Аян туралы хикая

-Жанар!-дедім мен.

-Ау?Не болды?

-Мен саған бірдеңе айтқым келеді,-дедім де оның нәп-нәзік ұзын саусақтарын кеудеме қойып, өз сезімім туралы білдірмек болғанда...Менің бұлбұл дауысты Жанарым ащы айқаймен:

-Ей,оянбайсың ба?Аян,Аян, ұйқыдан оян!Мектепке кешіктің ғой,-деді.

Көзімді ашып қалсам,мен керуеттемін(кровать).Ал алдымда әжем екен. Шамасы манағы түсім болуы керек.

-Уф, түсім екен ғой.

-Ай, Аян! Сонымен не айтқың келді?Менің қолымды кеудеңе қойғаныңа қарағанда ромәнтикәға ұқсас бір нәрсе ғой деймін. Осы сенің жақсы көретін біреуің бар.

-Ой,қойыңызшы!Қайдағы махаббат?!

-Мені алдай алмайсың.

Сағатқа қарасам , 8:05 болып жатыр екен. Әңгімені доғару үшін мен:

-Әже,мен сабаққа кешігіп бара жатырмын,-дедім.

Тісімді тез-тез жуып, киініп үйден асығыс шығып кеттім.

Автобусқа мінсем, іші лық толы адам екен. Сол ересектердің арасында мен кіп-кішкентай басыммен қысылып қалдым. Жұтарға ауа жоқ.Бір кезде адам қатары сирей бастады. Терезеге қарасам мен күндегі түсетін аялдамадан өтіп кеткен екенмін.

-Тоқтаңыз!Айыпқа бұйырмасаңыз , осы жерден түсіре аласыз ба?

Жүргізуші ләм-мим деместен тоқтады. Мен бар жылдамдықпен тез жүгіретін Люди икстағы Флэш секілді келе жатқан едім. Менің жүгіргеніме арнап бөлек фильм түсіруге де болатын еді. Бірақ, менің имиджімді бұзып келе жатқан Атыраудың "бауырмал" балшығын-ай! Үсті-басым лас. Мектепке әне-міне дегенше жеттім-ау. Ендігі қауіп - еден жуатын апайлар. Менің күнделікті басты миссияларымның бірі - сол еден жуатын апайлардың көзіне түспей кабинентке бару. Мен білдіртпей, химия кабинентіне кірдім де :

-Кешіріңіз , ағай! - десем, сыныптастарым , тіпті өмірі екі езуі жиырылмайтын ағай да ішек сілесі қата күлуде. Мен түсінбей аң-таңмын.

-Шалбарыңның балағың көтерш,-деді  Айгүл.

Көтеріп қарасам, мен екі түрлі шұлық(нәски) киіп алған екенмін. Біреуі - қызыл, екіншісі-қара. Шамасы, мен асығып киіп алғанмын. Көптеген адамдар осындай ыңғайсыз жағдайда ұяттан кіруге тесік таппай жатады емес пе?! Алайда, мұндай жағдайды адам күліп қарсы алуы тиіс.

- Fashion is my profession,- дедім.

-Орныңа отыр!- деді ағай.

Менің парталас көршім  - Ардақ. Ол- сынып старостысы әрі оқымыстысы. Жақында қабылданған келісім бойынша Ардақ маған сабақтан көмектесу керек. Ал оның ақысына мен оған қыздармен араласуды , қалай сындыру керектігін үйретуім керек болатын. Айтпақшы,мен сіздерге ең маңызды нәрсені айтпаппын ғой. Мен талай қыздың жүрегін жаулаған жігіт сұлтанымын ғой. Бірақ, мектептің нағыз аруы - Жанарды сындыра алмағандығым мен үшін жұмбақ боп қалмақ. Бұл жұмбақ тіпті алгебра мен геометриядан да қиын. Қаншама мықты математик не көріпкел болсын мұны шеше алмайтынына бәс тіге аламын.

