20-ғасырдың ең үздік шығармасы

20-ғасырдың ең үздік шығармасы
жеке
блог

Адамдар орындарымен ауысады, иә. Бұл – өмірдің заңдылығы. Бір кездері қиянат жасап, бейкүнә жандарға жәбір көрсеткен зұлымдар сол жалаң аяқ пақырлардың езгісіне қалады. Өйткені, қолжетпес қашықта жарқырап тұрған шаңқайкөк аспан әділ, әділ, шексіз әділ!...

Алапат асау, заңғар теңіз Арал бойында туып-өскен Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, 2 дүниежүзілік соғыс ардагері. Оның прозалары географиялық терең ізденістен тұратын, қазақы иіс аңқыған нағыз дала сарыны. Оның ішіндегі ең таңдаулысы, патша көңілді оқырман қауымының көңіл жаулаған "Қан мен тер" трилогиясы.

1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін роман үш кітаптан тұрады: "Ымырт" (1961), "Сергелдең" (1964) және "Күйреу" (1970).

Алғашқы кітапта Арал бойын жағалай өмір сүретін балықшылардың Құдайменде болыстан көрген жәбір-қорлығы егжей-тегжейлі баяндалады. Дегенмен, зұлым кейіпкерлердің қатары бұнымен шектелмейді. "Сен ит... адамдарың қайда деп неге сұрамайсың, а?" – деп осы күнге дейін шыдап келген Еламан боранды күнде әлі қата қоймаған мұз үстіне балықшыларды қойдай шулатып айдап шыққан промсолдың бастығы, мінезіне қарай Тентек Шодыр деп атап кеткен Федоровты темір сүйменмен дәл қара құсынан бір қойып, арғы дүниеге аттандырады. Осы бөлім тұла бойыңды адамның адамға жасаған зұлымдығынан түршіктіріп жіберетін күшке ие. Бәлкім, адам емес, замана сондай шығар?...

"Сергелдең" атты кітапта ақ патша құлап, қос үкімет орнаған кезеңдегі әлеуметтік-қайшылықтардың өршіп, расымен де жұрт сары уайымға салынып, сергелдеңге түскені суреттеледі. Шығарманың қозғаушы күшін, ұлттық характерді ашатын Еламан есімді қарапайым жігіт. Сондай-ақ, тілге тиек етілетін, қазіргі таңда да қызу талқыға түсіп жүрген мәселелердің бірі – әйел теңдігі. Күйеуі сонау Сібірге итжеккенге айдалып, бай мырзаның етегінен ұстап, бағым ашылар деп ойлаған Ақбала сол күйі әйел бақытын сезіне алмай, қос бірдей құлыншағынан айырылып, Шалқар кезіп кетеді. Қазаққа тән ежелден келе жатқан нәпсісін тыя алмау, өзінен әлсізге зәбір көрсету, зорлық-зомбылық сынды кертартпа қасиеттер бой көтереді. Оқып отырған кейіпкердің де сезімдері соған орай ашу мен ызаға алмасады.

Шырмалған шытырман оқиғаның нүктесін "Күйреу" кітабы қояды. Аяқ астынан басталып кеткен таптар күресі, яғни, ақтар мен қызылдар шайқасы үшінші кітаптың жазылуына арқау болады. Автор үшін соңғы бөлімді жазу қиынға соққан. Өйткені, романды жазушы 15 жыл жазған. Еңбегі еш кетпей, 1974 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бұл мәртебелі сыйлықты Қазақстаннан үш қаламгер: М. Әуезов, Ә. Нұрпейісов және Ж. Молдағалиев алған.
  
 Шығарма қалың көпшіліктің ықыласына бөленді. 2008 жылы 14 қараша күні Ақтөбе қаласында "Қан мен тер" трилогиясының кейіпкерлеріне арнап Ерік Жауымбаевтың ескерткіші қойылды. Айта кететін бір жайт, бұл Қазақстандағы әдеби кейіпкерлерге арнап орнатылған алғашқы ескерткіш болатын. Сондай-ақ, роман әлемнің 35 тіліне аударылған. Бас-аяғы 200-ге таман кейіпкерлер қатысады. Роман желісі бойынша түсірілген фильм "Ең үздік тарихи революциялық фильм" деп танылған.


  "Қан" – өмір үшін күресті бейнелесе, "тер" – сол азапты күрес жолындағы қиындықтардың дәлелі, символы. Қазақ әдебиетін өркендетуге, халқымыздың рухани қазынасын байытуға қосылған баға жетпес асыл мұраның әдебиет төрінен алар орны ерекше! Жас ұрпақ осы іспеттес шығармаларды көп оқып, өз ұлтының тарихымен сусындап өссе деймін!

сурет: fi.pinterest.com