Адасқақ

 

     Бүгін  оны соңғы рет көруі. Еш алаңсыз ұйықтап жатыр. Осыдан кейінгі өмірі не болады ? Белгісіз... Осы ой оның көкейін тесуде. Күдігінен гөрі үміті басым.  Дүниеге келгеніне екі айға жуықтап қалған Күләші  оның  өмірін басқа арнаға бұрды. Заттарын буып –түйіп, Маратты күтіп отырған сәтінде  Күләштан көз алмады. Сара тәтесі  кішкентай Күләшті  өз қызындай көріп, бауырына басарын біледі,оған сенеді. Бір жағы алдында күтіп тұрған жарқын болашаққа жас көңілі елеңдей қараса, бір жағынан  сәбиін мәңгіге тастап бара жатқанының  дұрыс екеніне күмәнмен  қарайды. Терезесі күн сәулесінен газет беттерімен қорғалған , жиһаздары көне  аядай бөлмеге  ақ жейде мен кең балақты пүліш шалбар киген,ұзын бойлы,  жауырынының  сүйегі көрінетін арық, жейдесі иығында салбырап тұрған  Марат кіріп келіп:

-Зина , дайынбысың?Кеттік .Автобус  10 минуттан соң жүреді.Кешігеміз,-деді.

-Иә. Міне ,мына заттарды алып шыға бер,-деп, жердегі бір-екі сөмкені нұсқады.Марат  сөмкелерді көтеріп,сыртқа беттеді. Зина  кішкентай Күләшті  иіскеп біраз тұрды да, «кешір» деп,бетінен сүйді.Орнынан тұрып ,қол сөмкесін иығына  асып,есіктен шығарда Күләшқа  тағы қарады.Кішкене періште ұйықтап жатыр. Көз  жасының қалай үзіліп түскенін байқамады...

 

Тұрғаны бар ,отырғаны бар  автобус  толы адам.Соңғы  жақтағы  орындарына отырған соң, Марат заттарды реттей бастады. Терезе жақтан орын алған Зина  қоңырқай күзбен астасып, одан сайын сүреңсіз  көрінген аулына  елеусіз көз тастады. Есінен Күләші кетпей тұр. Езуін жимай отырған Мараттың  «қызын»  мүлде ойлап отырмағаны ,ойламайтыны да көңіліне жеткенде  оған ренжи қарады. «Не де болса ,болар іс болды. Жаңа өмір бастап, бәрі жақсы болады» деген ойды ішінен қайталай беріп, мазасыз  көңілін соған сендірмек болды. 18 жасар Зина жалғыз сенгені Маратпен қателіксіз  өмір кешуге аттанып бара жатты.Қазан  айының соңы болса да күн жылуын молынан төгіп тұрған күз мезгілі болатын...

     Қолдарына шоқ гүлдерін ұстап, аяулы алтын ұяларымен қоштасып ,толқыныстары мен қуаныштары теңесіп тұрған 40-тан аса түлектің арасында  шілтер жеңді фартук  пен  кеше ғана анасы Сара қуанышын еселеп қаладан әкеліп берген кішкене ғана тақасы бар қара туфлиін киген Күләш та бар .Он жеті жыл өтті. Күләш  та он жетіде.  Мектеп директоры сөз сөйлеуде. Жымия  қарап  отырған анасына күлімдей  қол бұлғап тұрған Күләштің  бүгінгі көңіл- күйі  керемет.Лактелген жаңа туфлиі жалтырап ,қарай береді.  Анасының берген тәрбиесі  ғой, бәрімен дос, бәріне жомарт, бәріне ақкөңіл. Салтанатты жиын аяқталып , түлектер ғана  аттестаттарын алуға  мектепте қалды. Таусылмас ән –жырдан соң түлектер бір-бірінің қоштасу альбомдарына тілек жазысып, ендігі істері жайлы, оқуға тапсырар-тапсырмасын  сұрап  у-шу болуда. Аппақ алып бантиктері  ұзынды-қысқалы шаштарына жараса тағылған  бойжеткендер мен  жақсылап қырланған кәстөм-шалбарларымен ақ жейдені киген өңкей бозбала  жайнап,жарасып тұр.  Сыныптасының альбоміне  тілек жазып беріп жатқан Күләшқа   қойдай  жуас, қара торы , елдің алдында да артында да емес  орта бағамен оқып жүретін сыныптасы  Айдын  өзінің ішіне  әлі тілек жазылып үлгермеген альбомын  ұсына беріп:

-Маған  тілегіңді жазып берші,-деді білінер-білінбес қоңыр дауыспен. Бір көшенің  бойында тұрса да тек қана сабақта сөйлемесе,  былайғы өмірде үндеместің  кейпіндегі сыныптасына бір сәтке таңдана қарап тұрды да:

- Қазір Анардың альбомын аяқтайын,сосын жазып беремін,-деп жауап қайтарды Күләш.Күләш  тура көзіне қарап тұрған бірнеше секундта  екі беті  қызарып, ду ете түскен  Айдын  ұяла түсіп, Күләштың жауабын ести сала  кері бұрылып  сыртқа шығып кетті. Оның бұл  қолапайсыз әрекетін  Күләш маржан тістерін көрсетіп  үнсіз күліп,бақылап отыр.

    Тілегін жазып болған соң,альбомын бермек боп Айдынды іздеп сыртқа шықты.  Мектеп ауласында анасымен тұр екен. Анасы еркелете  сөйлеп, аттестатын оқып тұр. Мұның бәрін анадайдан жымия бақылап тұрған Күләштің есіне туған анасы түсті. Одан әкесі. Екеуіне де керек болмағанын,өмірлеріне үлкен кедергі болғанын  ойлап кеткенде  бүгінгі көңіл күйінің күл-паршасы шықты. Бір сәт уақыт тоқтап қалғандай күй кешті.

-Айнаалайын,алтыным сол.Қане,бетіңнен сүйейін.Менің  Күләшім мектеп бітірді ғой ,-деген  бала кезінен  жүрегіне нұр болып құйылған ана даусын естігенде  ойы бөлініп, құшағын кең жая өзіне тақаған анасына бұрылды.Бұрылды да , бүкіл әлемнің мейірімі жиналған жүзіне қарап,  жұмағындай көретін  ең жайлы құшағына тығылып ,анасын  бар махаббатымен құшақтады. Санасында «тастап кеткен  туған әке-шешенің   тәрбие-мейірімінен  мың есе артық жылу тапқан  анаңның ,өзіңнің Сара анаңның қадірін біл» деген дауыс сайрап жатты. Туған әке –шешенің жайын Сара Күләшқа осы жылы ғана айтқан болатын. Марат пен Зина өздері кеткеннен кейінгі 2-3 жылда жазған 4-5 хатында да Күләш жайлы мүлде сөз қозғамағандықтан, Сара  Күләшқа ол хаттар жайлы айтпауды жөн санады.Бәрін ақылмен қабылдайтын қызын жақсы білетіндіктен , оған  туған әке-шешесі туралы айту қиынға соқпады. Өзі  ойлағандай,Күләш бұл жайды естігеннен кейін де аралары суымай,анасы мен қызының арасындағы көз сүйсінер қарым-қатынас сақталып қала берді.

      Жаздың қарбалас күндерінің бірінде кешкі ас үстінде Күләштың үйінде  оның болашағы туралы сөз қозғалды.25 жыл бұрын қайтыс болған Сараның  жары,  қазірде әр жерде тарыдай  шашырап жүрген   осы үйдің 7 баласының  әкесі  Бекеттің  суреті  төрде  ілініп тұр.Күләш,Сара және 8 жасар жиені Жанна  бөлме ортасына қойылған  кішкене дөңгелек  үстел басында тамақтанып отыр. 7 баласы мен   50 жасында тағы да «ана»  атандырған  Күләшін  тәрбиелеп өсіруде  жүрген қиын жолдарының  ізіндей жүзіндегі әжім  даналығын «ана» деген ұлы ұғымға сыйдырып тұр. Қоңыр –қызыл  шайынан терлей ішіп отырып:

-Қызым ,ендігі қандай мақсатың бар?-деді.

-Білмеймін. Оқығым келеді.Сыныптағы Анар отбасымен  Алматыға көшкелі жатыр екен.Сонда оқимын дейді. Мұғалім болып.

-Е,е.Өткенде анасы да шетін қозғап еді.Сен қайда оқығың келеді?

-Қарағандыда. Дәрігерлікке тапсырып көрсем бе деймін.

