АҚЫЛДЫ ЕССІЗДІК
(Хикая)
Тағдыр тосын таңғажайыптарға толы. Атар таң мен батар күннің қандай сый дайындап отырғандығын адам санасы біле бермейді. Тағдыр теңізінің толқындары кеме желкенінің қалай бұрылатындығына байланысты жылжып отырмақ. Бірақ, кей кездері кеме күшінен тағдыр толқындарының басым болмақ тұстары қылаң беріп, желкенді амалсыздан өз ырқына көндіріп ала жөнелетіндігі де бар. Сондай сәттерде асылы толқын тәркегіне көнбек керек. Жан айқайыңмен қанша қарсыласып, өз дегеніммен жүремін десең де, желкеннің жан ұшырған жаңғырығын тулағантолқынның ойнақы әуені оп-оңай лезде жұтып, жоқ қылып жібермек. Мұндай сәтте желкен жаңғырығының жоғалғаннан гөрі, толқын әуенімен қосылып, сапарды әрі қарай жалғастырғаны жөн.
... Ол ұзаақ ойланды. Жер-жаһаннан өзге жан таппағандай-ақ үш қайнаса да сорпасы қосылмас қыңырайған табиғатқа ғашық болған екен. Ал ол болса мұның жанарынан атылып шыққан шоқты, жүрегінде тұтанып, тұла бойын өртеп бара жатқан жалынды көрген де, байқаған да ишара танытпаған. Тек әлсін ғана иығын қос қолдап ұстап қалғанында мұның денесін әлдене шоқтай қарып, белгісіз бірдеңенің лебі ақыл-ойы мен жүрегін алып бара жатты. Бір секундтық қимылдың ендігі қалған тұтас ғұмырына жетерлік ғашықтық дертіне душар етерін жас сұлу дәл сол сәтте дөп басып білмесе де, сезгендей еді. Енді міне «Қыздың табиғатын Құдай өзі қағажу жаратқан»,-деген бір ауыз сөз өзіне арналғандай-ақ дүбәра хәлге тап болды. Сонау алып-ұшып жүрген он сегізінде ақбоз атты ханзадасын көз алдына елестеткен кезі кенеттен есіне оралғанда, не күлерін не қамығарын да білмей, басына сан қилы қисынсыз болжамдар топталып арадай үймелейді. Оның махаббаты ешқандай есепке де, ешқандай болжамға да сүйенбеген, өзі де білмейтін беймәлім бір тылсымға ғана құлақ асқан пәк қалпында еді. Осы күнде адамдар өздері мойындағысы келмесе де тайға таңба басқандай болып көрініп тұрарлық бір жиіркенішті жайыт бар. Мынау қоғамдағы сүйіспеншілік пен махаббат атаулы адамдықты азғындықтан ада қыларлық пәк сезімнің барлығы белгілі бір ессіз есепке я болмаса арсыз құмарлыққа негізделіп қана құрылатын болып кетті. Адамдар бірін-бірі қалтасының қалыңдығына я болмаса бет-пішінінің артықшылығына қарап, немесе тұла бойында улы жыландай ысқырып тұрған құмарлығын қанағаттандыруына байланысты жақсы көретін күйге түсті. Асылы адамзатқа жиырма бірінші ғасырдан бұйырған жалғыз дерт осы болса керек. Өйткені бұл дерттен арылса күллі ғалам барлық дерт атаулыдан аласталған болар еді.
Адамзат атаулыны құтқаратын да құртатын да жалғыз нәрсе – махаббат. Пәк махаббат жәндік екеш жәндікке де зиянын тигізуден аулақ болмақ, ал мұның махаббаты шиеттей балаларға қастандық жасауы мүмкін бе сонда? Татулығы тонның ішкі бауындай болып-ақ отырған отбасының ойранын шығаруға қауқары жетерліктей бұл махаббаттың сонша құдыреттілігі ме? Әлде көкірегіндегі еш есепке де, құмарлыққа да құрылмаған сезімі соншалықты айуандыққа бармақ па? Арғысының жауабын өзі де білмейді немесе білсе де білгісі келмейді. Қоғамға пәк махаббат қана керек дегеніміз дұрыс-ақ. Бірақ мұның сезімі соншалықты пәктікке ие бола отырып қылмыс жасаса оның кімге керегі бар? Дәл сол сәтінде өз махаббаты өзіне қарғыс жаудырып, теріс батасын беріп жіберсе не болмақ? Ол ұзааақ ойланды... Байқаса одан өзге де сансыз кедергілер болашаққа барар жолын торуылдап, қарақшыдай кесірін тигізбек екен...
