Айнала толқынданып кетті. Алып кеменің тұмсығы суға бата бастады. Кеменің қойны-қонышын аралап, әлденені іздеп тіміскіленгендей, мұхиттың суы енді палубаға қарай өрлей жөнелген. Су емес, бұл — тажал. Әзірейіл су кейпінде келе жатыр...
Капитан Смиттің құлағы ештеңені де естімей қалды. Көңіл терезесі тарс бітеліп, саңылаулардың бәрі бекітіліп қалғандай мәңгірді де тұрды. Бұл мәңгіру екі сағат алдын, мына «Титаник» алып мұздыққа барып соғылғанда басталған. Екі сағаттан асты, қарасы көрінген ажал әлі бұған жеткен жоқ. Келіп тынса дұрыс болар еді... Өзі басқаратын кемедегі құтқарушы қайықтардан өзіне орын тимей тұрысы мынау. Суға батырмайтын жилетті киюден де бас тартты. Өйткені, енді мұның тірі қалатын жөні жоқ. Кінәлі ретінде адамдар енді мұның бетіне түкіреді. Суға кемемен бірге шөгетін мыңдаған адамдардың жан азасы қалған ғұмырында бұған тыныштық бермейді.
Смиттің бар өмірі теңіз бен мұхитта өткен. 12 жасында-ақ мектепті тастап, Ливерпульдегі айлаққа қашып кеткен. Содан бері «кеме», «теңіз», «мұхит» сөздері бұл үшін өмірдің мағынасындай ұғымдарға айналып кетті. Ұлының теңізші болуын қаламаған әкесі талай ренжіді. «Суға жақындай берме, батып өлесің!» деп ескертетін...
«Титаник» кемесі құрастырылғанда бұл да басқа теңіз капитандары секілді оған басшылық етуден дәметкен. Ақырында компания басшылары «Олимпик» класындағы техникалардың тілін жақсы түсінетін бұған тоқтады.
Бұны таңдағаны құрсын. Көресіні әлгі мақтаншақ Брюс Исмейден көрді. Исмей деген — осы кеме құрылысының инициаторы, «Титаник» жобасының авторы. «Титаник» алғашқы сапарға шығарда Америкаға тезірек жетіп, кеменің жылдамдығымен айдай әлемге мақтанғысы келгенін қайта-қайта мәлімдеген.
Ирландияның жағалауларынан «үрей теңізі» аталып кеткен Атлант мұхитына шыққан соң Исмей барынша жылдамдықпен жүзуге бұйрық берді. Сәуір айларында қыстай сірескен мұздықтар еріп, Лабрадор ағысымен бұлар жүретін бағытты жауып қалатынын ойлап отырмады. Бұл бағытта сәуір айы — нағыз айсбергтер маусымы саналады. Мың жерден кеменің немесе кеме компаниясының басшысы болса да Томас Эндрюс те, Брюс Исмей де матростарға тікелей пәрмен бере алмайды. Капитан арқылы ғана орындатады. Тиісінше олардың шешімімен капитанның келіспеуге де құқы бар. Себебі, теңізде жүзу ойыншық емес. Басыңмен, егер жүрегіңде бар болса, ұятыңмен, арыңмен жауап бересің.
— Мистер Эдвард, — деді бұған. — Біз бұрын-соңды теңізшілердің түсіне кірмеген жылдамдықпен жүзіп, сенсация жасауымыз керек. Түсінесіз бе? Сен-са-ция! Сіздің де атыңыз тарихта қалады! «Титаник» өзінің атына сай болуы тиіс!
Бұл қауіпсіздікті алға тартқан. Исмей оған селт еткен де жоқ. Алдын-ала дайындап қойған жауап па, әлде Смитті дегеніне көндіру үшін барын салғысы келді ме, өзі жасаған кемені мақтай жөнелді.
— Жоқ! — деді жұлып алғандай бұған. — «Титаниктің» жетілдірілген тұстарының бірі, ол маневрді бірден жасауға қабілетті. Орасан үлкен қозғалтқыш винттері қандай жәйт болмасын, тіпті жел көлденең соққан жағдайда да лайнердің бағытын жылдам өзгерте алады. Тәжірибеден аса сәтті өткізілген, ол жағын уайымдамаңыз. Әрі сіздің теңізде кеме басқару қабілетіңіздің мінсіз екеніне ешкімнің де қылдай күмәні жоқ. Сол үшін де, сіздің қаупіңіз негізсіз әрі күлкілі!
Конструктор мақтанған леппен айтса да, сөздері сенімді естілді. Бұл сапардан аман оралса, Смит зейнетке кететін-тұғын. Жасы алпыстан асты. Аттай елу жылдай теңіз төңірегінен шықпаған тәжірибелі капитан өзінің соңғы рейсінің ерекше есте қаларлық болғанын қалаған оймен Исмеймен келісті.
— Жарайсыз! — деді қуанып кеткен Исмей. — Солай «Уайт Стар Лэйн» компаниясының да абыройын ойлап қойсаңызшы. Енді адамзаттың теңізде жүзу тарихының жаңа дәуірі басталады. Және ол дәуірдің ең басында 1912 жылы алғашқы сапарына шыққан «Титаник» тұрады! Газеттерді шулатамыз! — Кеудесін мақтаныш кернеп тұрып айтты.
Кейін келіскеніне өкініп қалды. Теңізде жүзудің де өз тәртібі бар. Кемедегі екі мыңнан аса адамның тағдырымен ойнауға болмайды. Ұшы-қиыры жоқ мұхиттың ортасындағы апаттан сақтасын. «Сақтансаң сақтайды». Барынша жылдамдықпен мұхиттың ортасында толқыған суды қақ жарып, зымырап кетіп бара жатқан кеменің кінәсі жоқ. Оны тізгіндеген адамнан қауіп күту керек.
«Суға батпайтын «Титаник» солайша күн батысты бетке алып, барынша жылдамдықпен кете барған.
— Осы альбатрос деген құс мынау ма? — деді офицер Уильям Мёрдок кеменің алдыңғы қапталында мұнымен тілдесіп жатып. Осы кезде бұлардың дәл жанынан әлдебір алып құс қанаты сусылдап ұшып өтті.
— Иә, дәл өзі, — деді капитан теңіз бауырлап тас лақтырым жерде кеменің алдына түсіп алып, бұлармен жарысқысы келгендей, қабаттаса қалықтап бара жатқан алып құсқа көз салып. Артынша сондай құстың тағы бірнешеуі пайда болды да, кеменің айналасында бір-бірін қуалап, ойнақ салды. Көңілді елітетін көрініс.
— Үнемі байқаймын, — деді офицері. — Солтүстік Атлантика ағысына жеткен кезде пайда болады да, бізді біраз жерге дейін шығарып салады. Қайтарда да солай. Өз әдетінен еш жаңылған емес. Қызық құс өзі...
Альбатрос жайлы ертегіні бірнеше рет естіген. Оның бойында теңізшілердің рухы бар деседі. Атлант мұхитында жүзген теңізшілердің осынау ала қанат құстарды байқамағаны кем де-кем. Кеме көрсе болды, сонау көз ұшынан қанат қағып жетіп келіп, айналсоқтап ұшып, біразға дейін еріп барады. Адамдардан не дәметеді, не күтеді, неге соншалық үйір, ол жағын ешкім де білмейді.
— Альбатрос жайлы аңызды білесіз бе? — деді Смит офицерге.
— Ол жайлы аңыз көп қой, қайсысын сұрадыңыз?
Осы кезде бұлардың жанына капитанды іздеп Брюс Исмей келе қалды да, Смит мына сұрақты жауапсыз қалдырды.
