Аты жоқ әңгіме - 3 (Байқау)

Ертеңгісін олар қалаға барып, Мақпалды наркологиялық ауруханаға жатқызды. 

 - Дәулетжан, айналайын, қызымыз саған аманат. Өзің келіп, қарайлап жүрерсің, - деді Мақпалдың анасы аурухана ауласында тұрып.

 - Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, - деп Дәулет оның қолын қысты.

Мақпал аурухана терезесінен қарап тұрып ата-анасын көзімен шығарып салды. Болған оқиғаның бәріне өзін кінәлі санайды. Артына бұрылып қараған қатулы қабақты әкесінің жүрегіне қанжар қадалғандай күй кешіп тұрғанын Мақпал сезбегендіктен де оған мұңлы жанарымен қарап, жасып қалды. 

 Бір күні Дәулет Мақпалдың жағдайын сұрауға келді. Екеуі аурухана ауласында отырып біраз сырласты. 

 - Неге өлімге асықтың? - деді Дәулет.

 - Ата-анамды жерге қараттым, ауыр дертке ұрындым, сүйгенім тастап кетті. Асықпай қайтейін? - деп Мақпал ауыр күрсініп, көзіне жас алды. 

 - Ал оны ұмыта аласың ба? 

 - Білмеймін, ештеңені де білмеймін, - деп Мақпал жылай бастады.

 - Қайтып келсе кешірер ме едің?

 - Бәріне кінәлі - өзім. Ол кешірім сұрауға міндетті емес, - деп аз кідірді де, әрмен қарай сөйледі. - Саған бір өтінішім бар.

 - Айт.

 - Қатты қиналып кеттім. Әсіресе, түнде мазам болар емес. Маған... - деп Мақпал тоқтап қалды. Содан қайта сөзін жалғады. - Маған есірткі керек.

 - Жоқ, Мақпал. Мен бұл өтінішіңді орындай алмаймын. Саған оны пайдалануға болмайды. Сен емделіп жүрсің ғой. Әлі оны керек етпейтін боласың.

- Өтінемін, көмектесші маған, - деп Мақпал оның аяғына жармасты.

 - Оның не? Тұр, - деп Дәулет оны тұрғызып, құшақтады. - Уайымдама, бәрі жақсы болады.Уәде беремін.

 - Қашан? - деп Мақпал еңіреді.

 - Жылама, жылама...



Бөлісу: