Мұхтар Шаханұлының жетінші сыныпты бітірген бала жігіт кезі. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректордың көмекшісі болып істейді.
Мұхтар сол газетке Қызылқұм ауданы Талапты совхозына қой шаруашылығын көтеруге тілек білдірген жастар жайлы мақала жазып, суреттерін жариялайды.
Кешкісін Сыпатаев атындағы орта мектептің үлкен спорт залында шығармашыл жастардың кездесуі өтетін болды.Кездесуге Ғ.Мүсірепұлын шақыру үшін Т.Айберген , облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Мұхтар да барды.
- Иә, облыстарыңда не жаңалық бар? – деді Ғ.Мүсірепұлы.
Нұсқаушы сайрай жөнелді.
- Облысымызда тек биылдың өзінде 1200 оқушы шопан болуға тілек білдірді. Алдағы жылы бұл санды 3 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
- Жетер енді. Мектепті жаңа бітірген жас өскіндерді топ-тобымен қойға жіберген не сұмдық? Әлде сендер айдалада жүріп қой қайыруды өркениет сатысына көтерілу деп ойлайсыңдар ма? Қаншама ғасырлар бойына ата-бабаларың салпақтап қой соңында жүрмеді ме? Шыққан мүйізі қайсы? Одан қайта балаларды үлкен ғылымға, білімге бағыттамайсыңдар ма?
- Аға, бұл партияның тапсырмасы ғой.
- Өзбастарыңды істетулерің керек, партия айта береді...
Ол кездері партия халыққа нені бұйырса сол заң болатын.Партия тапсырмасын орындамау былай тұрсын, тіпті оған күдік келтіру ешкімнің ойына кіріп шықпайтын. Бұл сол заманғы қоғамның бағынышты хәлінің көрінісі еді.
Әлгінде Мұхтар бар ынта-шынтасымен жазған мақаласы үшін қатты ұялды.Ондағы өзгерісті байқаған Төлеген Айберген : «Жүрегіне жақын алма, әлі сен білмейтін шындық көп», - деп бала Мұхтарды жұбатады .
Иә, білері, көргені аз, енді ғана бүршік атып келе жатқан оқушы балада жазық жоқ. Көп жағдайдың пайымын түсіну үшін небір кітаптар оқылып,телегей-теңіз білім жиналу керек. Мұхтар осы оқиғаны Ғабит Мүсірепұлының есіне салғанда Ғабең : «Сен ол кезде сарыуыз, қызылшақа баласың», - деген екен.