Дауыстар жаңғырады...

Бүгін Іңкəр сабақтан көңілсіз болып оралды. Өтпелі кезеңнің өкініші, ғашықтық дерті жанын жегідей жей береді. Ол бүгін ғана емес... Күнде солай келеді. Жүзінде күлкі, көзінде ұйқы жоқ. 

Сөмкесін жерге лақтырып тастап, айна алдына жайғасты. Біресе олай, біресе бұлай қарап:

- Сəния менен əдемі ме? - деді. - Неге ол мені ұнатпайды?.. Мұрным пұшық, ернім кішкентай ғана... Ол мені қайдан ұнатсын? - деп күрсінді. Жылағысы келді. Жылады... Айна алдында отырып, ұйықтап қалды. Солай күн де батты, түн де жетті. 

Түннің бір уағында оянды. Басын көтере беріп еді, алдынан тура өзін көрді. Шошып кетті. Шашы жаюлы, аппақ киім киген өзін көріп, өз шашын ұстап көріп жатты. Жинақы тұр екен. Киімі - сол мектеп формасы. Қатты қорықты. Орнынан атып тұрып, кері шегіне берді. 

- Кетпе, - деп қолын созып, сұлба оны өзіне шақырып жатты. Арбап жатқандай: - Кел, кел, - дейді. Қанша жүрексініп тұрса да, ол сұлбаның əрекетіне алданып еліріп бара жатты. 

- Не болды саған? - дейді бейне күлімдеп. - Қорықпа, біз мəңгі тыныш əлемге барамыз, жүр, - дейді. 

- Мен шаршадым... Бəрін ұмытқым келеді. Кеткім келеді, - деп Іңкəр есуастарша сөйлеп, жылай бастады. - Құтқарыңдаршы, - деді. Бұл оның қорқынышы емес, жан күйзелісі еді. Бəрінен баз кешіп, түңіліп кеткендей. Сұлбаға еріп кететін түрі бар. Айналасына қарауға мұршасы жоқ. Ештеңені ойлағысы келмейді. Аяқ астынан өзін жоғалтып алды. Бүкіл өмірін өзгенің қолына беріп қойып, бəрін тастап кеткісі келді. 

- Жүр, біз тыныштыққа барамыз. Ол жақ мəңгі тыныш! - деп бейне оған қолын созып келе жатты. 

- Аха, - деп Іңкəр елестің қолынан ұстап, айнаның арғы жағына аттанып кетті. Айнаның бергі жағында Іңкəр айнада пайда болған өзінің екінші бейнесіне қол бұлғап қана отыр. - Қош бол! - деді жəй ғана. Ал екінші бейне де оған ұзақ қол бұлғап, ақ киімді сұлбамен қол ұстасып кете барды. 

Ол тыныштықты сезінді. Тек тыныштық... Айналасында жан баласы жоқ. Басқа ештеңені сезбейді.

- Мен қайдамын? Қайдамын? - дейді айналасына қарап. Бос əлем... Ештеңе де, ешкім де жоқ. - Ей, қайдасың сен? - деп сол елесті іздей бастады. - Мені қайда əкелдің? 

- Мəңгі тыныштыққа, - деп бір дауыс шығып, айғайлай күледі. Бұл жауыздық күлкісі оның үрейін алды. Дауыстар жаңғырады...

- Неге күлесің? Мені үйіме қайтар!

- Сен енді ешқашан қайта алмайсың, қайтпайсың. Мəңгілікке осында жалғыз қаласың! Ха-ха-ха-ха!

Іңкəрдің адасқан жаны отырып жылай берді. Барынша айғайлап, өкіне, ашына жылады. - Неге? Неге? Үйге қайтқым келеді. Өз əлеміме қайтқым келеді. Сен алаяқсың! Арбаушысың, естимісің мені?... Неге үндемейсің? -оның  бұл өкінішін сөзбен айтып жеткізу қиын еді.

Айна алдында ес-түссіз отырған Іңкəрді көрген анасы көріп қатты қорықты. 

- Қызым, Іңкəр? - Іңкəр оянбады. Анасы қанша жұлқыласа да, оянар емес. Жансыз дене секілді былқ-сылқ етеді. - Іңкəр, Іңкəр! - деп анасының көзіне жас тығылды. 

Өзге əлемде қиналып отырған Іңкəрді біреу шақырып жатты. Анасы...

- Іңкəр, Іңкəр! - деді дауыс. 

- Апа, - деп Іңкəр жылаған үстіне жылай берді. - Апа, мені алып кетші. Өтінемін! Апа, құтқаршы мені... - Дауыстар жаңғырады...

Қорқыныш əлемінде жүрген Іңкəрді анасы əрең оятты. Іңкəр орнынан ұшып тұрып:

- Жоқ, бармаймын, бармаймын... Кет, кет, - деп айнаға қарап жындыларша сөйлеп жатты. 

- Іңкəр, қызым, не болды саған? - деп анасы қатты қорқып тұрды. - Астапыралла! 

- Қазір, апа. Мен келемін, - деп анасына күліп қарады. - Кет, бармаймын, - деп айнадағы өзіне ғана көрінген ақ сұлбаға тарақ, құмыра, бəрін-бəрін лақтыра берді. - Жек көрем сені, сұрықсыз. - Айнаны барынша паршалап, қиратты. 

- Сабырға кел, қызым, - деп анасы жылап жатты. Іңкəр есінен танып құлады. 

- Іңкəр, Іңкəр! - тағы да дауыстар жаңғырады. Ол өз əлеміне қайтқысы келеді. Бірақ, олай бола ма екен?! Жаны қатты қиналып жатыр. 

Аурухана. Төсегінен есін жинап тұрды да, жанына қойылған айнаға қарады да:

- Мен оралдым, - деді. Ол осы жолы өзінің бойынан бір сұлулықты байқады. Енді ғана өзіне сүйсініп, риза көңілмен айнаға қарады. Ал аурухана алдында оны бір бума қыр қызғалдақтарымен тартымды бозбала күтіп тұрған еді. Өзі сүйген, өзін сүйген бозбала...

- Іңкəр! - деп дауыстап шақырды. 

Дауыстар жаңғырады, ал өмірлер жаңғырмайды... Қайталанбайды...

                            Соңы!



Бөлісу: