Теміржол. Ешқандай дыбысты естіп, рахат таба алмасам да түнгі аспанға рельстердің маңайында зер салып отырмын. Аспан... Жəй аспан емес жұлдызды аспан... Ести алмасам да, көре білемін. Көп оқимын. Бетховен сияқты композитор болу бақыты маған бұйырмапты. Оның жұлдызды өмірі... Жə, қойшы соны! Кенет, қасыма келіп, Ғалияның аппақ күшігі жайғасты. Ғалия оны Аққар деп атайтын.
- Нұркен, - деді біреу. "Мен естіп тұрмын ба? Ғажап! Мен ести аламын!" - деп қуанып, орнымнан ұшып тұрдым. - Нұркен, бұл мен, Аққар, - деді дауыс. Мәссаған! Өз құлағыма өзім сенер емеспін... Күшік сөйлеп тұр.
- Аққар? - дедім таңқалып.
- Мені сенен басқа ешкім естімейді, - деді. - Сен менен басқа ешкімді де, ешнəрсені де естімейсің, - деді тағы да. Күшікке жақындап барып, көтеріп алдым. Көздерінен бір ерекше қасиет байқадым. Бірақ не екенін білмеймін...
- Иə, күшік. Не дейсің? - дедім көзіме еріксіз жас келіп.
- Сенің отыз жұлдызың қалды, - деді ол маған.
- Қалай?
- Отыз жұлдыздан соң сенің бұл өмірің аяқталады...
Осы сəтте жанымызға Ғалия келіп, маған бір парақты берді. Оқысам, "Бүгін тағы да осында отырмысың?" - деп жазыпты. Иə дегендей мен оған қарап, басымды изедім. Ол параққа тағы да бірдеңе жазды. "Аққарды алып кетейін," - деді. Мен оған күшікті ұстаттым да, соңдарынан ұзақ қарап тұрдым.
Сол түннен бастап мен əрбір аққан жұлдызды санап отырдым. Тағы да бір түн еді. Ғалия менің жанымда отыр. Ол ылғи топтан бөлек жүреді. Достары да жоқ. Тек екеуіміз хат жазысып, сырласамыз. Мектепте тоғызыншы сынып оқитын көршінің қызы, менің жақын досым.
Аспаннан бір кезде үш жұлдыз ақты. "Тілек тіледің бе?" - деп жазыпты ол. Мен - "Жиырма жеті жұлдызым қалды" - деп жаздым. " - Түсінбедім?" "Түсінбегенің жақсы!... Қандай тілек тіледің?" " - Сенің құлағыңның жазылғанын..."
Солай мен күннен-күнге қайғыра бердім. "Мен өлсем..." - деп ойлаймын арасында. Əр түн сайын мен теміржол бойында отыратын болдым. Əдеттегіше, алдымен Аққар келеді. Содан соң Ғалия... " - Мен жоқ болсам, Ғалия кіммен дос болады?" - дедім Аққарға. " - Екеуің қашанғы хат жазысып жүрмексіңдер? Оған да басқа дос табу керек," - дейді Аққар. Мен мұңаямын. Ғалияны қимаймын. Ортадан оқшау қалғанымда жанымнан табылған сол еді... Еһ, жиырма бір жұлдызым қалды...
Ғалия бір кезде: " - Не ойлап отырсың?" - деді. " - Ғалия..." " - Не? Айтсаңшы!" " - Өзіңе басқа дос тап." " - Неге?" - оның түрі өзгеріп, көңілі жабырқап қалғандай болды. Тағы бір кезде бес жұлдыз жоқ болды. " - Оны алты жұлдызым қалды." " - Нұркен, саған не болған? Бұрын бұндай емес едің ғой. Неге жұлдыз туралы айта бересің?" " Бұдан былай менің қасыма келіп, əуре болма!"
Ғалия келесі түні теміржолға келген жоқ. Мүмкін, маған ренжіген шығар. Алдағы күннен үмітімді үзгелі қашан! Өзіме кейде "Нұркен, саған бұйырғаны осы он алты жыл шығар!" - деймін өзімді жұбатып. Бүгін тағы да бес жұлдыз ақты... тағы да үш жұлдыз... Қолымды қусырып, тек қана алдағы күннен ажалды күтіп отырамын. Солай жұлдыздар аға берді. Соңғы үш жұлдызым қалды. Осы түні үйдегілермен қоштасып, əрқайсысын қатты құшақтап, " - Бүгін мені күтпеңдер! Ұйықтай беріңдер!" - деп жаздым.
Теміржол. Əр рельсті басып, асықпай жүріп келемін! "Хош, Ғалия!" - деймін іштей. Кенет, құлағыма Аққардың дауысы келе бастады. "Нұркен, осы үш жұлдызбен сенің керең болған күндерің шегіне жетеді. Сен бақытты болуға, ұзақ өмір сүруге лайықсың. Сені алда талай қуанышты күндер күтеді. Сен Ғалияға керексің, сен оның жалғыз досысың. Оны сен ғана түсіне аласың. Жүгір, Нұркен! Асық жарқын болашағыңа!" - деп дауыс жоқ болды. Мен жүгіріп келемін. Бір кезде мен əлемді естідім. Құлағыма пойыздың дүрсілі естілді. Сигналын басып келеді екен. Қандай бақыттымын! Мен естідім, естідім! Қуанышымда шек жоқ!
- Нұркен, Аққар, - деген қыздың айғайлаған дауысы естілді. Бұл Ғалия ғой! Аққар! Аққар қайда? Айналама қарасам, ол жоқ. Пойыз өтіп болған соң қарасам, Ғалия жолдың арғы бетінде тұр екен. Екеуіміз бір-бірімізге қарай жүгірдік. Ол мені құшақтап алды. Үнсіз...
- Ғалия!
- Нұркен! Сен... сен сөйлей аламысың?
- Иə!
- Мені естіп тұрсың ғой! - деп ол қуаныштан көзіне жас алды. - Аққар қайда? - Екеуіміз де рельске қарадық. Анау жерде ақ күшік жатыр екен. Ғалия: - Аққар! - деп жылай бастады. Барып қарасақ еш салмағы жоқ ойыншық... Өз көзімізге өзіміз сенбей, бір кезде қарнын ақтара бастадық. Табылғаны тек қана мақта. Бұған мен де, Ғалия да аң-таңбыз.
Түрі Аққардан айнымаған ойыншық күшікті қолымызға алып, екеуіміз кетіп барамыз. Мен оған бəрін айтып берудемін. Ал Ғалия:
- Бастысы, сен амансың! Менің тілегім қабыл болды! - деді де менің бетімнен сүйді. Менің мына түрімді көріп, үйдегілер де мəз!