Мұның өміріндегі соңғы кеш тым керемет еді. Күн толқып жатқан мұхиттың суы мен көк аспан тоғысқан тұстағы көкжиекке асықпай барып қонып, қызара бөртіп ұясына жайғасқанда, ауа-райы да айтып жеткізгісіз мамыражай болатын. Күн әлемнен ғайып болғаннан, күні бойы тығылып жатқан мыңдаған жұлдыздар дереу аспан көгінде біртіндеп пайда бола бастады. Мұндай тымық кеште палубада сағаттап тұра беруге бар. Капитан үшін Атлант мұхитындағы сәуірдің салқын кештерінен асқан ғажап мезгіл жоқ. Мұхиттың көктемгі желсіз қалпын қатты ұнататын.
— Жылдамдықты баяулатсақ қайтеді? — деді бұл Исмейге. — Айсбергтердің көптігі жөнінде сағат сайын ескертулер алып жатырмыз.
— Жоқ. Біз қазір Солтүстік Атлантика ағысын артқа тастадық. Енді одан да күшті Гольфстрим ағысына қарсы жүземіз. Ол ағыс кеменің максималды жылдамдықпен қозғалуына кедергі болады. Сондықтан жылдамдықты азайтсақ, кеме тасбақаша ілбіп қалады.
— Күшті ағысқа қарсы жүзсек, айсбергтер де бізге қарама-қарсы қалқиды емес пе? Бұл да бір қауіп. Сіз не дейсіз? — деп капитан енді барлаушы офицер Уильям Мёрдокқа қарады. — Ай қараңғы ғой, сіздерге қиын соқпай ма?
— Қиын емес. Айсыз түнде де екі шақырымдай жерді құралсыз көзбен көре аламыз. Айсберг көріне қалса, оған жоламай айналып өтуге мүмкіндік бар. Осы қарқыннан таймасақ, бірер күннен соң Бостандық статуясының да төбесі көрініп қалады, — деді көмекші офицер көңілді де сенімді үнмен. Америкаға жеткенше ол да асығып жатқан сыңайлы.
Әлі батыс жағалауға екі мың шақырымдай бар еді.
— Атлант мұхитында таңғажайып сенсация жасаған капитан ретінде мадақталуыңызға сәл қалды, сэр! Сіз дәл қазір Әлемдегі ең тәжірибелі теңізшісіз! — деді бұған Брюс Исмей салтанатты дауыспен. Мынадай мадақтан соң Смиттің де көңілі дереу аспандап шыға келді.
Бұл — оның өміріндегі ең соңғы мәрте көңілденуі еді.
Көмекшілеріне қапысыз сенген капитан көз шырымын алу үшін бөлмесіне қарай аяңдады.
Каютасында жатып капитан Смиттің көзі ілініп кеткен. Түсіне әлдеқашан о дүниелік болған әкесі кіріпті. Бұл:
— Әкеее! — деп ұмтылғанда ол жарықтық құшақтап алудың орнына, бұған кейіген.
— Теңіз дегенді доғарсайшы! Жасың келсе де ақылың кірмепті ғой! Түбі суға батып өлесің! — деп ұрсып берген. Бала күнінде де солай ұрсушы еді. Әлі өзгермепті. О дүние адамды өзгерте алмайды, сірә...
Әкесі дүрсе қоя берген соң бұл шегініп барып, әлдебір үстелге соқтығысқан. Әлдене сықыр ете қалды.
Түсі екен, орнынан атып тұрды. Сықыр ете қалған үстел емес, койкасы екен. Лайнер дірілдегендей болған соң, бұл ұйқылы-ояу кейпінен арыла алмай, жан-жағына қараған. Кеменің мына солқылдауы тегін еместігін сезіп, дереу палубаға қарай шықты.
Экипаждың бірнеше мүшесі үдеріп, сонда жиналып қалған екен. Түсі бозарып кеткен офицер Мёрдок алдынан шықты.
— Не болды, тыныштық па? — деді Смит қауіптеніп.
— Сэр, айсберг...
Әлдене кеуде тұсын солқ еткізгендей бұл оған жалт бұрылды.
