БІР ҒҰМЫРДЫҢ БАЯНЫ (әңгіме)
блог
Бұл әңгіменің авторлығы маған тиесілі емес. Ұлы жазушының момын хатшысындай ғана қызмет атқардым. Шығарманы дыбыс тілінен таңба тіліне аударушымын десем әділін айтқаным.
Мен өз үлкен әкемді де, нағашы атамды да көргем жоқ. Олардың көз алдында құлдыраңдап ойнау бағы бұйырмапты. Атам - көрші шал. Мұқым ауыл Атам дейтін. Азан шақырып қойған ныспысын өзі де ұмытып қалған шығар сол шақта...
Қойдың өрістен қайтатын уағында өзара даурығысқан топтан бөлек отырған қария жеке тұрған бозбаланы - мені қол бұлғап қасына шақырып алатын. Оюлы тақиясын басына одан сайын баса киіп, шақшасын алақанына әдемі сілкіп жататын жанына жеткенімде.
- Әй, бала, әңгіме тыңдайсың ба? - дейтін қулана жымиып. Сол «әй баласының» өзі «айналайындай» естілетін. - Қой алыста сияқты ғой.
Әншейінде күзгі аспанға ұқсап тұнжырап жүретін қарттың ерекше ықтиярлы болып кетуіне себепкер насыбай ма, жоқ әлде алда баяндайтын кезекті қызықты оқиғасы ма, әлі күнге нақты білмеймін. Мен де қалың көгалға ыңғайланып жайғасамын, жадыма мәлім бір ләззатты шақты күтіп, тыпырши түсемін.
- Алматыдағы ұлыма... пойызбен барғанымда бір жігітпен сапарлас болдым. Жол ұзақ, уақыт өтпейді... Бастан кешкенін айтты. «Туған әке-шеше жоқ, ағайынның қолында өстім,» - дейді.
Астына төрт бүктеп салған ескі кәстөмін қозғап қойып, маған алдын-ала бір жақсылап қарап алады.
Әңгімешіні ғұмыры көрмесем де, көз алдымдағы өзімнен өзге тірі жанға көрінбейтін полотнода купенің сол жақ тұстағы астыңғы орында малдас құрып отырған еңгезердей жігіт ағасының келбеті мен жанындағы төсекте шынтағын тірей басын көтере тыңдап жатқан қаңбақтай Атамның бейнесі пайда болады. Атам мен құлақ түріп отырған әңгімені жалғастырғанда, суретке жан бітіп, «үш «д» форматқа ауысады. Екеуінің қасында мен де отырамын.
- Туған әке-шеше жоқ, ағайынның қолында өстім, - деп баяу басталатыны есімде. - Сабақты жақсы оқыдым, бірақ. Техникумға түстім. Ол кезде техникумға оқуға түсу деген қиямет-қайым еді ғой. Еһ, жындылық емей немене!.. Екінші курста оқудан шығып қалдым. Шыққанда да, істі болып кете жаздап, абақтыдан қақты Құдай. Ее, жас шақта сегіз қырлы сері де болдық: техникум түгел танитын мені. Екі санды шапақтап жын-періге де ердік: күнде - мастық, күнде - төбелес. Қызға да қырғидай тидік. Хе-хее.
Осы кезде қарт та қозғалақтап қалады. Қос жанары күлімдеп, иегіндегі сақалы оның еркінен тыс бір-екі рет бұлғаң ете түсетіндей. Сірә, бәріне себепкер өзінің жігітшілік қылған дәурені болса керек.
- Есерлігімді септік етіп, ағайын малға салып қойды. Өкіметтің ұзын құрығынан құтқарған да - солар, өзімнің қолыма құрық ұстатып еркіме жіберген де - солар. Адам ешқашан азат болмайды екен ғой, негізі...
Ее, жылқы бағу үшін техникумның дипломының қажеті жоқ. Әуелі сақа, тісқаққан жылқышылар, одан кейін дүлей далаңыздың өзі үйретеді. Дала деген ұстаздың тәртібіне бағынбай шолжаңдау қайда!.. Көненің қазымыр хандары секілді «Қолын қол, бұтын бұт қылу» жазасын қолданады бірден! Ха-хаа!.. Кешіріңіз. Жынын алған бақсыдай болдық... Айтпақшы, әскерден де қалдыртқан, ее...
