(Ертегі)
XX - ғасыр ма,
Жоқ әлде одан бұрын ба?!
Алған құдай қырына
Көп елдердің біріне
Сайланыпты бір патша.
Сілейе ішіп таң атса,
Ессіз - түссіз сұлайтын,
Төсегіне кеш батса.
Сол патшаның кезінде
Жын елестеп көзіне
Күмілжумен қараған
Өзге түгіл өзіне.
Ақтарып шаң-шаң тарихты
Талқысына сапты халықтың.
Патшалардың өткенін
Ісін істеп шалықтың.
Бірін десе қанішер, бірін ұры атаған.
Ебін тауып әрбірін қылмысты іске матаған.
Адал, шыншыл періште
Артық туған атадан
Өзі болып шығыпты.
Қорқақ біткен жалпақтап,
Жағымпаздар жалтақтап.
Тұрған сәтте жалтақтай
Бір жүректі ер шығыпты.
-Өлгендерге ит айтақтап,
Патшам, аспа әдептен!
Сол сәтінде бір төтен
Айғай шықты ортадан.
-Ниеті бұзық бұл бөтен
Жан екенін сан рет
Айтсам да, патшам, еңіреп,
Ілмедіңіз құлаққа.
Патшамызсыз ел сеніп...
-Деп әлдекім шыға келді белсеніп.
Азан - қазан айғайдан
Кеткендей ед теңселіп.
Зал түгіл байтақ төңірек
Айтар болсақ бейнелеп.
Мың сиыр жатты мөңіреп,
Үдере соққан дауылдай,
Селдете құйған жауындай.
Жүректіні уәзірлер
Итше талап жабылды - ай,
Бір - ақ сәтте мықтады.
Үндемеу керек ұққаны,
Бірақ бәрі кеш еді.
Залдан қуып шыққан - ды
Жан алғыштай жандарал
Желкеден түйіп қалғанын
Көргенде түсті алдына
Тәрік етіп асыл арманын.
Ет жүрегі көргендердің шайылды,
Ал қауесет елден - елге жайылды.
Есіретін езулерін жия алмай,
Сөзуарлар бола қалды пайымды.
Не істесе де патшанікі жөн деді,
Ал патшаның арта түсті менмені.
Күнде жұртты жиып алып алдына:
«Мен білемін, мен...» - деді.
-Бүгінгі ұрпақ қалай өмір сүрерін,
Трактордың ағытамын түренін.
«Тракторшы» ұғым деген болмайды,
Ал трактор басқарусыз жүрерін
Көздерің мен көрерсіңдер күні ертең
Демейді ел қалай, қайтіп күнелтем?
Елде байтақ коммунизм орнатам,
Тыңмен бірге айды - дағы түлетем.
Онда да біз астық егіп орамыз,
Алтын дәнге қамба түгіл толады ертең қорамыз.
Дәл сол жылы қалың егін орылмай,
Қалды дейді қар астында қараңыз.
Ал патшамыз, шығып келіп шетелге,
-Бізден жалқау, бізден марғау өтер ме?!
Аналардың иті жатыр май жемей,
Мына сендер жетпейді деп ет елде.
Қақсауменен алушы едіңдер мазаны,
Соны айтқандар болсын тегіс жазалы.
Бас уәзір, уәзірлерді ірікте!
Жол бермеңдер қалайдағы бүлікке!
Қаскөйлерден қатарымыз тазарсын.
Ел ырысын арттыруға қарсылар
Әлі - дағы қатармызда бар шығар?
Сауал қойып, патша жұртқа қарады.
Арам ойы талайлары қара терге малшынар.
Күткенінен асып түсті патшаның.
Талайлары күрт өзгеріп қас-қағым,
Бірін - бірі иегімен нұсқады.
Әркім меңзеп, тұрғандығы дұшпанын,
Бесенеден боп тұр еді белгілі.
-Білу керек, қане, айттыңдар ел мұны,
-Деген еді патша жүзін суытып.
Деп ішінен: «Өңкей мәңес, делқұлы
Уысымда осылайша ұстайын,
Сырттағы елден білер дейсің кім мұны?!»
-Деген ойға әп -сәтінде тұрақтап,
Кеңес біздің ел сенімін жүр ақтап.
«Патша шешім қабылдады кеңесте
Деп газеттер кеңес ісін жүр мақтап»
Деген сәтте редактор ыржақтап,
Көзі ойнақшып, басы кеткен бұлғақтап.
Қайдан білсін, қайдан білсін, ол бейбақ
Тұрғандығын патшасының сыр сақтап?
-Қазақ деген етшіл халық тегінде,
Қонағы болып, қазы - қарта жедің бе?
-Тақсыр, патша, талай рет көсілгем,
Қонақжайлы қазақтардың төрінде.
Қазы- қарта, жал - жаяны, шұжықты,
Жей отырып, жайларды сан қызықты...
-Тамаша екен, сенің мұның,- деп патша.
Деп әлгінің сөзін кенет бұзыпты.
-Сол өлкеге барып қайтқын сайрандап,
Уәзір біткен бұл сөзіне қайран қап,
Таңырқасып бір-біріне қарасты.
Бұл немеге қонғанына мұнша бақ.
Тапсырма алып, патшасынан оңаша,
Тілші байғұс күй кешулі ед тамаша.
Тапсырмасы: шаруаның жеке малын анықтап,
Жылқылардың ебін тауып санатса,
Соның бәрін жіпке тізіп,
Тілші бұған жалықпай,
Қазақ жерін кезді дерсің шарықтай.
