100 теңге

100 теңге
жеке
блог

Қолында айналдырып отырған 100 теңгені Қадір ұстап жүргелі бір жыл болды. Отыз екінші автобустың артқы орындығында ойнап отыр. Мектеп бітіру кешіне бару үшін әлі екі жыл бар. Қасында ешкім жоқ. Тек бір өзі. Үстіне жұпыны киінген, шашын бір апта жумағаны байқалады.  Қайызғақтары қара жейдесінің екі иығына қар сияқты төгіліп тұр. Бірақ өзіне қарап мән беретін бұл емес. Аяғында жеңіл аяқ киім. Күн ыстық.  Самайынан аққан тер терезден құлаған тамшыдай кеудесіне құйылып жатыр. Алматының кептелісі де көп. Автобус жүріп келе жатып, тоқтаған сайын сырттағы ыстық ауа ішке ұрып, адамдардың мазасын алуда. Осы бір автобус ішіндегі көрініске сүйсіне қарап отырған жалғыз адам болса, ол – Қадір.  Қолындағы 100 теңгесін тұмары секілді ұстап отыр. Біреу алып қоя ма деп алаңдайды. Бәлкім қазір жүргізушіге жолақысына төлейді, бәлкім су алып ішеді ешкім білмейді. Тек қолынан түспейді. Бірақ бір жыл бойы қолынан түспеген теңгені бір сәтте жоқ қылып жібермесі анық. Түрлі ойдың жетегінде келе жатыр..

-  Соңғы аялдама! Жүргізушінің дауысы ащы әрі қырылып шықты. Бәрі есікке қарай беттеді. Қадір де сөмкесін асынып жүгіре басып есікке барды. Әсілі мектептен қайтса керек, үйге жетуге асығып келеді. Дәл есіктің түбіне жеткенде қысылып тұрған адамдардың арасында бағанадан қолына ұстап тұрған 100 теңгесін құлатып алды. Енді ала беріп еді, автобус тоқтап адамдар асыға далаға шықты. Қадір амал жоқ адасқандармен бірге адасып түсе барды. Қайтып көтеріліп алайын деп еді, қоғамдық көлік есікті тарс жауып, жүйткей жөнелді. Құстай ұшып келе жатқан Қадір, алдыда тоқтауға шамасы жоқ автобус. Біраз жүгіріп ақыры жете алмады. Көзінің алдынан 32 автобус ғайып болған сайын 100 теңге елестей берді, елестей берді...

Аялдамада жылап отырған Қадірге жұрт мән беріп қараған жоқ. Отырғанына жарты сағаттан асты. Ешкім келіп хәлін, күйін сұраған жоқ. Жат бауыр қоғамға бәрі жат. Өзін-өзі ұрғылап жатқан Қадірге Құдайдан басқа ешкім қараған жоқ. Өзін кінәлап жылайды, ызаланып жылайды, өкініп жылайды. Жерге домалаған тамшы жастардың үстінен басып үйіне қайтты. Есіктен жылап кірді. Жер үй. Екі бөлмелі, бірақ тар. Көз тартатын ештеңе жоқ. Тек үйдің ішінен жадырап шыққан ақ орамалдағы ана ғана.

-         Құлыным-ау, не болды?

-         Жоғалттым!

-         Нені?

-         100 теңге..! Дауысында діріл мен ашу бар.

-         ...

Үнсіздік орнады. Арасы 10 секнут ішінде ана мен бала арасындағы өкініш пен үміт оты лаулап барып өшті.

-         Онда тұрған ештеңе жоқ! Басың аман болсын, балам. Шайға жүр.

-         Жоқ, мен ол 100 теңгені табуым керек!

-         Қайдан табасың, кетті болды!

-         Бірақ анашым...

-         Ештеңе деме, түсініп тұрмын. Жатқан жері жайлы болсын! Еске салма болды, балам. Жүр!

Біз менсінбей отырған 100 теңгенің өз хикаясы барын білдік пе? Осыдан бір жыл бұрын отбасын асыраймын деп қайтыс болған әкесінің өлер алдында баласына аманаттап тастаған 100 теңгесі екен. Басқа тастайтын байлығы болмаған әкенің 100 теңгемен тастаған бір-ақ ауыз сөзі: «әр нәрсенің қадірін біл! Мә, мына 100 теңге сенің есіміңді күніне мың рет қайталау үшін жеткілікті» деген екен.