Тоқсаныншы жылдар еді. Совет өкіметі құлап, қазақтың өз тізгінін қолына алған уақыты. Өндіріс пен шаруашылық жекеге беріліп, мен де үйір жылқымды алдыма салып «бөлек» шыққанмын.
Өзім де «мынау деген» жылқышы болып алдым. Ехее. Ептеп-септеп мал жия бердім. Немере бауырларыма, нағашы жұртымның кішілеріне қарайласып тұрдым. Отызға тақағанымда бірсыпырасын сатып, көлік алдым. Судай жаңа ақ «Нива». Ол кезеңде үй арзан, Қарағандыдан көгершіннің ұясындай ғана «квартира» алдым. Екі бөлмелі. ...Оныңызға жете алмай тентіреп жүргендер аз емес, әйткенмен. ...Қарасаңыз, менде бәрі бар еді. Сонда да кепкен кәуектей қу басыма бірдеңе жетпей жүрді... Үй болуды мүлде ойлағам жоқ, мәселе онда емес еді...
Күз сайын бір жылқымды өткізіп, малды көмекшілеріме тапсырып, қала қайдасың деп тартып отырамын. Әй-дәйт деген! Қыдырамын-ай келіп! Жолдастар бас қосамыз. Салдыраған ішімді шишадағы сұйықтықпен толтырмақ боламын... Ее...
Ақшам да таусылады. Денсаулығым да титықтайды. Қайтадан құмырсқа күйбеңім, дөңгелектегі атжалман тірлігім басталады. Құла биенің құлындағаны, қасқа құлынның көз алдымда өсіп, түлегені де алданыш емес еді бұрынғыдай. Басқа малдылармен жарысқан бақталастық та қанды қыздырмады әуелгідей. Енді қоста жатқанымда да, үйірдің алған бағытын қарауға барғанымда да «ұрттап» жүретін болдым бірте-бірте. «Жұмыс уақытысында». Хе-хее.
Кейде... осы қалың малдан айырмам не деп мұңаятынмын. Бұлардың күйі менікінен жақсы. Ой жоқ, сана жоқ - рақат!
Шай ішесіз бе?
- Шай ішесіз бе? - деді қайталап.
Атам аузының суын сүрткендей, сақалын сипап:
- Ә, жоқ. Кейіндеу ішейік. Ее, соңсоң? «Ойға жиі батамын,» - дедің.
- Иәә...
Қалаға жылына бір барып тұрдым деп едім ғой. Салған бетте... сабылысқан өмірін тосырқадым. Әркім өз мүддесімен әлек, біріне-бірі сонша бөтен адамдарына жуысып кете қоймадым. Десек те, жапанның үскірігі тоңдырды ма, көптің қарасын ықтағым келді ме, бойым үйрене бастады. Әр балықтың өз суы болады деуші еді, жүзетін көлім осы ма деп қуандым. Бірақ жылқымды қимадым. Дүние, байлық ретінде емес... Көңіл шіркін бір орынды жай етпей, қаңбақтың күйін кештім. Өмір өтіп жатты.
Сөйтіп, бір күні қаланың асфальтында адымдап бара жатқанымда, қысқа көшелердің қиылысында ауылдағы әжелер кейіпті тәтейді көзім шалды. Екі қолында - екі себет азық-түлік. Мықшыңдағанын сөкет санадым.
- Пенсия түсті ме, апа? Беріңіз маған, апарысып жіберейін.
- Қай баласың? Кімнің баласысың? - деп бұрылды кәрия. Іш тарта сөйлейтіндер жер бетінен жойылып кетпепті екен!
Неге екенін, түрі таныс көрінді маған. Кеудемде бар ғой... бірдеңе... хе-хее... Бірер секунд қара-ап тұрды да:
- «Жүзі жылыдан түңілме» деген. Көтерсең - көтере ғой, айналайын, - деді.