Химия ағайы бірдеңе деп сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Оның айтқан сөздері бір құлағымнан кіріп, екінші құлағымнан шығып жатыр. Жан-жағымды қарау үшін мен басымды бұрсам Аяжан мен Маржан артқы парталарда отырып,телефон қарап мәз болып отыр. Олардың не істеп жатқандығын білу түк те қиын емес. Не істеп жатыр дейсіз бе?Кәрістің шыбықтай ап-арық жігіттерін қарап отыр. Олар Корея десе ішкен асын жерге қояды. Ұзын сөздің қысқасы , олар дорамщицалар және кпоперлер. Ал олардың алдында дәл жарнамалардағыдай қос бұрымы желбіреп , шиедей еріндері үлбіреп Жанар отыр. Оны көргенде мен ақыл-есімнен адаса жаздаймын. Кенет осы сәтті химия ағайы бұзып жіберіп, формативкаларды парталарымызға таратты. Мен Ардақтан еш қиындықсыз көшіріп алдым. Осылайша қоңырау соғып, сабақ аяқталды. Бәрі асханаға ағылдық. Мен селтең-селтең басып кабиненттен шығып бара жатсам, еден жуатын апай құлағымды тартып:

-Аян,осы саған қашанғы айтам екінші аяқ киім алып келу керек деп, а?

-Апай, қалай біліп қойдыңыз?

-Төменге қараш!

Қарасам, мөлдірдей таза еден үстінде қап-қара іздер маған келіп тіреліп тұр екен. Амал нешік, мен сол апайдың айқайын естуіме тура келді. Кейін асханаға қарай жүгірдім.

 Сіздерге ең жақын достарымды таныстырсам: Үстелде шеткі оң жақта Асан, оның жанында Наурыз. Мен Наурыздың жанында отырамын. Үшеуіміз де сыныптың ең кербез жігіттеріміз әрі спорттың қыр-сырын меңгерген шеберлерміз.

Сөйтіп, уақыт зымырап, сабақтар да аяқталды. Сабақтар аяқталса да, бізге қосымша сабақтарға баруымыз керек . Әдеттегідей Асан,Наурыздармен бірге сабақтан қашып , спортзалға бармақшы болдық.

-Жүр, Аян!-деді Наурыз.

-Сабақты тасташ,-деді Асан.

-Жарайды , спорттың рақатына батайық,-дедім.

Үшеуіміз спорттық киімдерімізді киіп , спортзалға бардық. Әдеттегідей біз өзге балалармен бірге футбол ойнап , қара терге малынып, құмарымызды қандырып алдық. Кім біледі,арамызда болашақ қазақ футболын әлемге паш ететін шебер аяқдопшылар шығатын шығар. Соның бірі мен болуым да ғажап емес. Футбол-деген менің өмірімнің мәні ғой.

Келісім бойынша Ардақ маған сабақтан бірталай көмектесті. Енді мен оған сабақ беруім қажет.Кешке қарай екеуіміз бос кабинентке кірдік.

-Ал Ардақ қызтану сабағын бастайық!

-Жақсы.

-Білесің бе, қыздарға жақын болу үшін сен көзілдірігіңді ал да шашыңды көтеріп, адеколон шаш!

-Ммм,-деді де айтқанымды дәптеріне мұқият жазып жатыр.

-Сосын қыздар спортсмен не музыкант жігіттерді ұнатады.

Осылайша мен оған ауызым көпіріп бар білгенімді үйреттім. Өзімді қызтану ғылымының докторы ретінде сезіндім. Әттең, егер сондай сабақ болса

, мен баяғыда-ақ сабақты қатырып оқитын едім ғой.

Келесі күні сыныпқа жаңа оқушы келді де менің жаныма отырып алды. Әдемі десе , әдемі жігіт екен. Үстіндегі костюмі шып-шыттай боп, өзіне жарасып тұр.