Иә, Қадір өз есімін бір жыл бойы қайталап келеді. 100 теңгеге сүйіпеншілікпен, жауапкершілікпен қарайтыны содан еді. Әр істің қадірін біліп өсіп келе жатқан баланың сағын сындырған теңгенің аманат екенін анау автобус та, оның жүргізушісі де білген жоқ.

Тіршілік миллион теңге жоғалса да мізбақпаған қалпы таңын атырды. Бір-ақ үйдің түтіні бүгін көңілсіз ұшты. Анасы баласын мектепке шығарып салды да, өзі жұмысына кетті. Қадірдің көңілі құлазып аялдамаға келді. Күнделікті әдетіне салып отыз екінші автобус жетіп келді. Қадірде сәл де болса үміт сәулесі жарқ ете қалды. Есіктен кіре салып, кешегі жүргізуші болар деп қалды. Бірақ жүргізуші де, көліктің нөмері де басқа. Ал дәл кешегі автобусты күтсе сабақтан кешігеді. Көңілін қайта жерлеп, мектепке тартты...

Кеш батып үйге келе жатқан Қадір бұл жолы кешегі автобусты күтті. Бірақ келмеді. Ақыры соңғы автобусқа отырып үйге қайтты. Үйіне жолай келе жатып, тозы шыққан қара жолдың бойынан жерде жатқан 100 теңгені көрді. Білсеңіз ғой, Қадірдің қуанышында шек жоқ. Ол жоғалтқан дүниесін қайта тауып алған адамдай жүгіріп барып, 100 теңгені қолына алды. Салы суға қайта кетті. Оның жыл бойына ұстаған теңгенің шетінде кетік ені бар еді. Не де болса, тапқан 100 теңгесін алып үйге келді. Ештеңе деместен, айна алдына барып ұзақ отырды. Өзіне бір қарап, тауып алған 100 теңгесіне бір қарап ұзақ ойланды. Іштей бір серт бар. Тек жүзеге асыру үшін ішкі дауысты сыртқа шығару керек. Бірақ айна алдындағы Қадірдің жүзі суық, қабағы қатулы. Кеудесін қысқан бір өксік пен өкініш бұған күш бітірді. Тауып алған жүз теңгесін сүртіп, қораптың ішіне салып қойды. Айнаға қайта қарап тұрып:

-         Қадір... Қадір...- деп, қайталай берді.

Қадір енді күнде тауып алған, біреу берген, анасы берген, кез келген жағдайда қолына түскен 100 теңгесін сүртіп, қапшыққа салуды әдетке айналдырды. 100 теңгенің дауысы қорап ішіне түскен сайын жұтылып, жоқ болып кетті. Бұл әдет ұзаққа жалғасып, өмір жылжи берді...

Арада 3 жыл өтіп, Қадір елдегі ең беделді оқу орнына өз күшімен түсіп, шәкіртақы алып жүрді. Кешкісін университеттен қайтып келсе, есік алдында жедел жәрдем көлігінің тұрғанын көреді. Ентелей жүгіріп, ішке енді де, талысып жатқан анасын көріп, шошып кетті. Дәрігерлер бәрі дұрыс екенін айтып сабырға шақырды. Бірақ сабырға келгісі келген жоқ. Әкесін де ажал әкеткен кезде сабырға шақырған осы ақ халатты жандар еді. Сенім өліп қалған!

-         Жіберіңдер! Не болды? Анашым?!

-         Ештеңе етпейді, қан қысымы көтеріліп кеткен. Қазір бәрі қалпына келеді.

-         Жоқ, сендерге сенбеймін. Әкемде де бәрі жақсы болады деп алып кеткен едіңдер. Енді екінші рет, есіктен ақ табытқа оранған сүйектің шыққанын қаламаймын. Жібер!

-         Кешіріңіз, бірақ бәрі жақсы. Егер алаңдасыңыз, ертең емханаға келіңіз. Бас дәрігер бәрін түсіндіреді.