«Мына қытымыр замандағы бейтаныстың қайырымдылығын жатырқағаны шығар - таңырқаған себебі,» - деп түйсем, ол кісі:
- Ее, жақын адамнан бөтен кісі артық, - деп күбірлеп келеді.
- Отыр, шай іш, шырағым, - деді пәтеріне кіргенімізде.
Басқа жаққа асығайын десем де, күтіп отырған еш жан жоқ. Қою күреңді сораптап, әңгіменің тиегін ағыттық.
- Залда жататын... немереңіз бе? Жас жігіттің бөлмесі сияқты.
- Жоғаа, кібәртійрәнт.
Мен жан-жағымды шолып, ол кісі мені зерттеп - екеуіміз біршама үнсіз отырдық.
- Шалым ерте қайтты. Жаман аурумен ауырып, ұзақ төсек тартып жатты. Жар дегенде жалғыз ұлымыз бар-тұғын, оны да Алла қасына алды. Осыдан үш жыл бұрын көшеде пышақтап...кетті. - Дауысы дірілдей бастап еді, іле-шала бойын жиып ала қойды. - Азғантай малды сатып, көшіп келдім. Бастапқыда ең кіші сіңлімдікінде тұрғам. Өздері - топты семійә. Осы кібәртійрәні алып берді... Басқа ағайын - жан-жақта.
Кәукілдесе кеткеніміз сенім артқанының белгісі шығар. Не жанына жамау іздеді ме екен?!
- Жазмыштан озмыш жоқ деген. Маңдайыма жазылғанға кәйтіп налимын. Көтеремін-дағы. Жұмыр басыңа түскен әр істің қайыры бар деуші еді шешем. Алланың... ақ таңынан күдер үзбеймін. Тәубә.
Жүзін жаулығының шетімен сүрте берді. Жарығының суалайын дегені ме, жоқ әлде кеудесінің іштей күрсінгені ме... Ғұмыр-суретші әжім мен ақ шаштың бояуын жағыпты-ақ. Қайғы бұлты үйірілсе, адамның аспаны осылай ашылмай өтеді екен ғой. Осы күні штангистеріңізді батырдай қылады. Соғысқа қатысып қайтқан жаужүрек аталарыңыздан даңқы асқақ бұл кісінің.
Оны-мұны қарекетіне сеп болып, кейуана ана-мына қол көмегімді жанама сылтауратып, ақыры елге екі-үш күннен кейін оралдым.
- Бала-шағаңның қызығын көр, шырағым! - деді үйдің табалдырығынан тысқа аттай бергенімде. - Бала-шағаңның қызығын көр!- Басқа үлкен кісілер сияқты: қуанса - батаға, кейісе қарғысқа жомарт болмайтын. Әр сөзін ойланып-толғанып айтатын адамның жан сөзі ме дедім. Жанұялық күйім есіме түсіп, жымидым.
Ол мезгіл сары күз-тұғын. Көктемде тағы бардым. Мені көргенде жаулығымен көзін сүрте берді. Әлдебір істі ермек етіп жатқанымда, аядай пәтер ішінде айналып-толғанып отыратын. Сосын қою күреңді сораптап, әңгіменің тиегін ағытамыз-ай! Бәлкім, қос мұңлық шер мен шеменнің тиегін ағыттық. Шаруаға кіріссем, шаршамаса екен деп, сыртқа шықсам, жаурамаса екен деп жүреді. Хе-хее. Күңірене отырып көргендерін баяндайтын. Дауысы ғой, өзі. Қартайғаннан ба, өмірінің суығы өткен бе, қайдан білейін.
Әй, бұрынғы ойсырап тұрғанның орны толғандай еді! Жылына екі рет - көктемде және күзде әншейін алып қалаға емес, қариянікіне барып қайтамын.
Өмір сусылдап жатты құмсағаттайын.
- Ақсақал, жалықсаңыз - айтыңыз. Аужеке?
- Ә, жоқ, балам! Үзе көрме.
- «... Өмір деген - жалығу мен сағыну, Жұмыр басты тауға-тасқа тағы ұру!» деген жол бар еді ғой бір өлеңде?!
...Иә, содан, бір жолы барсам, пәтерінің есігі жабық. Мен барып жүргелі тұңғыш рет. Аулада отырған орыстың кемпірлерінен сұраймын.
