Ана қайғысы

Ана қайғысы
жеке
блог

Адам болған соң оның басында қуаныш та, өкініш те, бақыт та, мұң да болады екен. Кезінде «менмін» деген, үй ауласына жұрт қызыға қарап тамсанған көліктердің бірі кіріп, бірі шығып жатқан сәулетті де дәулетті жанұяның бірі болған ірі отбасының бүгінгі таңда қаңырап қалғанына көпшілік таңданады. Хадиша әжей «ақсүйектілер» аталған текті қожалардан тараған болып, жұбайы марқұм Құдабай ақсақалмен тоғыз перзентті балиғатқа жеткізіп, барлығын қатарынан кем қылмай өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жан еді.Әжей өзге перзенттеріне қарағанда кенже ұлы Мұратты алақанында айрықша әлпештеп, бетінен қақпай, «Не ішем? Не кием?» дегізбей тәрбиеледі. Осы ұлын тау –кен институтына оқуға түсіріп, қолына табақтай диплом да алып берді.

Мұрат үйлі болар жасына жеткенде өзі таңдаған Әсем есімді қызбен отау тігіп, анасы дүркіретіп тойын да жасап берген болатын. Хадиша әжейге кенже келіні жаңа қанат, жаңа қуат бергендей жеңіл сезініп, шапшаң қимылдап, келініне көмек беріп, үйдің шаруасына араласып жүрді. Араға жыл салып, Хадиша әжейдің қуанышына жаңа қуаныш келіп қосылып, олардың әулетінде маңдайы торсықтай Нұрхан есімді сәби дүниеге келді. Хадиша әжейдің сонда мәз болғанын көрсеңіз ғой, мына жалған дүниеде одан артық бақытты ене, бақытты ана жоқ сияқты. Күн соңынан күн қуып, зулап өте берді. Мұрат қызметінен күн сайын мас күйінде келетінді шығарды. Мұны әдепкіде гүлдей нәзік, сұлу жары доғарар деп түйді. Бірақ ол ойлағандай болмады. Мұрат ішкілікке әбден салынды.

Мас халде келіп, үйінің берекесін алып, дау көтеріп, түрлі сылтаулармен келіншегіне тиісетін болды. Дегенмен Әсем жұбайының бұл келеңсіз іс-әрекетіне төтеп беріп, шыдамдылық көрсетті. Мұратқа анасы да, аға – апалары да, тіпті жақын – жуықтары да «алтынға тең әйеліңді қор қылма, жұрттарды көрмейсің бе, қандай өмір сүріп жатыр.Ішкілігіңді таста, мына балаң ертең кімге қарап ержетеді?», - деп қаншама айтып, ақыл – кеңестерін бергенмен, «үйренген қол жағаға бара берер» дегендей, бұл жаман әдетінен арыла алмады. Ақыры қызметінен де босап тынды. Ол ішкілікке қоса, есірткіге де бой алдырып алғанын өзі де сезбей қалды. Осының салдарынан отбасына берекесіздік әкелді. Үйіндегі асыл бұйымдарды тартып әкетіп, арзан бағаға сатып жіберді. Ақшасы болмай қалған күндері Әсемнің басына ауыр тоқпақ тиді. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Хадиша әжей мен келіні титтей Нұржанды қорғаштап, қойындарына басқан кейпі бұрышқа тығылатын немесе көршілеріне қашып кететін.

Мұрат осы күйінде жүріп, абақтыдан бір-ақ шықты. Құлқынның құлы болған ол ақша болмаған соң көше бойындағы азық – түлік дүкендерінің біріне ұрлыққа түсуге мәжбүр болыпты. Міне, жиіркенішті әдетке әуестеніп, одан арыла алмаған алпамсадай жігіттің болашағына өз қолымен балта шабылды. Нәтижеде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қайғыға батып, қорлықтан әбден ішқұса болған анасы ауыр дертке шалдығып, төсек тартып қалды. Біресе сәбиіне, біресе қамқоршысы болған енесіне алаңдап, бүкшиіп жылап отырған Әсемнің көзінен мөлт – мөлт тамған жастары көз алдымнан әлі күнге дейін кетер емес... Аманкелді Тұржанов