13:17

13:17
жеке
блог

Жаны жақсылықтарға тұнып тұрған, осы кезге дейін өмірінде аса бір қиындық көрмеген Қуандық  алдағы  ғұмырында тағдырының тосын сыйларынан қорқып жүретін.Қашанда әр әрекетіне ұзақ ойланып, қателеспеуге тырысатын.Бұрын ұлының күлкісіне толған шағын үй іші бір айдан бері тыныштық құшағында. Өзі де кешеге дейін Алладан бір тілегін күн сайын тілеп, селқос күйде уақытын әрең өткізіп жүрді. Үйден шығып, көлігіне бағыт алды. Өзі көңілді болған соң ба, бүгін ауа-райы да керемет. Бүкіл адамзаттың қайғысы мен қуанышын ой сала қараған жанарларынан аңғарып, міз бақпай көтеріп тұрған көк аспан аз-аздан нұрын себелеуде. Бір ай бойы қараусыз қалған гүлзарының жағдайы мәз еместігін жапырағы құрғап,салбырап тұрған Жанетта жүрекшелерінен байқады. Алқызыл жүрекшелері қоңыраудай тізілген дицентра оған өзінің сағына күтіп жүрген жандарын еске салды. Бүгін бәрі басқаша. Бұрынғыдай. Бұрынғы уайым-қайғысыз күндердегідей. Тек жасы 3-те болса да ауыр дертпен күресіп,жеңе білген ұлы мен оның анасы Гүлжаз жетіспейді.Жұмысты да бар ынтамен атқарып , түскі үзілісте жақын маңдағы мейрамханада тамақтанды. Қанша күннен бері ішкен асының бойына дарығаны осы болар.Сол көңілді атмосферасын бойына жинап ап, жұмыс орнына аттанды. Көз алдында дүние мың құбылады. Өмір бақыттылардан ғана тұратындай. Шүкіршілігін айтып, көптен бері назар салмаған өзіне таныс көшені көзімен барлай жөнелді. Анау бір дүкен алдындағы дүңгіршекте әдеттегідей балмұздақ сатылып жатыр. Байқап қараса, егде жастағы қалжыңбас белорусь әріптесі әрдайым қалжыңмен қағытып өтетін сатушы орыс әйелінің орнын ұзын ,қара қос бұрымды,құлаққап киген студент қыз басыпты. Осы өзгерістерді байқамағанына таңданып келе жатқанда , көшенің арғы бетінде қолын кеудесіне қойып,құлап бара жатқан әжейді көзі шалды. Есінен танып жатқан әжейді ешкім байқар емес. Жолдың оң жағына көз салып,жақын келе жатқан көліктердің жоқтығын пайдаланып, әжейге қарай адымдай берді. Сол жағында келе жатқан автомобиль алдынан шыға келген жігітті 4-5 метрдей жерге ұшырып жіберді.Өлім мен өмір арасындағы қылкөпірдің бойында  аласұрған адам жаны әлем кеңістігінде тіршілікке ұмтылып жатты.Бірнеше секунд ішінде болып өткен оқиғаға өтіп-кетіп жатқандар тоқтай қалысты. Ақ бұлттан шәлі оранған көк аспанның жарқын  бейнесі қол бұлғағандай кейіпте ,түсініксіз жағдайында, тынысы тарылып, беймәлім сөздерді айтқысы келіп жатқан қанға малынған жүзі мен жанары сол тырысқан күйінде «тіршілік» ұғымынан ажырап кетті. Қобдишаларын асыға алып түскен ақ халаттылар әжейдің ғана өмірін сақтап қала алды.24 жасар азамат өзінің қаламаған шағында тіршіліктен мәңгіге қол үзіп қалда берді.Оның осыған дейін жасаған жақсылықтары мен құлап жатқан әжейге қол ұшын созбақ болған соңғы адами ізгілігінің құны қандай болғаны?Белгісіз... Азапсыз өлімі ме? Кім білсін...

Алматы әуежайында жаңа ғана келіп қонған жапон ұшағынан шексіз бақытқа бөленген ана мен бала түсіп келеді. Сағат 13:17.