- Умерла она... Мы узнали тебя, когда ты входил в подъезд. Едва решились сказать, - дейді.
Ағайын-туыстары жаназасын шығарып, жерлепті-мыс... әкесінің аузы... бүйткен...
Уһ, ыстық болып кетті ғой мына купе... Зиратын көрмейінше сенбедім. Көктаста мұңая қарап тұр маған. Еңк-еңк етіп жыладым-ай келіп! Өгіздей өкірдім-ау!.. Мен танитын талай адам өмірден озды, бірақ өлімнің не екенін сол жолы ғана түсіндім.
Тәтем көктем мезгілінде қайтқан еді. Көпке дейін баз қалпыма келе алмай, меңіреу жүрдім...
Әңгімелеуші терезеден далаға қараған болып жүзін бұрып әкетеді. Атам төмендегі белгісіз бір нүктеге шұқшиып, мен Атамның әжімді бетіндегі әр қатпардан, әр қыртыстан көз алмай бірнеше секунд үнсіз отырамыз.
- Сол жылдың күзінде қаланың көшесінде басымнан мұғжизадай бір оқиға өтті. Ауылдан жаңа келген сәтім. Жолдастарыммен кездесу үшін кафеге бара жатқанмын. Кім біледі, әлі күнге көшеде жүрер ме едім. Бір бұрышта бүрісіп жатар ма едім...
Қызы-ық... Кәриямді тапқан қиылыста, иә, тура сол қиылыста әдеміше келіншек кетіп бара жатыр. Екі қолында - екі пакет зат. Мықшыңдағанын сөкет көрдім. Басқа ойым да болды ма... Ха-ха-хаа! Кешіріңіз, ақсақал.
(Ақсақалдың да сақалы бұлғаңдап, жымыңдап алады.)
Жанына тездете жетіп, көмегімді ұсындым. Ұсынғам жоқ, қолынан жұлып алғандай қылдым.
- Не істеп жатырсыз!? Айттым ғой,..
- Көмегім керек емес. Ұқтым. Көмегім өзіме керек бірінші... Бандитке ұқсаймын ба?! - дедім дауысымды жұмсартып, сенім ұялататын үнмен. Біршама уақыт қара-ап тұрды да:
- Жүзіңіз жылы сияқты. Қайдан білейін, - деді құрғақтау ғана.
Келіншек дегенім отырыңқырап қалған қыз екен. Хе-хее. Сіздің тұстағы жоғарыдағы орында жатқан - сол - әйелім. Мына жақтағы жоғарыдағы төсектегі - қызым. Алтыға толды өткен айда. Кенжем. Ерке өзі, үиий! Бір ұл, екі қызым бар. Тәубә!
Бағана сіз пойызға отырғанда ұйықтап жатқан бұлар. Талтүс болды, әлі...
- Жарайды, демалсын. Оятпа. Жол шаршатады ғой, - деді Атам, сағымдай бір нүктеге қадала қараған күйі, автоматты түрде қалтасынан әдемі ағаш шақшасын шығарып жатып. - Жылқыңды қайттің, балам?
- Ауқымды шаруашылығым бар. Фермермін қазір... Пысылдай берсін, біз шай ішіп алайық, ә? - деп, екі иығына екі кісі мінгендей, биік бойлы жігіт ағасы жас шамасына тән емес жеңілдікпен елпелектеп шай қамына кіріскен...
- Әй, қой таяп қалыпты қалыпты ғой, - дейді Атам, хикаясын аяқтай бере өріс жаққа көз тастап. Әңгімесі соңына жеткенде қайта баз қалпына - қатқыл кейпіне енетін. Мен манағы әсерден толық айыға алмай, әлі де уақыт өлшемдері пен кеңістіктердің метафизикалық өліарасында жүремін.
Иә, бұл - Атамның әңгімесі. Мен авторлығына таласпаймын. Ер жеткенде мәніне ұғынып, дыбыс тілінен таңба тіліне аударушы ғанамын. Ептеп дәмін келтіргенім болмаса... Хе-хее...
Бекзат АЛТЫНБЕК