— Не дейсіз?
— Айсбергке соқтығыстық... Жылдамдық тым қатты еді, сытылып үлгере алмадық, сэр, — деді офицер өзін кінәлаған үнмен. Жарты сағат алдын ғана өзіне тым сенімді болған офицердің үні бәсең, күмілжіп қалыпты.
Айсберг кемеге емес, мұның маңдайына барып соғылғандай ұйқысы шәйдай ашылып кетті. Офицердің сөзіне сене қоймай, оған жауап та берместен, тез-тез басып, қапталдан төменге қараған. Анадай жерде түксиген алып айсберг ақырындап қалып барады екен. Атлант мұхиты өзінің бұған жақсы таныс сол бейқам, өзгеріссіз маңғаз қалпынан еш айнымаған. Кеме ауыр қозғалып барып, баяу тоқтады.
Онсыз да мына тосын жәйттен соң түсі қашып, үрпиісіп қалған офицерлер мен барлаушыларға ақырып беруге дәті бармады. Кеменің алдағы тағдырын ойлап, көңілі түсіп кетті де, келбетіндегі кісі қаймығар сұстан із де қалмаған-ды.
Бұл мәңгірудің басы ғана еді.
— Арманыңызға жеттіңіз, мистер Брюс, — деді көзі алақандай боп бұған бір қарап, Эндрюске бір қарап, дегбірі қашқан компания басшысына.
Есеңгіреген Брюс Исмей жүзін ары бұрып әкетті.
Манағы көңілді, ғажайып кештен еш жұрнақ қалмады. Әлем салқындап кеткендей, бой қаритын түнгі суық басталып үлгеріпті. Мына қараңғы әлем бұлардың бәрін жалмағалы келе жатқан зұлмат көрге ұқсап кетті... Түсіне білгенге түннен қорқынышты ештеңе жоқ. Жұлдыздары жымыңдап алдаусыратады да, жұта салады. Бүгінгі түн сондай еді.
Ол теңіздегі өмірінде ешқашан мұндай сәтсіздікке, шарасыздыққа ұшыраған емес.
Брюс Исмейде ұсқын қалмады. Осы сапар басталғалы үш күннен бері мақтанудан шаршамаған байғұстың бір сәтте жүні жығылып-ақ қалған еді. «Титаниктің» кереметтігі сонша, енді оны Құдай да суға батыра алмайды» деп лепіргені үшін ұялды ма, ешкімге де, тіпті аздан соң жан сауғалаған жолаушыларға да тіктеп қарауға жүзі шыдамайды. Абырой мен масқаралықтың арасында шекара жоқ. Газеттер енді ол жайлы шулағанның көкесін көрсетеді.
Ә демей-ақ дүрбелең басталып, кеменің үсті азан-қазан болды да кетті. Бұларды оқсатқан айсберг ат шаптырым тұста ағараңдап көрінеді. «Маған келіп ұрынған өздеріңнен көріңдер» дегендей міз бақпаған күйі әрірекке жылжып кетіпті. Қаншама жанның опат болатыны ойына кіріп шықпайды. Өйткені, ол жансыз, тіл-құлақсыз зат. Ұяты болса қызарып немесе қайғыдан бозарып кетер еді. Қиямет-қайымға тап болған адамдардың қасіретінің белгісіндей, кеме сырылып өткен белдеуде қызыл жолақтар қалыпты. Оның кінәсі жоқ, рас...
Бұл көрініс Смитті еліте алмады. Өзінің абыройынан бұрын, жазықсыз құрбан болатын пенделерді ойлады. Бәрі де жарық дүниеден үміттерін үзгісі келмегендей, мұхиттың тажал суынан қашып, жанталасып жатты. «Бәрібір құтылмайсыңдар» деген сықылды, дәл бүгін араны ашылғандай, ақырындап алып кемені жұта салу үшін, көмейіне тарта бастаған.