-Кешіріңіз , менің жаныма біреу отыратын еді.Сосын сен қай мектептен көшіп келдің?Атың кім?

-Аян, танымай қалдың ба? Сәлем, бұл мен! Ардақпын ғой.

- Өңім бе, түсім бе?! Кекілің мен көзілдірігің екен ғой сымбатыңды бұзып тұрған.

Молодец, сен менің сабағымды терең меңгеріпсің.

Мен оны өзгерте алғандығыма төбем көкке жеткендей қуандым. Алайда бұл қуанышым ұзаққа созылмасын кім білген?!

Бір күні күртемді киіп үйге кетіп бара жатқанда кітабым мен дәптерімді кабинентте ұмытып кеткендігім тарс есіме түсті де, кабинентке бара жатқанда коридордағы диванда Жанар мен Ардақ әңгіме-дүкен құрып, әзілдері жарасып,онымен қоймай қол ұстасып отыр екен.

Ішім оттай лаулап, өртеніп бара жатыр. Білесіз бе, мен Жанардың әдемі қолдарын ұстамақ түгілі , 1минут та сөйлесе алмайтын едім ғой. Бәрінен бұрын өкінетінім -

 конкурентті өз басыма тілеп алғандығым. Сол сәтте мен не істедім дейсіз бе? Мен көрмеген адам құсап өтпекші болғанда Ардақ:

-Аян, көп-көп рахмет !- деді .

-Аузыңа жылан жұмыртқаласын!-дедім сыбырлап.

- Ау, сен не дедің?- деді Ардақ.

-Ештеңе. Жәй кітап пен дәптерді ұмытып кетіп ем. Соны алуға келдім.

Сөйтіп заттарымды алдым да үйіме қайттым.Түні бойы ұйықтай алмай, Жанар туралы ойлап шықтым. "Не істесем болады?"деген ойлар маза бермеді. Маған бір ой келді. Бәлкім Жанарга сабақты жақсы оқитын балдар ұнайтын шығар.Сол себепті мен содан бастап сабақ оқуға көңіл бөле бастадым.

Биология пәні болып жатты. Мұғалима:

-Бездер нешеге бөлінеді және оларға қандай бездер жатады?-деп сұрақ қойды.

Ардақ қолын көтеріп жатқанда, мен орнымнан тұрдым да:

- Бездер 3ке бездер : эндокринді, экзокринді,аралас бездер.Эндокринді бездерге гифопиз, қалқанша, тимус бездер жатса,ал экзокриндіге сүт,жас,тер бездері жатады. Жыныс және ұйқы безі аралас бездерге жатады. - деп айттым.

Осы сәтте оқушылар ауыздары ашылып, ұлы ғылыми жаңалық ашқандай таңырқап жатты.

-Бұл деген сенсация ғой!Жарайсың, Аян!-деді апай.

Осындай мақтауларды мен барлық мұғалімдерден жиі еститін болдым. Білесіз бе, мен өмірімнің мәні футболдан бас тарттым. Махаббат деген құдіретті ғой. Қоңырау кезінде Аяжан мен Маржан телефоннан бірдеңе қарап жатыр екен. Арттарынан барып шошытып жіберсем, екеуі бақырып жатыр.

-Түу, сен бе Аян?-деді Аяжан.

-Қызық жеріне келгенде...-деді бұртиып Маржан.

Үңіліп қарасам екі кәрістің жігіті бір- бірімен өлердей төбелесіп жатыр екен.

-Екеуі бір қызды жақсы көреді. Сол үшін төбелесіп жатыр,-деді Аяжан

-Мм, түсінікті.

Қызық , егер мен Ардақпен төбелесетін болсам, махаббатыма бір қадам да болсын жақындайтын шығармын. Жо-жоқ, бұл ақымақтық қой. Білмеймін , ертең көре жатармын.

Қоңырау кезінде қыздар топырлап гитара тартып жатқан біреуді қоршап алған екен. "Кім екен ?" деп қарасам, Ардақ жанындағы Жанарға махаббат туралы әндетіп гитара тартып отыр екен. Ішімнің қызғаныштан күйгені-ай!

