге жол жоқ. Белді бекем буайық. Алға, қане!
Теп-тегіс тақтайдай болған тіп-тік таудың басына жету оңай емес. Келген бес жігіттің үшеуі жол ортада құлап мерт болады. Белдеріне арқан байлап, бірін-бірі сүйемелдеп, Балуан мен оның досы тау басына шығады. Қыз болса өз күшімен тауға өрмелеп, қолынын қанағанына да, тырнақтарының сөгілгеніне де қарамастан тауды еңсереді.
Тау басына шыққан екі жігіт демалып алайық деген оймен бір үлкен тастың қасына келіп, желдің өтінен тасаланады. Екеуі де әбден азып-тозып шаршағандары соншалықты бірден ұйқтап кетеді. Жарты күн ұйқтап оянған екеуінің алдында ақ барыс тұрады. Ырылдап айбат шегіп тұр екен. Көздерінен от шашып тұр . Балуанның есіне қарияның айтқан сөзі түсті. Қария бұларға «Егер ақ барысты жолықтырсаңдар көзіне тіке қарамаңдар, соқыр болып қаласыңдар» деген. Балуан көзін алып қаша бергені сол еді, жанарының жарқ ете түскені есінен таңдырады. Екі жігітті аяқтарынан тістеп алған ақ барыс қараңғы үңгірдегі өз ордасына алып кетеді. Болған жайды сыртынан бақылап тұрған қыз қатты қорқып қалады. Белдігіне байлап алған торсығындағы соңғы тамшы суын аузына тамызады. Жартасқа демалып отырған қызды сыртынан қарап тұрған көздің қадалысы жалт қаратады. Орнынан атып тұрған қыз алдынан ұзын бойлы, сымбатты жауынгер жігітті көреді. Жауынгердің мұнда қайдан пайда болғаны таң қалдырды.
- Армысыз ! Мен мұнда ағаларыммен келдім. Бірге емес соңдарынан қалмай еріп келдім. Сіз де осында ақ барысқа келдіңіз бе? Мен оны көрдім .
Жауап бермеген жауынгер ымдаған сыңай білдірді. Қыз болса сөздерін төпелетіп жатыр еді
- Ақ барысқа не себепті келдіңдер?-деді жауынгер.
- Біздің елді жыланның жалмауынан құтқару үшін ақ барысқа келдік. Ол бізге жауынгерлік қабілеттерін үйртесе деп.
- Ол жауынгерлікке үйретеді деп қайдан естідіңдер?
- Қариядан. Көзі көрмейтін қариямыз бар. Ол кісінің айтуы бойынша ақ барыстың қабілетін үйренген жан ғана әбжыланды жене алады .
- Қазір мен сенің көзіңді байлаймын. Сол байланған көзіңді мен рұқсат бергенше ашпайсың. Ашсаң мұнда бекер келгенің –деді жауынгер жігіт.
Қыздың келіспеске амалы болмады. Көзін байлап тастады. Қызды жетектеп келеді. Көзі көрмегенмен қараңғы, суық үңгірге кіргенін сезді. Бетіне әлде қайдан салқын леп есіп тұр.
- Мен сені мергендік пен шапшандық өнеріне үйрететін боламын. Егер де сол жолда көзіңді ашсаң еліңе қайтпайсың. Қандай жағдай болмасын көзің байлаулы болады деді.
- Жақсы. Мен келістім.
Күн мен түннің айырмасын білместен қыз барыстың тұрағында ұзақ болады. Шынығып, шалт қимылға үйренген қыз көзі байлаулы бола тұра межеге дөп тигізуді меңгеріп алады.
- Бүгінгі күн сенің соңғы күнің. Көзіңді ашып еліңе жіберемін. Әбжыланмен айқасқа шығар болсаң көкірегіңдегі көзді оят. Сонда дөп тиесің. Көзіңді жұмып, ойыңды тұрақта. Мынау менің саған сиым.Бұл Садақ! Сенің мергендігіңе ашылатын үлкен жол енді басталды – деп ақылын айтқан жауынгер қыздың көзін шешті.
Көптен жарықты көрмеген қыз абдырап, көзін жарыққа үйреткенше жауынгер ғайып болды. Сол мезет қыз таудың келесі қапталындағы шыңнан ақ барыстың сұлбасын аңғарғандай болды. Осы уақытқа дейін өзін баптаған сол екеніне енді көзі жеткен қыз жылап жібереді. Сыйлыққа алған садағын иығына асып, қияң шыңнан түседі. Таудың етегінде ағасы мен ағасының досын кезіктіреді. Екеуі де соқыр болып қалған екен. Екеуін ерткен қыз елге оралады. Құты қашқан ел әбжыланның құрығында екен. Әбжылан күніне бір адамнан алып, елді құрығында ұстап отырған жайы бар. Бұны көрген мерген қыз бірден әбжыланның өзіне тіке барады. Ысылдаған дауысынан құм көшіп, жел тұрады. Қыздың айналасы ақ түтек боранға айналады. Көзін тарс жұмған мерген қыз дыбыстардың алмасуы арқылы жыланмен айқасқа түсіп кетеді. Басын кекжиткен әбжыланға шірене тартқан садақ жебесі дөп тиіп жыланды мерт қылады. Әп-сәтте жел де басылып, тыныштық орнайды. Жыланның көзін құртқан қызды ел- жұрты мақтан етеді. Мерген қыздың ерлігі елден-елге тарапты. Елі болса тыныштықта, бай-қуатты өмір сүріпті.
Суретін салған: Суретші Қанат Жарас.
Камшат Әбілғазықызы