Таң бозарып қылаң бергенге дейін ой ғимаратының бір бөлмесіне кіріп бір бөлмесінен шығып ұзааақ уақыт көз ілмей жатты. Кенет құлағына бір адамның ыңылдап қана ақырын айтқан әдемі де әсем әні талықсып естілген.
...Жазылмас дерттің дауасын,
Жанымау кімнен,
Жанымау кімнен сұрарың?
Ғашықсыз өмір өмір ме?
Егілме, жаным, егілме.
Көктегі күнге қол созған,
Не дерсің мынау көңілге?...
Мынау айтылған ән де, бозарып келе жатқан таң да, жұтылуға айналған ай да мұның дәл қазіргі ойларымен астасып көңіліндегі бояуын қанық қыла түскендей. Жастайынан ерте жатып, ерте оянуды әдет қылған әкесінің бозала таңда тыныштықтың рахатын сезіне отырып тамылжыта ән салатын дәстүрі барын ол бүгін бірінші рет білген еді. Дәл осы күйін жалғыз әнмен сипаттап, жан-дүниесінүнсіз ұғынған жаһандағы жалғыз адам әкесі іспетті көрінді. Адамдар арасында мұндай үнсіз гармонияның болатындығына алғаш рет сүйсінген сәті осы еді.
Ол көөп аңсайды... сонау бірнеше ғасыр бұрынғы ата-баба дәстүрінің отырса опақ, тұрса сопақ күй кешпеген кезін армандайтын болды. Тіптен қатты аңсайтыны соншалық жиырмасыншы ғасырда өмір сүргенінде бұған да «Ескілікті аңсаушы» деп айып тағылып, атылып кеткен болар ма еді кім білсін. Көшпелі қазақ қоғамында туылған болса Есенейге еш ойланбастан тоқалдыққа тиіп кете берер еді. Ол ұзаақ ойланды... Байқаса сол заманда қызды өзінен үлкенірек адамға екінші, үшінші әйел қылып беру әбестік болмаса да, кейбір жастарды ғашықтығын ескеріп теңіне қосу кешірілмес күнә іспетті қабылданған. Бұрынғы заманда өмір сүргенінде бұлар сөзсіз қосылар еді, ал бүгінгі заманның ағымы екеуіне Еңлік пен Кебектің құсасын ішкізіп, керін келтірер ме екен? Осы оқиғадан бері Найман мен Тобықтының арасында атам заманнан ада болмай келе жатқан дау бары да белгілі. Кешегі Есенейге айтқан алғашқы әрі соңғы өтірігі мұның жүрегін әлі жұлмалап жатыр. Есенейдің найман руынан шыққанын білгендіктен, бұл өзінің тобықтыдан екендігін жасырып қалған тұғын.
Мұның махаббатын өзгелерді былай қойғанда өзінің ата-анасы қалай қабылдар екен? «Жап-жас атпалдай азаматтың бәйбішесі болардай-ақ қызсың, өзгенің отбасын ойрандап, үйлі-баранды адамға тоқал болардай не деген әңгүдік сезім ол?»-дейтін болар. Ойрандайтын несі бар, ойрандамай-ақ оңынан туғызбай ма айын? Еһ, жалғанды жалпағынан басып желөкпе болып жүрген қыз жер өз осьінен бір рет айналғанынша жүрегіне тұтас ғұмырына жетерлік қайғы-қасырет жамап алуын қарашы! Сайтаналғыр-ай!
Бұл күнге дейін таңсық болған бір үрей кешегі күннен бері оның тұла бойын толығымен торлап алды. Осы үрейдің жөні де, жолы да бөлек. Адамды жігерлендіріп алға жетелейтін, сенімін жықпайтын жалғыз нәрсе – болашақ жайлы ойлары. Ол болса болашағынан жігер алудың орнына үрейленетін күйге жетті.
Осыдан тұп-тура бір күн бұрын ол оны алғаш көрген еді... Мейірім мен қаһарды қатар шашқан көзқарасы, шынайылық пен ұлттық құндылықтарға толы бекзат болмысы, әсерлі де әдемі әңгімесі әңгүдік сезімнің тууына әсер етпей қоймады.
Көктемнің көк майсалы бір күнінде Тарбағатайдан Жетісуға адуынды Есеней ақын келді дегенді естіп, Қазақ ұлттық университетінде оқитын бір топ студент ақын жастар арнайы амандасып қайтуға барыпты. Жазушы, ақын, жыршы атаулы қауымның қадыры қашыңқыраған осынау заманда жастардың арнайы іздеп келгеніне Есеней дән риза болды. Әдебиет, өлең, ақындық жайлы әдемі әңгімесін айтып қана қоймай, салиқалы сұхбат та жүргізеді. Бір кезде тосыннан:
-осы қазіргі жастардың түсінігінде жақсы адам деп қандай адамды айтамыз? Жаман адам деп кімдіатаймыз? –деп сауал тастады.