Алып Атлантида жайлы аңыз бар. Суға жұтылып кеткен ертегі елі. Атлант мұхитының араны сол кезде бір ашылған да, лық еткізіп өңешінен өткізе салған дейді ескі аңызда. Әр заманда асқазаны әлдене тілеп тұратын қорқынышты мұхит. «Үрей теңізі» деп текке аталмаған. Мұхиттың мінезімен ойнама. Ойыныңды осып жібереді.
1898 жылы байырғы теңізші Морган Робертсонның «Әурешілік» атты повесі жарыққа шықты. Өзінің алғашқы сапарында суға батып кететін «Титан» кемесі жайлы жазылған. Кеменің сипаты дәл осы «Титаник» іспеттес. Бүгінгі апатты он төрт жыл бұрын Морган Робертсон қалай болжаған десеңші.
Ол шығарманы Смит де, Исмей де оқымаған. Бұл да «Титаниктің» алғашқы сапары. Білетіндердің айтуынша, Робертсон-жазушы өзінің түсінде көрген әлдебір апатты баяндаған секілді. Бәлкім, түсінде осы «Титаникті», оның рулінде тұрған ақ басты, ақ сақалды теңізшіні көрген де болар. Ақ басты теңізші ол — осы капитан Смит...
Арада бірер апта өткен соң әлем Робертсонның он төрт жыл бұрын жазылған повесін айтып шуласады да, оны нағыз көріпкел пайғамбарға балап шыға келетінін Смит білмейді, әрине. «Титаник» зұлматынан соң Робертсон дереу повесінің атын «Титан» деп өзгертті.
Кемедегі дүрбелең күшейе түсті. Кеменің тұмсығы суға шөгіп, дифферент көзге ұрып тұрды. Брюс Исмей ар мен ұятты белге түйіп қойып, жөнелтілгелі жатқан қайықтардың біріне еш рұқсатсыз отыра кетті де, өзі қолдан жасаған апаттан солай қашып құтылды. Ал, Смит олай ете алмайды. Исмейге қарағанда мұның ұяты қоюырақ. Қайық жетіспей жан тәсілім ететін жолаушылардан мұның жаны ардақты емес. Солармен бірге арғы дүниеге аттана салғаннан дұрысы жоқ. Кемедегінің жаны бір. Бұл да кінәсіз емес. Исмейге қарсы шығып, кеменің жүрісін баяулатқанда, мына қырғын болмас па еді... Алпыс екі жыл өмір сүрді, ащы-тұщыны татты. Абыройлы да болды, теңізші болсам деген мақсатына жетіп, екі алып құрлықтың арасында армансыз жүзді. Одан артық не өмір керек? Қанағат. Күллі өмірі теңізде өткен екен, өлімі де теңізде болғаны жөн секілді. Символика!
Осылайша өзіне өзі үкім шығарды.
Исмейдің тірі қалғаны да дұрыс шығар. Мына апатқа жауап беретін де адам қалу керек қой жер бетінде.
Мұны қағып-соғып, кеменің арт жағына қарай анталағандарға қарап тұрып, көзіне адамдарды өкшелеп қуып бара жатқан ажал елестегендей болды. Олардың қаншасы бұған лағынет жаудырып жатқанын ойлап, мәңгіріп қалған Смитке айналадағы жойқын шу еміс-еміс қана естіледі. Өз ойымен әлек боп тұрған капитанға енді ештеңе де қызық емес еді. Адамның кеуденінен жаны шығардан бұрын, көмейінен жан даусы шығады дейді. Ажалдан қашқан кемедегі сансыз пенделердің жан айғайы осы сөздің дәлеліндей көрінді. Капитан айғайлаған да жоқ, өлімнен қашуға әрекеттенген де жоқ. Өйткені ол манадан бері ол бұл дүниенің адамы емес-ті. Жаны да, рухы да, тәні де мұхиттың көкпеңбек суына айналып кетсе ғой. Құрлықтан гөрі теңізді жақсы көретін жанның қиял-ғажайып арманы аяқ астынан осылай құбылды.