-Імм... Негізі ,өткен жолы Зина мен Маратқа хат жазғам...Сенің  мектеп бітіргеніңді айтып,олардың не ойы барын білгім келді. Сені Алматыға жіберсем деймін.Сонда оқы, ата-анаң қарайласады.Біліміңді де алаңсыз ала аласың. Қарағандыда  ешкім күтіп отырған жоқ.Онда қиын болады.Алматыда жақсы институт барын естідім.Сонда түс.Маған да жақсы болады...Енді Мараттан жауап күтемін,келмесе өзім апарып тапсырамын,-деп өз ойын топ еткізді.Әлгі сөздердің бәрі Күләштің санасында қайталанып жатты.Бір нүктеге қадала қарап,ұзақ үнсіз отырды. Кенет өз ойынан өзі шошығандай:

-Апа,апатай,мен онда бармаймын!Оларға  бармаймын!Одан да оқымай қалғаным артық.Көздерінен жасы ыршып түсті.Анасына жалынышты үнмен, тәкаппар мінезін танытқандай жанары от шаша қарап тұрып,жауап күтпестен орнынан дереу тұрып кетті.Анасының ойында не барын түсініп болмай, оған алғаш рет қатты ренжи жылап , бөлмесіне кіріп кетті...

-Сені  құр сенделіп,уақытын босқа өткізсін деп мектепке қалдырмай жібергенім бе?Оқуға түсірем,білдей маман етем деп сабағыңды оқуыңа жағдай жасап,жасыңнан үй шаруасына да көп араластырмадым.Сенің алғысың осы ма?!...Барасың!Алматыға оқисың!-деп зекіп салғанда Сараның да даусы дірілдеп,қызын аяп кетті.Бірақ  оның болашағына жасаған жақсылығы осы шешім деп түсінгендіктен оған ұрыспасқа болмайтынын білді.Анасының әлгі сөздері,өзін алғаш  бөтен сездіріп, жүрегін  тілгілей берген Күләш түні бойына көз іле алмады. Санасын «Неге?»  деген жалғыз сұрақ шырмап алып,босатар емес. Жауабын таба алмайтынын түсінген сайын егіле түседі.Таңға дейін жастығын көз жасымен жуып шықты.Көрші бөлмеде қызының жан қиналысын сезгендей Сара да түні бойы бір тыным таба алмады. Екеуі де дәрменсіз...

  

  Таңғы 5-тер шамасында  Алматы таңы әлі атпаған.Алайда,қала шамдары жарқырап тұр.Туған жерінде бұл сәтте күн ұясынан еркелей шығып,көкжиекті қып-қызыл шапаққа бөлеп,елдің бәрі  қызу тіршілік қамына кірісетінін еске алғанда ішінде  туған жерге деген сағыныш сезімі қылтия қалды. Вокзал маңында толып тұрған таксилердің біріне отырды.Сара заттарды  жүксалғышқа салып жатқан жүргізушінің әрекетін күдікпен бағып, көлікке де содан кейін отырды.Қараңғы,бірақ жарық көшелерге терезеден телміре қарап отырған Күләш үшін бұл ең нашар мекендей көрінді. Күләш  анасы айтқандай Алматыда оқитын болып шешілген күннен кейін,анасы мен қызының  арасында шытынамас мөлдір шыны пайда болды.Бұрын  күніне бір еркелемей жүре алмайтын Күләш бір сәтте есейіп кеткендей.Жо-жоқ ,бұл есею емес, анасынан  көңілі қалған Күләштің салқын мінезі болатын.  Өзін не күтіп тұрғаны Күләшқа шешілмес жұмбақ болды.Анасынан да тіс жарып ештеңе сұрай алмады. Құлақ тұнар тыныштықта келе жатқандарына 2 сағаттан асты. Қашан жетеміз дегендей Сара да жүргізушіден сағатты сұрай берді. Қою қара шашы  желкесінен түйілген Күләштің майысқан ұзын кірпіктері қарақаттай көздерін ашып-жұмған сайын,бір-біріне асыла қалысады. Кең маңдайына жараса қалған қастары  қабағын түймес  жайдары екенін аңғартады.Ақша қардай аппақ жүзінде маржан тістерін жарқырата күлген сайын екі бетінде  терең шұқыр пайда болатын. Сонда  күннің бар сәулесі  Күләштің күлкісіне жиылғандай көрінетін. Сырт келбеті жан дүниесіндей сұлу Күләш  суретшілердің, ақындардың  мәңгілік музасына лайық еді. Таусылмас  ұзын көшелерді бойлай келіп, көлік көпқабатты ғимарат алдына тоқтады.  Үйге жетіп,есік ашыламын дегенше Күләштің жүрегі маза таппай, соғысы жиілей түсті. Есікті  бұйра шашы иығына түскен  толық келіншек ашты. Асханадан шыққаны байқалады. Алқызыл гүлді көйлегіне кестеленген ақ алжапқыш таққан. Күләштің жүзіне бірнеше секунд қарап тұрып :