- Аға, адамның жақсысы мен жаманы болмайды ғой. Тек біз ессіз эгоизмге салынып өзіміздің таным-түсінігімізге сай келмегені үшін яки дәл біздей ойлап, тура біз қалаған өмір салтын ұстанбағаны үшін кей адамдарды жаман деп ат қойып, айдар тағамыз. Бұл деген нағыз эгоизм ғой. Неге адамдар біз қалағандай болуы керек? Тіптен қала берді біз осылай жасандылықтың жасалуына өзіміз себеп болатын секілдіміз. Айталық, қыз жақсы жігітке тұрмысқа шықсам дейді. Жігіт жақсы бір қызға үйленсем дейді. Осылайша екеуі бір-біріне жақсы болып көрінуге тырысып, жаман жақтарын жасырумен әлек болып жүр. Ал екеуі үйленгеннен кейін өмір бойы онысын жасырып жүре алар ма? Міне, ажырасудың басты себебі қайда жатыр? Ал сонда мәңгілік махаббатқа қол жеткізем деген адам сүйгенін жақсы, жаман қасиеттерімен толық қабылдауы тиіс емес пе? Олай болса, адамның жақсы-жаманы болмайды. Жаман деген адамның өзінің жақсы дерлік бір қасиеті болары хақ емес пе? Тек соны көре білетін көкірек көзі керек қой?-деп орта бойлы, бадана көзі, қысқа шашы бар, аздап қана жеңіл-желпі боянғаны өзіне жарасыңқырап қалған адуынды қыз найзадай кірпіктерін жалт қадады. Есімін естігеннен кейін Есеней:
Әрі қарай осы отырысқа жиналған жастар Есеней ақынға қолқа салып, жыр оқытты. Жастар тарапынан да ән айтылып, күй ойналып, өлең оқыла бастаған.. Бірер минут үнсіздік орын алған шақта Есеней ой үстінде отырған Көгершіннің өлең оқуын өтінді.
«Жат адамбыз қанша жақын тұрсақ та,
Өзегімді өртке орайсыз бұл шақта.
Бегімайдың күйін кешу үшін мен
Сізге ғашық болар ма едім құрсақта?
Атыңызды жаттайтынмын сүре ғып,
Арман қуып жүргенімде жыр еміп»
Дәл осылай ішкі сырын ақтарды,
Қара түнде бір бұрымды түнеріп.
О,құдырет сен осынша бөлек па ең?
Көкірегін қарс айырдың кенеттен.
Дара талғам қасіретін тудырып,
Жас аруды ірі ақынға тең еткен...
Ішкі сырын бір ауыз өлеңмен жайып салған жас қыздың өнері ақынның жүрегіне ыстық көсеуді басып алғандай әсер етті.
Көгершін бүгін көз ілмеді. Ой құрсауынан ояныпкөз салса төңірек түгелімен жап-жарық екен. Бөлмесінің есігін біреудің енді аша бергенін байқап, қос көзін жұма қойды. Бұл оны оятқалы келген анасы еді.
-қызым, тұра ғой. Бүгін әруақтар түсіне кірді ме, әлгі әкең ертемен ас даярлатып, құран бағыштағалы жатыр. Дәм етіп жүрген болар жарықтықтар. Көрші үйдегі кіші әкеңдерді де шақырдым. Туысқан адамның азары болса да, безері жоқ деген. Әнеукүні әкеңмен қыржыңдасып қалып еді. Енді еш кикілжіңсіз татуласып кетсін. Қалауын тапсаң қар жанады деген. Қайным менің қуырдағымды жақсы көруші еді ғой. Бір қуанып қалсын деп қуырдақ пісірдім. Үүүф... Бастысы көңіл ғой... Ал жақсы жүре ғой, қызым.-деп күңкілдеп кеңесін айтып, мұның тұруға беттегенін байқаған соң анасы шығып кетті.
Аруақтарға ас даярлап, құран бағыштау – мұның бала кезінен келе жатқан дәстүрлі ырым. Кішкентай кезінде әкесі құранын оқып болып барлығы қол жайатын. Бұл да салалы саусақтарын бірлесе ұстап, үлкендер бата қылып болғанша тамаққа телміріп отырып: «Осы аруақтар көп қой. Әкем көөөп адамның атын атап, онымен қоймай осы үйден дәм еткен бааарша аруақтарға бағыштадым дегені несі. Барлығына арналған болса, онда бұл тамақ лезде бітіп қалатын шығар. Аруақтарға жетпей қалса ше?»-деп ойлайтын. Мән-жайды кейіннен түсініп, онысына күлгені де бар.