Назарынан тыс қалмады, ақыры,
Қотыр ешкі, қорадағы арық тай.
Қанған патша тілшісінен мән-жайға.
Шыға келді салып бірден айғайға.
-Қазақ қана патшалықта байыған,
Өзге ұлттар қара нан мен шайынан
Бас көтермей таршылықта күн өткен.
Ұшына ма табақ-табақ жесе еттен!-
Деп ақырды қабақ түйіп зілдене.
-Фактілерді фельетонға тізбеле,
Фельетонын болып шықсын азулы!
Таяқ ұшы тиіп жатсын бізге де.
Көп ұзамай фельетон да басылды,
Патшаекең пәрмен берген ашулы
-Қымыз ішу, қазы шайнау- ескілік,
Қойсын қазақ бей-берекет тасуды.
Қымыздан да сыра, арақ пайдалы,
Сары сыра- денсаулықтың қайнары.
Осы сөзді естігенде қазақтың,
Қызып бойда қызыл қаны қайнады.
Кіжінумен күндер өтті бірақ та.
Өткеннен соң бір апта
Түйе, жылқы кете барды жер ауып,
Жетім қозы жайлап жатты құрақта.
Жылқы етінен,
Шошқа етінен қосып шұжық жасаған,
-Кешір өзің біз пақырды, Жасаған!
Сол шұжықты жемегендер жоқ еді,
Өзге түгіл пірадарлар да асаған.
Ал патшаға қазақ ханы хат жазып:
-Еш елде жоқ елім ерен тапты азық.
Сол халықтың атынан сізді шақырам,
Қонақ болып қайтыңыз деп бой жазып.
Патша тіптен хатты алып есірді:
-Мендей патша болған емес шешімді.
Бурабайда суға түсіп салқындап,
Баянтауда өткізейін кешімді.
Жолға, қане, қамданыңдар дереу!- деп,
Шыға келді есуас неме елеңдеп.
Қазақ біткен қоғадайын жапырылып,
-Патша Ағзам жатыр бізге келем деп.
Тек бір кемпір сырын сақтап ішіне,
Әлденені түсіре алмай есіне,
Көп ойланып баласынан сұраған:
-Биемді алған осы патша кесір ме?
-Иә,- деген баласы да шешіле.
-Келед екен біздің Есіл төсіне.
Баласына мәз боп тұрған тесіле
Қарап кемпір: «Келген кезде айтарсың,
Күн қақты боп жол тосамын несіне?!»-
Деген- дағы кетпек еді үйге кіріп-ақ.
Ойға шомып, тұрып қалды бір уақ.
Кенет, кенет күйеуінің даусы,
Дауысынан жаңғырып тау іші.
-Осы, ит неме, өліміме кінәлі!-
Деп ойлаған « есім білем ауысты».
Күңіреніп кеткендей ед сай-сала,
Өскен құрақ, теректер де жайқала,
Оның даусын қайталаудан тынбаған.
Тұрды кемпір орнынан шайқала,
Кібіртіктеп өз-өзіне келе алмай,
Көз алдына келді шалы, ой, Аллай!
«Кегімді ал!» дейтіндей ме , жібермегін өшімді.
«Тынба, тынба» деп тұрғандай кек алмай,
Жылқышы еді ол құс қанатты тұлпар-ды.
Мәпелеген өмір бойы тарқамаған іңкәрі,
Бір-ақ күнде жылқы малын жоймақ болған.
Жарлығы оған көрінген-ді тым қаһарлы,
Сондықтан да ол ара түскен құлындайтын биеге.
-Обал,- деген,- құлындарды өлтіру.
Сөзін оның айналдырып күйеге:
-Мына малғұн, қарсы шықты патшаға,
Рауа оны, осы арада атса да...
Тұтқындаңдар, тергетейік біз мұны!
Дегенде сол ұлықты жақтаса,
Мұндайларды болмайды, сірә, атпаса,-
Деп жылмаңдап бір жылқышы енді бірі
Сол бір сәтте боқтаған.
Қорлығына шыдай алмай бұлардың
Сорлы шалдың ет жүрегі тоқтаған.
Орнынан көтеріліп, киген мәсі, галошын.
Немерелерін қуып тастап шуылдақ,
Мінәжат қып, бір Аллаға сиынған.
Содан кейін топқа келген жиылған.
Сол бір сәтте жұрт жапырылып бас иген,
Музыканың әуезі үні көктен төмен құйылған.
Әлденені қыса салған қолтыққа,
Кемпір алға шыға берген сол тұста.
Қарсы алдынан топ келеді жақындап,
Жұрт қалтырап қаһарынан қорықса,
Кемпір оған қасқая бір қараған.
Жынын шашар аш бурадай жараған,
Қолтығынан алып көне кебісін
Атып ұрды.
Жарқылдап жау жарағы
Күзетшілер сол кемпірге тап берген,
Кемпір пана сол сәтінде тапты елден.
Мұндағылар улап-шулап жатқанда,
Асырған ед жүйрік атпен сан белден.
Білем деген, көрдім деген жан шықпай,
Тергеушілер амалы жоқ берді ықтай.
Бірі тиді дейді кебіс патшаекеңнің басына,
Қасы түгіл мазақ болған досына.
Патша болса:
- Кемпірді сол қумаңдар!-
Депті дейді соңына ерген қосынға.
Рас па, бұл өтірік пе - білмедім,
Бей- берекет келмейді елді тілдегім.
Арсыздардың арын сатқан, намыссыз,
Білем оның арсыз бетін тілгенін...
Сүлеймен Баязитов