БУВЕ НҮКТЕСІ

БУВЕ НҮКТЕСІ
жеке
блог

   «Сіз Мың бір түн ертегісін оқыдыңыз деп үміттенемін. Әрине, сіз менің айтып отырғандарыма ешқашан сенбессіз, бірақ мен дәл осы күндері сол ертегінің өзіне айналып кеткендеймін. Тыныштықта ұйықтай бергім келеді, оянудан қатты қорқамын. Ояна қалсам ғажайып әлемнің бәрі ғайып болады да тек менің бойымда сол сәттегі сезімдер ғана қалады, басқа ешнәрсе есіме түспейді.» бұл Сириялық Ая (Aya) есімді бойжеткеннің маған жазған хатынан еш өзгеріссіз алынды. Фейсбуктегі «Humans of New York» парақшасында жақында жарияланған Аяның оқиғасы туралы жазба бақырайған көздер мен тік қатқан ойларды төңкеріп тастады. Және мені де, сондықтан онлайн дос болып, мың бір түннің ертегілерін тыңдап қысылған уақыт үстінде отыра бердім.

  Оның құлағы жанұшыра шыңғырып шулаған адамдар мен күн сайын төбеден құлайтын тұрақты дүмпудің айқасқан дауыстарына әбден көніп алған. Анасы мен бір бауырының осындай шудың астында ғайып болғандарына біраз жылдар өткен, ал әкесі туралы тіпті ештеңе білмейді. Бірақ, «Құдайдың жолында кетті» деген миына сіңіп қалған тіркес әкесінің өлгенін білдірмейтіндігін түсінетін. Ол кішкентай лашықтың ішінде қойнына тығылып отырған қалған төрт бауырының өмірі үшін жанталасып жатты. Ол таң ата бәрі тыныштала бастағанда ұйқыға кетті.

1-Түс. goo.gl/MFGXQ9 Ол басқа жерде. Өзі білетін алты материктің ешқайсысына ұқсата алмады. Аяғының асты тастақты қоңырқай жер, артына қараса мұзды, қар басқан тік жартастар көрінеді, алдына қараса шексіз алып жатқан су, көз жетпейтін кеңістік. Әдетте көзінен басқа бүкіл жүзін жауып тұратын орамалы ашық қалғандықтан салқын, тап -таза ауаны емін- еркін жұтты. Алдына қарай адымдай бергенде алысырақ тұрған белгісіз бір жігітті көрді. Оның алдына сондай көрікті адам тұрды. Ол өзінің кір басқан, ескірген көйлегінен ыңғайсызданып алдыға қарай қозғала алмады.

  Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін.

2- Түс. goo.gl/MFGXQ9 Ол тағы басқа жерде. Енді оның үстіндегі көйлегі ақшылдау және жарасымды болатын. Ол алдыға қарай адымдады. Белгісіз келбетті тұлға да оған жақындай түсті. Ол қатты таңғалып тұрды. Жігіт оның көйлегінің жеңі қызыл боп тұрғанын көріп, ақырын ұстап ашты.  Оның жараланған шынтақ жағынан аққан қанның киіміне жабысып қалғанын байқады да, қайта жапты. Қыздың көздерінде жігіттің жанашырлық мейірімге толы жүзі сақталып қалды.

    Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Кеше түндегі шуда жаралап алған шынтағындағы қан қатып қалған, ауырсынбайды да. Түсінде осы жарасын көрген сияқты болады, бұлыңғыр ойлардан елестете алмады.

3- Түс. goo.gl/MFGXQ9 Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдына тұр. Күліп қарайды. Жігіт оның жүзінде жағылып қалған (түнде тамақ пісірген қырық жылдық қазанның) қара күйесін алақанымен сүртті.

      Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. Қанша тырыссада жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол түнді күтті. Сақтап қойған бар жақсы көйлегін киіп, бетіне бар бояуын жағып, әшекейлерін тағып төсекке жатты. Ұйықтап кетті.

4- Түс. goo.gl/MFGXQ9 Ол тағы басқа жерде. Ол тағы сол орынында жігіттің алдында тұр. Өзін әдеттегіден жақсы сезінеді. Жігіт оған ерекше ынтыға қарап тұрды да маңдайынан сүйді.

    Оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді. Тек белгісіз бір адам оны түсінде шақырып тұратынын білетін. . Қанша тырыссада жігіттің бейнесін елестете алмады. Ол оянуды қаламайды. Тіпті көздері мөлдіреп өзіне қарап отырған бауырларын тастап мәңгі ұйықтап қалғысы келетін сияқты күйінседе түн күзетіп балалардың амандығын қорғаштайды. Тек таң ата көзі ілінді.

5- Түс. https://goo.gl/MFGXQ9 Ол тағы басқа жерде. Ол тоңып қалған еді. Жігіт оны құшақтады.

Ол: Біз қайдамыз?

Жігіт: Буве аралы

Ол жігіттің айтқанын түсінбеседе жер бетіндегі барлық шудан алыс жатқан бұл жер ол үшін нағыз жәннат сияқты көрінді.

6-Түс. Ол басқа жерге келмеді.

7-Түс. Ол басқа жерде. Ол ықылықтай бастады.

Жігіт: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім» осылай қайтала, басылады.

Ол: «Біз ықылық екеуіміз суға бардық. Ықылық суда қалып қойды, мен қайтып келдім.»

    Ол жерге құлаған қатты жарылыстан шошып оянып кетті. Көзін ашқанда жайылып жатқан көңілсіз, жұпыны тіршлікке ызасы келді. Кеудесінде түсінен қалған сезімі бойын жылыта берді бірақ ешнәрсе есінде жоқ еді.