Ас ішіліп болған соң, бұл жиналып сабаққа баруға бет алды. Университеттің соңғы жылында қарманып білім алуға барын салып жүрген кез. Әрі болашақ үлкен өмірге қадам басуға, қыз болып туылғандағы ең үлкен миссиясын іске асыруға тырмысып талпына бастаған шағы еді. Мұны өз ортасында бір жігіт жанындай жақсы көретін. Артынан жүгіріп, өз дегеніме жетемін деп батылдығымен тәнті қылған сол жігітке жоқ демесе де, көңіл көншітерлік бір жауабын да бермей тентіретіп қойды. Есімі – Ескендір. Ескендірдің ерлігін жасамаса да, мұның қиқарлығы мен қыңырлығының барлығына он бес айдан бері шыдап жүрген жайы бар. Ең үлкен ерлігі – бұл үшін өз нәпсісін тиып, серілік сайранынан бас тартып жүргендігі. Және ең ірі артықшылығы –суық ақылмен емес, жылы жүрекпен шешім қабылдап іс қыла білетіндігінде болып тұр. Ал бүгінгі қоғам мұндай адамдарды «Ессіз» деп атайды. Оны жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейтіні хақ. Ессіздік дегеніміз – адамның бір оқиға барысында ойына ең алғаш келген нәрсені, ең алғаш ойлаған іс-әрекетін суық ақылға салып ойланып жатпай жасай салуы. Әркім өз ойынан хабар беретіндігін ескеретін болсақ, ессіздікпен жасалған кейбір әрекеттің терістігіне адам ойының тазалық концентрациясының төмендігі кінәлі. Олай болса біз адам ойының қандай екендігін тек ессіздік жасау барысында біле аламыз. Алғашқы ойланған ой мен қысқа уақытта жасалған іс-әрекет көрінісінен көп нәрсені аңғаруға болады. Көгершінді Ескендірге байлап-матап жүрген де оның ессіздігінің пәк көрінісі еді.
Ол сабақтан шығып әдеттегідей құрбыларымен апыл-ғұпыл әңгіме соғып аттанбай, шеттетіліп үйіне қарай жалғыз бет алды. Жүрегін бір нәрсенің өртеп бара жатқандығы сонша, ештеңе ойлауға зауқы соқпайды. Терең ой үстінде жүр. Мақатаев көшесімен бойлап келіп оңға бұрылды. Жол шетінде бір бәйтеректің басындағы екі торғайдың жан ұшырған шиқылын естіп, жалт бұрылған еді. Аңдап қараса, ана торғай бала торғайға болашаққа алғашқы қадамын жасау үшін бәйтеректен құлауың керек деп тұрғандай. Шиқ-шиқ етіп баласын бәйтеректің шетіне қарай ысыра бермек . Бала торғай анасына бір, жерге бір жалтақ-жалтақ үрей толы көздерімен қарайлап барып, қанатын сәл құлаштап табанындағы талдан сырғып кетті. Бастапқыда құлап бара жатқандай көрінгенде Көгершін шошып кетіп бәйтерекке қарай жүгіре жөнелген. Оны көріп одан бетер шошынған бала торғай қанатын бірнеше рет сермеп көкке қарай көтеріле бастады. Міне осылайша ол өзінің үрейін жойған еді. Торғай әрекетін ой елегінен өткізіп келе жатқан қыздың алдынан үп-үлкен гүл шоқтары шыға келді. Үлкендігі сонша артындағы адам көрінбей, құдды бір гүлдер өз аяғымен жүріп келе жатқандай күй кешесің. Гүлдердің тасасынан тосын бір сымбатты да аққұба жүзді адам шығып, қыз оның мойнына асыла кетті. Бұл Көгершінге Ескендірдің болашаққа бірге бару жайлы ұсынысы болатын. Бір сәтке қыз өзін жаңағы торғай іспетті сезінді. Жартастан құлауға тәуекел етпесе, бұл да көкке кеңінен қанат жайып ұша алмайды ғой. Онсыз болашаққа да бара алмас еді... иәә, ол қыз қазір бақытты. Өйткені өзгенің бақытын тартып алмай, осылайша ақылды ессіздік жасап өз бақытын тапты... мен оны танимын... Ол ұзааақ ойланды...
Авторы: Қарлығаш Қабай
ЕҰУ , 3-курс