Алиса таңғажайып әлемінде
блог
Тек қана ағылшын жазушысы ғана емес, оған қоса математик, логик, философ және фотограф Чарльз Лютвидж Доджсонның (лақап аты: Льюис Кэрролл) «Алиса в стране чудес» (Alice in Wonderland) және «Алиса зазеркалье» ( Тhrough the Looking-Glass) шығармасы бүкіл әлемге таныс.
Бұл шығармалар желісі бойынша көптеген фильмдер түсіріліп, барша бүлдіршіндердің емес, ересектердің де жүректерін жаулады.
Ал енді кітаптың жазылу тарихына тоқталсақ, кейбір нақты емес деректерге қарағанда 1862 жылдың 4 шілдесінен басталады. Бұл күні Чарльз Доджсон, досы Робинсон Даквор, Оксфорд университеті және колледж деканы Генри Лиделмен бірге Лорина (13 жас), Алиса (9 жас), Мери (8 жас) атты қыздарымен серуендеуге шығады. Араларындағы кішкентай қонақтар зерікпесін деп, Доджсон қызықты оқиға іздеген Алиса есімді қыз туралы әңгіме айта бастайды. Кішкентай қонақтарға бұл әңгіме ұнап, Алиса (Лиделл Генридің қызы) Доджсонға оқиғаны жазып беруін өтінеді. Бұл сапардан соң Доджсон жазбаны қағаз бетіне түсіре бастайды. Көпшілік қауым Алиса прототипі Алиса Лиделл болды деп санайды, бірақ автор прототип ретінде нақты адамның болғанын жоққа шығарды.
Доджсон 1864 жылдың 26 қарашасында Алиса Лиделге «Alice's adventures under ground» атты қолжазбасын сыйға тартады. Кейін 1928 жылы Алиса бұл жазбаны аукционда 15 400 фунт стерлингке сатады. 1946 жылы бұл кітап қайттан аукционға түсіп, 100 000 долларға бағаланады. 1948 жылы еріктілер көмегімен ақша жиналып, кітап Британ кітапханасына сыйға тартылады (қазірге кезге дейін сол жақта сақтаулы).
Алиса кітабының толық жазбасы алғашқы баспаға шығуы 1865 жылдың 4 шілдесінде өтті. Бұл күн кездейсоқ таңдалмады, себебі төртінші шілде оқиғаның пайда болған күнімен байланысты еді. Бұдан кейінгі жылдары басқа да басылымдар болды. Кейбіреулерінде автор кітапқа өзгерістер енгізіп отырған.
Кітап әлемнің 125 тіліне аударылған. Тіпті, 1931 жылы «Алиса» Қытайдың Хунань провинциясында тыйым салынған жұмыстар тізіміне еніп үлгерген, себебі жануарларды адамға балау рұқсат етілмеген.
Кітап қазіргі күнге дейін абсурд жанрындағы әдебиеттің ең озық үлгілерінің бірі болып саналады. Онда көптеген математикалық, лингвистикалық және философиялық әзілдер қолданылады. Әңгіме барысы мен оның құрылымы өнерге, әсіресе қиял-ғажайып жанрына жаңашылдық әкелді.
*сурет Белгород қаласында "Алиса в стране чудес" кафесінде түсірілген
*нақты деректер Wikipedia ашық-энциклопедиясынан алынды