- Түу, осыны да гитара тарту дейсіңдер ме? Гитара деген менен қалған,-дедім де ашумен гитараны алдым да тартып қалып ем, саусақтарымды қанатып алдым.

- Ойнай алмасаң,гитараны Ардаққа бер,-деді сұрақ белгісіндей бүкірейіп жүретін қыз.

Қалған қыздар да оны қостап кетті. Саусақтарым қанап жатырғандығын көрсе де хал-жағдай сұрауды білмейді. Жо-жоқ білмейді емес, өтірік байқамайды. Кезінде сенден менің қыр-соңыма жүгіретін едіңдер, ал қазір...Ұялғанымнан сол жерден кетіп қалдым да жан баласы жоқ жерге бардым өз - өзімді тыныштандыру үшін. Бір кезде Самал келді де үн - түнсіз жаралы саусақтарыма медициналық жапсырманы жабыстырып:

-Қалың қалай?-деді

-Жжжж...жақсы.Сен неге маған көмектестің?

-Көмектесу үшін де себептер керек пе?

- Әдетте адамдар тектен текке... ,-деп жатқанда махаббаттың құдіреті шығар деген ойға қалдым.

-Ия,не айтқың келді ?

- Ештеңе...

- Ендеше мен кете берейін...-деді де кетіп қалды.

Самал - Жанардың ең жақын досы. Мен Самалмен тек Жанар туралы сөйлесетін едім. Жанар нені жақсы көреді не ұнатпайды деген секілді тақырыпта сөйлесетін едім. Енді ойлап қарасам, ол мені жақсы көретін сияқты. Мен оның жүрегің талай рет жаралаған шығармын. "Жанар,Жанар " деп мен оны байқамаппын . Сөйтіп мен Жанарды ұмытуға бел будым.

Келесі күні мен Самалдың жанына отырып алдым. Ал Ардақтың жанында Жанар отырды.  Бұрынғыдай қызғаныштан жарылмайтын болдым. Себебі бүгіннен бастап "Аян мен Самал" деген жаңа махаббат дастаны басталады. Мүмкін сіздер мені махаббатқа тұрақсыз , әр қызға ғашық болып жүретін бала деп ойлайтын шығарсыз. Қалай ойласаңыз да, мейлі. Менің бір ұққаным - бір адамға өлгенше ғашық боп жүргенде сізді шынымен жақсы көретін жандарды байқамай қалуыңыз мүмкін. Сол себепті айналаға анық барлап қарайық. Сонымен мен Самалмен бірге көп уақыт өткізетін болдым. Мен сабақ оқуды да, футболды да тастамадым. Сөйтсе екі істі қатар алып жүруге болады екен ғой. Мұны маған Самал айтты. Самалдың ақылынан айналдым. "Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді "дегенді кім шығарып жүр өзі?! Дамылсыз жаттығулардан кейін  мен және менің командам республикалық жарысқа футболдан бармақшы болдық. Сол матчқа сыныптастарымыз қолдауға келді. Араларында Самал маған үлкен рух беріп тұрды. Қарсылас топ та мықты екен. Есеп 2:2. Соңғы 1-2 минуттар өтіп жатты. Доп менің аяғымның бақылауында жатты. Самалға қарасам, ол "Аян,алға!"деп шулап жатыр екен. Соңғы шешуші сәт... Мен допты қақпаға қарай теуіп жібердім. Сонымен... ГОЛ!!! Сене алар емеспін , біз республикалық жарыстан бас жүлдені ұттық! Мені тобым көтеріп "Жарайсың"деп лақтырып-қағып алып жатты.

Мен хикаямды осы жерден аяқтайын. Естеріңізде болсын: менің хикаям әлі аяқталған жоқ!

 

 

 

 

 

 

 

 



Бөлісу: