(Шағын әңгіме)
— Қызым, сенің көзің неге суық, — деді әкесі қызының бетінен сипап.
— Білмеймін. Бірақ жүрегім жылы, — деп дірілдей тіл қатты он жасар қыз. Сөзінде салқындық басым.
— Мені кешір. Менің саған айтарым көп, тек сен уақыт бөле алсаң ғой. Сәлде болсын сөзімді тыңдап, зейін қойсаң риза болар едім. Әттең, әттең, бәрі де кеш, тым кеш.
— Олай демеңіз. Менде уақыт көп, тіпті шексіз. Мен сізді әр қашан тыңдай беремін. Күнде де, түнде де, таңда да, кеште де. Сіз айтудан жалықпаңыз.
— Рахмет қызым. Сен сондай ақ көңіл жансың. Жүрегің кең. Мейірімділіктің жердегі белгісі, жай белгісі емес періште белгісі сенсің. Мен сені ұмытпаймын... жақсы көремін!
— Әке, сонша таусылғаның не? Мен сізді тыңдаймын. Сіздің сөзіңізді тыңдаймын, әке.
— Әлі есімде сенің кішкене кезің. Тәй-тәй басып жүргенің, былдырлап алғаш тіліңнің шыққаны. Менің жұмыс бөлмеме кіріп заттарымды қопаратының бәрі-бәрі санамда тұр. Алтынға бергісіз естеліктер. Көктемгі бәйшешегім едің. Есің де болар. Сені бәйшешегім деп еркелететін едім, сол ісіме өкінемін. Өзімді кешірмеймін, — қос қолымен бетін басып отыра кетті. Көзінен еріксіз төгілген өкініш пен қимастықтың жасы еденге тамып жатыр.
— Әке, — саңқ еткен қыз үні, — олай кешірім сұрамаңыз. Мен сіздің қызыңызбын. Менің әкемнің еңсесі биік болуы тиіс. Жұмыр жүрегімді олай ауыртпашы.
— Кешірші қызым. Саған ауырлық салғым келмеді. Кешір, кешір... Көзімнің ағы менен қарасы, қартайған да көрген жалғыз қуанышым өзің едің. Анаң екеуміз әр ісіңе сәттілік тілеп, Жаратқанның жар болуын тілеуші едік. Сен үшін барымызды бердік. Сенің бақытты болғаныңды, есейіп өскеніңді қаладық. Оқулы азаматша болып, еліңе қызмет етуіңді ойлайтынбыз.
— Әке, қарашы мен ұша аламын. Өте биікке ұшамын. Қарашы әке, — деп қыз әкесінің жанына келді. Біресе оң жағында, біресе сол жағында періштедей қалықтап жүр...
— Имам келді, — деген сөзден селк етіп оянды. Көзін ашып қараса дәл алдында ақ мата астында кішкене ғана дене жатыр. Ол қызы болатын. Мына жарық жалғанмен не бәрі он жасында хош айтысқан бейкүнә періште еді. Қаскөйдің қолынан қапияда мерт болған ару... Кіршіксіз таза періштені зорлап, өлім құштыруға қандай сайтанның ықпалы жүрді екен. Кім білсін?!
Бибіт Нұрмұханов