-Сәлеметсіңдер ме?-деді де Сараны  құшақтай алып, қал-жағдайын сұрасты. Ішке кіргізіп,екеуіне  жеңіл тәбішке ұсынып,киімдерін іліп,заттарын кіргізді. Ішке қарай сүйретіле кірген Күләш келесі бөлмеден теледидар қарап отырған Марат пен  бір-бірімен қызу  пікірталастырып отырған  12-13 жас шамасындағы ұл бала мен қыз баланы көрді. Екеуі  егіз көрінеді.17 жыл ішінде  Зина толықсып, біраз өзгерсе де Марат сол баяғы жүдеу қалпында еді. Шадырайған ұзын мойынында жұтқыншағы түйе өркешіндей  айқын көрініп тұратын.

     Күләшті көргенде Марат орнынан тұрып  аман-саулық сұрасып,жылы жымиды да ,ұлы мен қызын таныстырып өтті.Кешкі  аста отырып Күләш Марат пен Зинаның әр сөзін бағып,танып-білуге  тырысып отырды. Зина көп сөйлемеді,ал Марат ашық-жарқын.Марат бұған қызындай емес,қарындасындай қарайтын секілді көрінді.Туғалы ана махаббатына қанып өскен Күләш,туған әкесінен де  әкелік махаббатты көре алмасын сезді. Ойында сан пікір тоғысып, шатасып жатты. Келесі күні  таңертең анасымен оқуға құжаттар тапсырды,сосын  емтихан тапсырып,оқуға  да  қабылданды.Бар жоғы  үш күн ішінде мұндағы жұмыстары аяқталған Сара қайтуға жиналды. Бұл хабардың бәрін үнсіз тыңдап қана жүрген  Күләш та еріп кеткісі келеді.Жанынан бір сәт ажырамаған анасына  «қалдырма» дегісі келеді,бірақ  одан ештеңе өзгермесін біледі.Анасы  кетерде Күләш  бойын билеген өкпе-ренішін  ұстап тұра алмады. Сараны  құшақтай алып ,жылап жіберді. Сара  Зина мен Маратқа қызын қайта-қайта  аманаттап, қараусыз қалмауын өтіне берді.Күләшқа  ақылын айтып,қош айтысты.Анасы үйден шыққан соң да  Күләш терезеден көз алмай шығарып салды.Осыдан соң бір ай  бойы ол өзін жалғыз сезініп жүрді. Үйдегілермен де белгілі бір себептермен болмаса,етене араласа қоймады. Зина Күләштің біртіндеп үйренісіп кетеріне сенді.Күләш келгелі  кезінде Сара үйреткен  тағамдарды да жиі әзірлеп жүрді. Зинаның бұл ісіне Күләш  оң көзбен қарамады. «Менің анамның жасағанына бәрібір жетпейді»  деген ой билеп алған Күләш  асты түртіп-түртіп қоятын. Осылай  тамақты дұрыс қабылдамағандықтан ба, әлде  ішкі уайымының салдарынан ба Күләш  бір айда жүдеп, жақ сүйегі әжептәуір көрініп қалды.Бұл  үйде  көңілін көтеретін бір-ақ нәрсе .Ол осы үйдің егіздері  Айжан мен Нұржанның әрекеттері. Олардың  ұқсас әрекеттерін көріп, бір-біріне қатты  ұқсайтын қоңыр дауыстарын  ажырата алмай қалған сәттерде еріксіз жымиятын. Қолы қалт етсе ,Айжанның  белінен төмен төгіліп тұратын  ұзын шашын әурелеуге құмар.Біресе өріп, біресе түйіп, сіңлісімен әуреге түсетін. Кейде  екеуіне сабақтарын жасауға көмектеседі. Тек Марат пен Зинаға суық қарым-қатынасы өзгермегені болмаса, іні-сіңлісіне іші жылып қоя беретін.  Келе –келе  егіздермен бала кезінен бірге өскен,нағыз бауырларша араласып  кетті. Олардың кей тәртіптерін өзгертіп, тәрбиелеріне  ат салысып та үлгерді. Әр жексенбіде бірге театрға барып, олардың  жақсы азамат болуын қадағалап жүрді. Мұндай әпкелік қамқорлықты алғашында  егіздер жақсы қабылдаған. Әсіресе, Айжан шын қуанып, достарының арасында да әпкесін сөз қылып,мақтан тұтатын. Алайда, Нұржанға еркін өмірін бұзған қадағалау ұнай қоймады. Алғашында бұл жағдайға ол өтпелі  жағдайдай қараса,кейін ойынға да сұранып шығып, нашар баға үшін әпкесінен ұрыс ести бастады. Бұрын  алыс-жұлыс боп ойнап,  кей сәттерде қарындасына бір ұрсып алатын  Нұржан  бұл  әрекеттерінен де тыс қалды. Әпкесі  Айжанға дауыс көтермеуін ескертіп,арада алғашқы жанжал болғанда,ата-анасының да Күләшті қолдап,оның айтқанын орындауды сұрағанда  оның ішінде белгісіз бір Күләшқа деген өшпенділік пайда болды. Және  кейінгі күндерде өшпенділігі одан сайын арта түсіп, оған ата-анасына деген қызғаныш та қосылды.  Бәрінің Күләшқа деген көзқарасы мен  қарым –қатынасы Нұржанды өз отбасынан ажырата түскендей көрінді...