Альбатрос атты ала қанат алып құс бар. Осы Атлант мұхитының батыс жағалауларында көп кездеседі. Ол жайлы аңыз да көп. Соның бірінде былай айтылады, ерте заманда мұхитты кезу үшін үлкен қайық жасап, бірнеше балықшы мұхитқа аттанады. Ә дегенде сапарлары керемет, қызықты болып, жағалаудан қалай ұзап кеткенін байқамайды. Екі-үш тәуліктей өткен соң ауа райы түнеріп, аспанды қою бұлт торлайды да, жұлдыз бен айдан мақұрым болған бұлар дүниенің төрт құбыласынан шатасады. Желкенді қайық бұларды мүлдем басқа жаққа апарып тастағандай әсер береді. Жағалау көрінбей қалғанша жүзе берген бұлар бағыттан адасады. Айналаның бәрі су, көкжиек атаулы теп-тегіс, құрлықтың, тіпті аралдың болса да сұлбасы көрінбей қалады. Батыс қайсы, шығыс қайсы екенін білмей, ағыс пен желге еріп, далбасалап, бастары ауған жаққа жүзе беріпті, жүзе беріпті. Теңізді мұнша үлкен болады деп тіпті ойламаған жиһанкездер адасқандарын сезеді. Сонда да өмір сүруден үміттерін үзбеген байғұстар жағалау іздегендерін тоқтатпайды. Азық-түлік таусылады. Шаршайды, әлсірейді. Қасақана аспаннан бұлт арылмай-ақ қояды. Ақыр соңы ауа райы бұзылып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Бірнеше күннен бері құрлыққа шықпаған кемелері су сіңді боп, бата бастайды. Кеме аударылып, өлімнен басқа жол қалмайды. Тіршіліктен күдерін үзеді. Сонда арасынан біреуі көкке қолын жайып, тілегі орындалмасын білсе де, тәңіріне жалбарынған көрінеді.
— О Жаратқан! Жағалауға ұшып жететін қанат бітіре көр!
Осы кезде ғажап уақиға болады, аспанда найзағай ойнап, аласапыран болып жатқан теңізді жарқылымен бір шаншып алды да, сол сәтте бұлардың тілегі орындала кетіпті. Бойларына қанат бітіп, альбатросқа айналып кетеді де, мәңгі-бақи Атлант мұхитында қалып қояды. Осылайша құстың сүйек тұмсық, ала қанат түрі пайда болған екен. Теңізде жүзген кеме, қайықтарды айналшықтай беретін себебі солай деседі...
Адамда құдірет деген болмайды. Дәл қазір Смитке әлдеқандай шексіз мүмкіндік берілсе ғой... Онда адамдардың бәріне қанат бітіретін еді. Екі мың шақырымдағы жағалауға қатарласа қанат қағып, ұшып барса... Тіпті альбатросқа айналса да мейлі. Тек су түбіне кетпей, жарық дүниеде жүре берсе болды. Немесе, мана өзі ойлағандай теңіздің суына айналып кетсе, шіркін. «Титаникті» жұтпас еді. Тереңіне тартып әкетпес еді...
Мырс етті. Болмашы қиялға беріліп кеткенін аңғарды. Қисынсыз ойдан тез жалықты да, ары қарай беттеді.
