Бәрі де Ишекемнен бір аспады...
блог
Кезінде Мұхтар Әуезов: «Рас, өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді, жек көруімізбен жоғалып та кетпейді. Ауыз әдебиетінің түрлерін білу, бетін ұғу-біздің өзіміз үшін керек»,- деген екен.
Ал осы шындықты одан сандаған жылдар бұрын жан- дүниесімен сезініп білген, ауыз әдебиеті үлгілерін қағазға түсірген зерттеушілер аз болмаған. Тек олардан Мәшһүр Жүсіптің бір ерекшелігі- ол ел аузындағы үлгілерді жазып алумен шектелмеген. Оны дамытуға өзіндік үлес қосқан. Бұл әсіресе ақын зерттеушінің ауыз әдебиеті үлгілерінің бір түрі- жоқтау жанрына қатысты.
Осы орайда филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы мырза: «Халық қазынасын жинаушының қолжазбасында «жоқтау » да біршама орын алған»,- дейді. Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіптің төл шығармаларының арасында жоқтау өлеңдері аз кездеспейді.
2003 - жылы Павлодар қаласындағы «ЭКО» баспасынан жарық көрген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының I - томындағы жоқтаулар бөліміндегі «Исабек ишан», « Мұса Шорманұлы», «Тайшық Ноғайұлы», «Хұсайын Боштайұлы», «Камариден Хазірет» атты жоқтаулары бұған айғақ. Бұл аты аталған адамдардың қай-қайсысы болмасын өздері өмір сүрген кезеңдегі қазақ жұртының ел таныған елеулі тұлғалары. Солардың бірі - Исабек ишан.
Мәшһүр:
Бісмілла, сөз бастайын асыл тектен,
Түскендей асыл еді-ау аспан көктен!
Сөз басында-ақ Исабек ишанның аспан көктен түскендей асылдығын алға тарта отырып:
Өзі- ишан жұрт бастаған, заты – қожа,
Сейітзада нәсілі сондай таза.
Әр түрлі қасиеті еске түсіп,
Қайғымен қапаланып болдым наза.
Пір болып кереметлі жұрт бастаған,
Заманында өзінен жан аспаған.
«Мен, мен!» деген ишандар: «Тақсыр - ай» -деп,
Ешбірі хылап тауып таласпаған.
Шариғаттың жолынан адаспаған,
Дін тұтпаған наданға жанаспаған.
Қырмызы қызыл жібек сықылданып,
Қай мінезі бар еді жараспаған?!
Мәшһүр жоқтағанда мұнан әрі оны:
«Өнер алды-қызыл тіл» - шешенім - ай!
Жылжыған жорғалайын көшелім - ай!
«Абылай аспас сара бел»- Сүйіндікке
Пір болып үлгі шашқан көсемім – ай!
-Дей отырып:
Шораның Баязит бастасындай,
Һайбатының Рустем дастанындай.
Мысалы су хайбатының бек ләззәтлі,
Гүл райхан Бағирамның бостанындай.
Дей келіп, райбатын, әділдігін, шыншылдығын, жомарттығын Әділ Омарға, Әбубәкір Сыдықсахаба Садуақасқа теңейді.
Сүннатын пайғамбардың мағхам тұтқан,
Кәнеки, кім бар еді сонан басқа - ай!
Деп, Сауал тастай отырып, оның сөйлеген әрбір санғылым, хикмет екендігін айта келіп, Исабек ишанның шыққан тегіне тоқталады. Осы орайда зерттеуші ғалым Сәрсенбі Дәуітов: «Халықтың дәстүрі бойынша «өлім көркі жыламақ, ойын көркі жырламақ» - жоқтау адамның кісілігін, ірілігін, парасаттылығын көрсететін жанр»,- деген пайымы ойға оралады.
Мәшһүр Жүсіп:
Ықылас берген адамды
Артық күткен ата-анадан
Ол артық тәрбие еткен...