      Күләш екінші курсты бітіргенде ,Нұржан он беске де келді.Ересектік өмірге бір қадам жақындап, өзін естияр санай бастаған Нұржанның ортаға деген көзқарасы өзгере бастады. Соңғы бір жылда  әпкесі Күләштің  өзіне қолданатын жазаларына шыдамай онымен жиі жанжалдасып қалатын болды. Оған  мүлде жағымсыз түрде, өмірінің шектеушісі ретінде теріс көзқарас жасөспірімнің бойында толық қалыптасып қалды. Өткен жолы көше бұрышында  өзінен ересек жігіттермен  темекі шегіп тұрғанын  Күләш  көріп,оны сол сәтте көше ортасында ұрысқа салып, үйге  жетектей әкелген болатын. Ас бөлмеде ауқаттанып отырған Марат пен Зина  еңсесі түскен  ұлы мен жетектей келген қызына таңырқай қарасты. Күләш:

-Сабақтан келе жатып, Нұржанның өзінен ересек қайдағы бір бұзақылармен темекі шегіп тұрғанын өз көзіммен көрдім.Өткенде қалтасынан тапқанымда  мойнына алмай жалтарып еді,  қандай нашар әдетті үйреніп жүргені белгілі болды,-деді  алқына сөйлеп.Баласының бұл әрекетін естігенде Марат Нұржанның құлақ шекесінен қатты ұрған болатын. Әкесінен бұрын -соңды бұлай таяқ жемеген бала  еңкілдеп жылай бастаған.

-Сенің мұның не?  Менің өзім темекіге өмір бойы жолаған емеспін. Саған  әкеңнің тәрбиесінен  ,қайдағы көше балаларының тәрбиесі артық болса, сен де сонда кет! Солар секілді  «еркін»  өмір сүресің сонда,-деп әкесі  зекіп салғанда, ол өзін соншалық нашар сезінді. Әкесінің сөздері сүйегінен өткендей ауыр тиді. Содан кейінгі екі-үш күн бойына  ол дұрыс нәр татпай,көңілсіз жүрді.Болашағына алаңдай қарап, тәртібін түзеткісі келген Күләш  інісінің өзіне деген суық көзқарасын сезіп жүрді. Кешкі асқа келмеген күндері бөлмесіне тамағын апарып беріп,өзінің ниетін түсіндірумен болды.  Оның бұл сөздері  Нұржанға ой салғанымен,санасына қонып қалған жаман ойларын өзгерте алмады.