Өлім! Капитан бұл шешімді бағана түпкілікті қабылдаған. Кеменің қозғалысын басқаратын кабинетке аяңдады. Өңмендеген су ол жерге де жетіп қалыпты. Адамдардың ажалдан араша шақырған айғайын естігісі келмегендей есікті ақырын жапты да, кабинетке ерекше қимастықпен көз тастады. Он екі жасынан бергі таныс көріністер. Ана штурвалды ұстап, ажалды қарсы алса қалай болар екен?.. Капитанның руль орналасқан кабинетке кіріп кеткенін ешкім де аңғармады. Кабинеттің іші алакүңгірттеніп, теңіз түбіне салынған әлдебір сұрықсыз мекенге ұқсап кетті. Алапат су секунд сайын көтеріліп, терезе біткенді тұмшалап алды да, әлем атаулы тек судан тұратындай, кеменің шөгіп бара жатқанын ұқтырып, айналадан ештеңе де көрінбей қалды. Адамдардың айғайы, музыканттардың скрипканы өршелене тартып ойнатқан саздары, дүрбелеңге толы палубадағы жанталас... бәрі-бәрі алыстап, мына мылқау әлемде бұл жалғыз өзі ғана қалғандай қорқынышты әсер берді. «Адам жалғызілікте өледі». Әнебір жолы мұнымен теңізде сапарлас болған бір философ осылай деп еді.
Кеме сықыр ете қалды. Демі жиілеп, тынысы тарылған Смит өзіне қарай келе жатқан әлдебір сұмдықты сезді. Кеменің өне бойы тағы да сықырлады. Алып кеме өзін жұтуға айналған топан суға төтеп бере алмай, ішкі бұлқынысын солай ұқтырмақ болып, терең күрсінген секілді болды. Ауыр ойдан арылған капитанды енді ғаламат үрей билеп, жан-жағына көз салды. Есікке тұра ұмтылып, жарық дүниеге қарай қаша жөнелгісі келді. Рас, мына кабинеттен шықса, кеме толық суға кеткенше өмір сүре тұруына болады. Есікке беттеп үлгермеді. Кеме ащы дауыспен ышқынды да, мұның құлағы тұнып, ештеңені естімей қалды. Ғаламат дыбыспен айнала төңірек өкіргендей болып, оң жақтағы терезе шарт сынды. Сол-ақ екен, сыртта лықсып тұрған топан су кабинеттің ішіне адам айтқысыз жылдамдықпен құйыла түсті, құйыла түсті. Қашуға үлгермейтінін сезген Смит дереу штурвалға жармасты. Жан-дүниесін буған қорқыныш деген пәлекетті мүлдем ұмытуға тырысып, денесін тіп-тік ұстап, қасқайып тұрды. Суға емес, мұзға шомылғандай денесі қарысып сала берді. Келесі секундтарда Смит-капитан штурвалды да көрген жоқ.
Мына жалған дүниені соңғы рет көріп қалмақ боп көзін ашып еді, бұлдыр судан өзге түк те көрінбеді. Сірә өмір дегеннің бұлдыраған сағым екендігінің бір белгісі осы болар. Саутгемптонда қалып қойған әйелі Сара мен қызы Элен елес беріп, беймәлім қараңғылыққа біртіндеп сүңгіп бара жатты. Сүңгіп емес-ау, өне-бойы, бүкіл денесі мұхиттың мұп-мұздай суына айналып бара жатқандай... Арманы сол еді, ендеше арманына жетті. Бірақ альбатросқа айналмады. Аңыз екі рет қайталанбайды.
Әкесінің айтқаны айдай келді.
Арада он минут өткен соң алып кеме мұхиттың түбіне мәңгілікке шөгіп, көзден ғайып болды.
* * *
«Титаник» апатқа ұшыраған орынға біраз күннен соң арнайы топ жетіп келді. Жетіп келді де, опат болған адамдардың мүрделерін іздестіре бастады. Қанша іздестірсе де, Капитан Эдвард Джон Смиттің денесі еш табылмады. Сірә кемемен бірге мұхиттың түбіне шөгіп кеткен. Мұхиттың бұл тұсының тереңдігі 3 500 метр. Ол жаққа дейін сүңгіп, барлап қайтатын сүңгуір техника әлі ойластырылмаған. Ондай техника пайда болам дегенше, капитанның тәнінен жапырақ ет те қалмайды.
Теңіздің қақ ортасына ескерткіш орната алмайсың. Әйтпесе мына Эдвард Смит тәсілім болған орынға қасқайған ескерткіш тұрғызылар еді.