Беймаза Бозторғай

Беймаза Бозторғай
жеке
блог

Бұл кітапты алғаш оныншы сыныпта Мөлдірден(сыныптасым) көргем. "Гүлбешекер, гүлбешекер" деп жүрген кезі әлі есімде. Ол кезде онша мән бермеген едім. Ал енді бұл кітапты оқу - 2020 жылдың қаңтарында бұйырды. Оған қоса, маған ұнайтын блогердің парақшасынан көргенім де түрткі болды.

Кітабынан бұрын Решат Нури Гүнтекиннің бұл кітабы бойынша түсірілген түрікше сериал көрермендер ықыласына ие болып үлгерді. Ал кітабы бірнеше тілдерге аударылып, «Фолиант» баспасы шығарған қазақша «Беймаза бозторғай» (Королек – птичка певчая) деген нұсқасы бар. «Чалыкушу» (Çalikusu) десе,  жастық жақ, балалық махаббатпен байланысты естеліктер ойға келеді.  Автордың бірден бір сезімге толы романының бірі деп те айта аламын.

Енді кітап туралы айтсам, мазмұны сол бітпейтін махаббат жыры болғанымен, кітап өте қызықты. Соңына дейін жеткеніңше назарыңды байлайды.  Басты кейіпкерлердің сезімдерін Ретт пен Скарлеттің (Унесенное ветром) арасындағы махаббатқа ұқсаттым. Неге десеңіз, кейіпкердің бірі екіншісіне сезімі бар екенін мойындай алмай, өштесіп жүретін тұсы ұқсастау болды. Менің ойымша, бұндай оқиғалар көбісі сүйіп қарайтын кәріс сериалдарының негізін құрады десек те қателеспейміз. Араларындағы ерекшелік: "Чалыкушудың" кейіпкері Фериде - Скарлетке қарағанда, жүрек мәселесінде аңғалдығы болар. Бірақ сол аңғалдық, ақ жүрегінің арқасында өмірдің жіберген сынақтарынан мойымай өтуінің себебі болды. Фериде мен Кемран махаббат баяны уақыт өте алшақтамай, керісінше, нығая түсетін сезім туралы романның үздік нұсқасы.  Оқысаңыз, көңіліңізден шығатыны сөзсіз.

Оқиғаның басты мәселесін қарасақ, көп кереғарлық адамдардың бір-бірімен ашық сөйлеспеуінен туындауына алып келетінін тағы бір дәлелдейді. Айтылмаған сөз кесірінен, қаншама адам бір-бірін түсініспей, ренжіп кеткен. Бірақ, бәрі тағдыр жазымы.

Қорытындылай келе, кітаптан түйгенім: кешірімді болайық, кек сақтамайық. Бақытты өткізуге болатын уақытты – бостан ашу,ызаға құртпайық!

Ендігі алға қойған мақсатым - Түркиядағы автордың музейіне бару.

P.s.Сурет-Каспий жағалауында түсірілген