       Күләш анасына жиі хат жазып жүрді.Оған деген сағынышы  осындағы келеңсіздіктермен астасып ,жанын қажытып жібергендей болды. Қайтқысы келді.Бәрінің бұрынғыдай болғанын қалады. Оқуға түскелі  анасы да бір рет қана келді. Алғашында  ұнамаған қала бар қиындығынан безіп кетер жалғыз жер. Қала көшелері оны адастырған емес.Үйіндегі келеңсіздіктер мен әпкесіне ерегескен Нұржан бірде оған: «Қашан өз үйіңе қайтар екенсің?» деп,оны  бөтен екенін білдіргенде Күләш үстіне мұздай су құйғандай күй кешті. Аласапыран болған жанына қорған болар бір жан іздеген сонда. Сол сәтте ғана қиындықтарының бәрін  төге салатын бір жан керек екенін ұғынған. Алайда,алып шаһардан,достарынан ондай бірде-бір жан таппады.Іздемеді де. Сол кезде де қала көшелерін кезіп –кезіп қайтқанда, жеңілдеп қалғандай еді...

        Нұржан  осы оқиғалардан соң әкесі бар кезде тәртіпті жүріп, ал әкесі іс –сапарда болғанда достарымен ойын клубтарын кезіп кететін.Алматыдағы жалғыз клубтан оны үйге әкелетін Күләш. Зина жұмыста болған соң бауырларына өзі қарап жүрді. Алғашында жай достарымен келіп-кетіп жүрсе,кейін қарап отырып үйреніп те алған болатын.Ренжісіп қалса болды үйден безіп осында келетінді шығарды. Күләштің ақылы да ұрысы да оған әсер етпей қалды. Соны түсінген Күләш оны әр жерден іздеп әкелуді де қойды.Тек бәрін Маратқа жеткізіп отырды. Өзін тыятын ешкімі жоқ Нұржан  бір сәтте бәріне қолын сілтей салатын жеңіл ойлы адамға айналды. Әкесінен жеген таяғынан соң аузына алмай кеткен темекісін де шеге бастады. Қазіргі тілегі  әкесі тез келсе, басқа қалаға оқуға түсу.Колледжде оқыса бұл аңсаған еркіндігіне оңай-ақ жетер еді. Кеше  әкесіне бәрін жеткізіп отырған Күләшті көріп үйге келген бетте қайта кетті.Ойын клубына кірді. Осы жолы жай бақылап отырмады. Өзі де ойнады. Алғашқысы жеңіліспен аяқталса, сосын 3 рет қатарынан ұтты. Көңіл-күйі көтеріліп қалғандай болды. Әрі қарай ойнай берді,ойнай берді. Түбі көп шығынмен аяқталды.  Қаржы тоқырауынан  өте алмай жүргенде , ол млндаған теңгеге  қарызданып қалды. Үлкен шығынға тап болғанын білсе де ,дәл сол сәтте оған бәрібір болды.Мүмкін бірдеңесі болар деген ой алдады ма... Ашуы тарқап,үйге жиналмақ болғанда өзін  бірнеше метрден бақылап  тұрған Күләшті көрді. Келгеніне біраз болғандай. Түргеліп бақылап тұр. Қолындағы қолшатырынан  су тамшылап тұр. Сыртта жаңбыр жауып тұр екен. Киімінің әр жерінде жаңбыр тамшыларының іздері кеуіп үлгермеген. Өзіне қарап тұр. Көз алмай қадала қарап тұр. Беймәлім бірдеңені сұрап тұрғандай.Ішінде бір ой кілт ете қалды.  Ол мұның ұтылғанын білді. Осы ой  жаңағы көңіл-күйді  қорқынышқа бастап әкетті. Тұла бойы мұздап кетті.  Ойын жинақтауға тырысып орнынан түрегеліп, Күләшқа беттеді.

-Сенің...Сенің есің дұрыс па?Сен жаңа ғана не істегеніңді білемісің ?Енді қайтесің?... Ақымақ!,-деді де сыртқа асығыс шығып кетті . Нұржанның ойында әлгі сұрақ, «енді қайтесің ?» деп тұрып алды. Шынымен не бүлдіргенін енді ғана ұғынды.

      Нұржанның  бұл әрекетін ата-анасы естіген соң ұзақ есеңгіреп қалды. Кейін әкесі өз кәсібін сататын болып шешті.Бұрынғы  отбасының жұрнағы да қалмады. Бір-біріне мүлде суып кетті. Екі айдан соң Марат Нұржанды Тараздағы мектеп-интернатқа жіберетінін айтып, Нұржанның өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетті.