Тон болған тоңдырмайтын жалаңашқа,
Шариғаттық жолынан адаспаған,
Дін тұтпаған наданға жанаспаған.
Жасынан артық болған алапаты,
Мың сан жанға жеткендей шарапаты,- деген жолдар оның кісілігін, ізгілігін, парасаттылығының айғағы емес пе?!
Біз былай дегенде Мәшһүр Жүсіп жоқтауды әдебиет жанры ретінде таныған екен, оған қойылатын талаптарды білген екен деген ұшқары ойдан аулақпыз. Тәңірім өлшеусіз талант берген Мәшһүр Жүсіптің қалам қарымына сүйсінгенімізді және жасыра алмадық.
Шам сөніп, болды дүние - қараңғы үйдей,
Кеттің ғой бір сүртуге көзге тимей.
Паналап барар жан жоқ жан жағымда,
Тұрайын бұл жоқтыққа қайтып күймей?!
Шының ба, бұл кеткенің жалғаның ба,
Қара күн кейінгіге салғаның ба?!
Осы бір жолдардан қазаның санаулы адамдарға ғана емес, қалың қазақ жұртына қаншалықты ауыр екенін іштей ұғасың. Қараңғы үйде қарманған жарық сәулеге ұмтылған жандар. Панасыз қалған жандардың қайғы- қасіреті, күйігі, қаралы күндегі жан күйзелісі асқан шеберлікпен берілген. Сондықтан да болар жоқтауды оқу үстінде тебіренбеу, күйзелмеу мүмкін емес сияқты көрінеді.
Айырылып дұғагөйден құтың қашып,
Сарыарқа – сары дала , шөл болдың ғой!
Дей келіп, Исабек ишаннан бұрын арқаға табаны тиген біраз ишандар мен мүридтерді санамалап келіп:
Қанша ишан, қанша мүрид шықса - дағы,
Бәрі де Ишекемнен бір аспады!
Бола ма заты қара таза тектей,
Бәрінен озып шыққан баса көктей.
Енді бізге табылмас сондай ғазиз,
Хазіреті ишан дұғагөй Исабектей! -деп түйіндейді. Аттарын атаған ишандардың әрқайсысына лайықты бағаларын береді. Барды бар, жоқты жоқ дейтін ақын әділдігін:
Дұғагөй кемиді ғой әрбір жайда,
Кешегі Сейітқожадай қожа қайда?!
Ишан бар: өзі қажы Бесмұхаммед,
Демесең қара қазақ ел – Алтайда - деген жолдардан айқын аңғаруға болады.
«Исабек ишан» жоқтауы ғазиз жанға ақын қолымен жазылған теңдесі жоқ ескерткіш болумен қатар ел, жер тарихын, қазақтың сол тұстағы ірі тұлғалары жөнінде дәйекті дерек көзі екендігі талассыз.
Осы өлең туралы ғалым А.Қ. Тұрышев өзінің «Мәшһүр Жүсіп шығармаларының этно әдеби аспектісі» атты монографиясында: «Бұл жоқтау өлең өмір шындығын бір ғана лирикалық қаһарман сезімін бейнелеп, лирикалық жанрлық мүмкіндігін адами қасиеттерінің көкжиегін жаратумен, арттырумен құнды», -деп атап көрсетеді.
Қорытып айтқанда, біз сөз етіп отырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларын баспаға әзірлеп құрастырып, ғылыми түсініктеме беруші филология ғылымдарының кандидаты Ертай Қуандықұлы Жүсіпов: « Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Исабек ишан» жоқтауы XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ өлеңдерінің саф алтын үлгісінің бірі»,- деген.
Шығармада ел ұйтқысы болған ірі тұлға Исабек бейнесі мүсінделумен қатар, қазақ тарихына, тұрмысына қатысты көп құнды материалдар жинақталған. Бұған, меніңше, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған «Мұса Шорманұлы», «Қамаралдин хазіретке» атты жоқтаулары да осы санатқа қосылатын бағалы дүниелер.
Сүлеймен Баязитов