Өртенген іш, көздің жасы, өткен күндер бәрі кішкентай ғана мидың бір шетіне жиналып қалды. Сәл болмаса жарылайын деп тұр. Ертесі есін жиған анасын алып-ұшып емханаға әкелді. Бас дәрігердің бөлмесіне кіріп шыққан Қадір қабырғаны тырмалай жүріп келеді. Анасы орындықта ұлын күтіп отыр. Ештеңе болмаған адамдай анасы жетектеп, үйіне қайтты. Бас дәрігер анасына емделу керек екенін, оған 1 000 000 теңге тұратын ота жасалатынын айтады және тез арада екенін ескертті. Есі шыққан Қадір не істерін білмей дал болды. Ақшаны қайдан алады? Өзі тақыр кедей. Әкесін ойлап бір жылады. Айна алдына келіп тағы отырды. Әрбір күні көз алдынан бұлдырап өтіп жатыр. Анасын ойласа еңкілдеп жылай береді. Кенет айна алдында еңіреп отырған Қадірді артынан біреу түртіп қалғандай, селт етіп атып тұрды. Төсектің астында жатқан қорабын алып шықты. Жылдар бойы қораптың үлкейгенін тіпті бұлай ауыр болып кететінін байқамаған Қадір, таң қалды. Дереу жылжытып алып шықты да, ішін ашты. Осы күнге дейін салып отырған 100 теңгелері көз тартады. Әр 100 теңгенің оқиғасы бар. Тарихы бар. Есіне алып күледі, жылайды. Қадір ештеңе ойламастан санауды бастап кетті. 100...200...500...10 000... түнімен отырып ерінбей, асықпай санап шыққан Қадір таңға жуық ең соңғы санның дауысын естіртіп, жар салып айтты. Құдайға есті дегендей айғай салды.

-  Бір миллион! Бір... БІР МИЛЛИОН! Тағы да сол аялдамадағы Қадір. Ешкім жоқ. Құдайға ғана қарап тұр. Ақшаны қапқа салып, емхана жетті. Дәрігердің алдына 100 теңгеліктен тұратын 1 миллион теңгені тастай салды. Дәрігер аң-таң. Бүкіл БАҚ беттері жарыса жазды. Анасын емдеп, үйіне әкелген Қадір туралы республикадағы ең беделді газет жазды. Онда « Миллионер Қадір» деген атпен беріліпті. Қадір бір-ақ күннің ішінде жұлдыз болып шыға келді. Ол туралы достары айта бастады. Көрші балалары қызғып, теңге жинауды әдетке айналдырды.

Сол аялдама. Сол отырған Қадір. Өмір жалғаса берді. Кенет ой үстінде отырған Қадірдің қасына автобус келіп тоқтады. Сенесіз бе, көз алдында сол автобус. Өзі 100 теңгесін жоғалтып алған отыз екінші автобус. Тек жүргізуші басқа. Бірақ дәл сол көлік. Ішіне енген соң Қадір есік жаққа келіп тұрды. Айналасына бағамдай қарап тұрып, табалдырықтың жанындағы бұрышқа қысылып жатқан 100 теңгеге көзі түсті. Ешкім мән беремейтін жерде тұр. Ал Қадір үшін ол үлкен болып көрінді. Автобус аялдамаға келіп ұзақ тұрды. Қадір ақырын түсіп, өзінің талай жыл бұрын жоғалтқан 100 теңгесін қолына алып бейіт басына келді. Әкесінің басына келіп, бір уыс топырақ тастап, құран оқыды.

-         Әке, жатқан жерің жайлы болсын! Сіз білесіз бе, менің басымнан қандай қиын күндер өтті. Бірақ ең ауыры ол емес. Ең ауыры сіз аманаттаған 100 теңгені жоғалтып, бүгін тауып алдым. Рақмет сізге! Сіздің берген 100 теңгеңіз анамды өлімнен алып қалды, мені миллионер қылды. Менен асқан бай адам жоқ! Атымды қойғанда Қадір деп бекер қоймапсыз. Аманатқа қиянат жасадым ба деп бүгінгі күнге дейін қорқып келіп едім, бірақ мен аманатты жүректе арқалап жүріппін. Соны қазір сезініп отырмын. Құдайға мың шүкір! Мен сіздің берген 100 теңгеңізді жоғалтқан күннен бастап, әр тауып алған 100 теңге сол болар деп жинадым. Ішінде біреуі сіздікі болар дедім. Әр тапқан 100 теңгенің қадірі менің адам болып өсуіме септігін тигізді. Мен сіздің маған 100 теңге емес, бір миллион теңге мен бітпейтін аманат қалдырғаныңызды енді түсіндім... Сау болыңыз!

Қолындағы кетік жүз теңгесін айналдырып тұрған Қадірдің қасына көлік келіп тоқтады. Автобус емес, өзінің жеке көлігі...

 

Әр нәрсенің қадірін біліңіз.

Автор: Марғұлан АҚАН