      Ертесіне тосыннан үйге Сара мен жиені келді. Күләштің қуанышында шек жоқ. Құдды бүкіл мәселелерін ұмытқандай. Олар тойға келген екен. Түсте Марат оларды ертіп Зинаның жұмысына әкетті. Күләш тамақ дайындап, анасының иісі сіңген орамалы мен киімдерін жумақ болды. Орамалын иіскеді. Жұпар аңқиды. Бала кезінде мойнына асылып, анасының басына өз басын қойып тұратын ерке сәттері есіне түсті. Сондағы ананың иісі.Қылқимаға (балконға) шығып киімдерді жая бастады. Әкесінің соңғы үкімін естігелі еңсесін көтере алмай қалған Нұржан таза ауа жұтпақ боп сыртқа беттеді. Кенет есіне әкесінің сыртқа шығуға тыйым салғаны түсті. Аяқ киімін қайта шешіп, қылтимаға (балконға) беттеді.Ыңылдап ән салып тұрған Күләшті көрді. Анасының келген  қуанышына мәз болып тұр. Бұл көрініс Нұржанға мүлде ұнамады. Өмірінің астаң-кестең болуының себепкері Күләш деген  баяғы ойы маздап қоя берді.Оның ыңылдап шырқап тұрғаны «Адасқақ». Сара анасынан үйренген Біржанның әнін Күләш үнемі орындап жүретін.Нұржанға бұл көне саздағы ән ұнаған емес. Алайда әннің атын алғаш естігеннен жаттап алған. Әпкесінің Сара анасын осылай еске алатынын түсінетін. Қазір де «Адасқақ». Жүйкесін осы ыңыл тесіп барады. Оның жымия түсіп, терең дем алғаны ,әнді  қалай шабыттана орындап жатқаны өзін  кемсіте түскендей көрінді. «Шын адастың!» деп өзіне күліп тұрғандай. Бойын ұлы ашу кернеп  Күләшті итеріп жіберді.Әдемі ыңыл  соңы айқайға-жан даусына жалғасты. Сегізінші  қабаттан құлдилаған жан дауысы бірнеше секундта-ақ өшіп қалды. Үн өшкен сәтте Нұржан қалт ете қалды. Өң мен түстің арасында есеңгіреп қатты да қалды. Жерге отыра қалып жан-жағына жалтақтай қарады. Не істеп,не қойғанын ұғынып болмай , орнынан тұрып сыртқа беттеді. Есікті қалай ашқанын білмейді.Сыртқа шығып,жүре берді.Көзі ештеңе көрер емес. Аяқтары ғана сүйреп келеді.Қолдары  Күләшті итерген қалпында қатып қалғандай.Ізінен  адамдар қуып келе жатқандай .Құлағынан Күләштің ыңылы кетпей қойды. Қайда бара жатқанын білмейді.Тек алға жүре берді .Біртіндеп жылдамдығы да арта түсуде. Қолдарымен құлағын жауып алды. Сонда да әлгі әннің ыңылы естіле берді.

    Жақсылық та жамандық та  қайтып келетіні сөзсіз аксиома. Дұрысы, жасаған жамандығыңның жауабын күту емес,оны жасамау.Өзіңе берілген бір түйір өмірді лайық сүру.Адаспау.

      Көздері  көріп тұрғанды Нұржанның санасы қабылдар емес . Әйтеуір көше бойлап жүріп келеді.Жүгіріп келеді. Алды-артына қарамас бағытсыз  жүгірісін қатты  бірнәрсе тоқтатты. Құлап түсті. Жай құламады, әлдебіреу лақтырып жібергендей, бірнеше рет айнала аунап тоқтады. Аспан бұлтты болып тұр. Боз бұлттар әлемді қараңғылықа жетелеп бара жатқандай. Көліктер соқтығысуы мен адамдар дауысы оқтын-оқтын естіледі. Аузы жып-жылы суға толып кеткендей. Ып-ыстық қан  бетін жуа сызылып түсуде. Аспан қараңғы боп барады. Жо-жоқ, көздері жұмылып барады. Кеудесінен жаны шығып барады. Құлағында Күләштің ыңылы. Бір әуен  кетпей тұр. Шырқалып жатыр ,шырқалып жатыр. Адасқақ.

 

                                                                                         



Бөлісу: