Жаздың шіліңгір ыстығы. Айнала шыжып тұр. Анадай жерден Жұмабай белесебетін шырылдатып, жолдың шаңын шығарып асығып келе жатыр. Қолында қара матаға оралған бір нәрсе көрінді. Алдынан жүгіріп шыққан ауыл балаларына қолындағысын ербеңдетіп, қызықтырып өтуде. Бір топ балалардың арасынан Мұқашты көріп: «Үйге жүр»,- деді зілді дауыспен. Мұқаш алды-артына қарамастан тұра жөнелді.
Көк кақпалы, екі қорасы бар, сырты әдемілеп сырланған үй – Жұмабай мен Мұқаштың үйі. Мұқаш ентігіп, төрдегі бөлмеге асыға қірді. Сондағы бар ойы ағасының қолындағы қара затты көру болатын. Бөлмеге кіре сала креслода қап-қара ұзын қолдарымен «Физкультура» журналын ұстап отырған ағасына көзі түсті. Жұмабай бағанағы қара нәрсені қойнына тығып алып, журналды бетіне жақындата ұстап, Мұқашқа мән бермеуде. Мұқаш аяңдап барып, Жұмабайдың қасына тұра қалды. Журналға көз жіберіп қараса, қызылды-жасылды үлкен мата тәрізді астында адам ілулі тұрған түсініксіз бірдеңе. Ол сұраулы жүзбен Жұмабайға қарады. Сонда Жұмабай: -Бұл парашют,- деді мұрнын көкке көтеріп. Мұқаш таңданып қалды. Сонда Жұмабай қайта сөз бастап: -Мына менің қолымдағы да парашют! Бірақ, мұны сатушы апай «зонтик» деп сатты. Шамасы, екеуін ажырата алмаса керек. Мұқаш аузын ашқан күйі қызылды-жасылды парашютқа қарап, телміре қалды. Таңданған інісін Жұмабай түртіп: -Әй, жүр кеттік қора жаққа. Парашютты алып, құшағын ашып тұрған көк аспанға құс секілді самғаймыз,-деп қолымен құстың қанатын бейнеледі. Мұқаш қораға қарай тезірек баруды ойлады. Сонда Жұмабай: -Бірақ, сен ешкімге айтпа! Апамдар біліп қойса, вот хана,-деп күліп, қораға қарай жүгіре жөнелді. Қора жақ тып-тыныш екен. Жүгіріп келген Жұмабай мен Мұқаш айналаға көз жүгіртіп шықты. Жұмабай биіктеу жер іздеген сыңай танытып, ақырында Мұқашты қораға шығарып, бағанағы өзі әкелген парашютты қолына ұстатты да: -Биік па?,-деді. Мұқаш басын шайқады. Жұмабай айналаға тағы бір қарап шығып, анадай жерде үйіліп тұрған шөпке көзі түсті. Мұқашты соған шығарып, қайталап: -Биік па?,- деп сұрады. Мұқаш басын изеді. Жұмабай Мұқашқа қарап: -Так ұшқыш, полетқа дайындал! Парашютты аш та секір! Бір, екі, үш......-деп айғай салды. Мұқаш зонтикті ашып, секіре бергенде, парашют сымақ теріс айналып, Мұқаш жерге гүрс ете түсті. Соңғы сезгені аяғының қатты ауыруы.
Мұқаш оянды. Көзін ашса, аяғында мәрлімен оралған аппақ гипс. Мұқаш не жыларын, не күлерін білмей таңырқап қалды.