проза

Қағаз қайық

                                            

            Орал педагогикалық институтының студенті Айхан әкесі жатқан көз емдейтін ауруханада болып, енді қайтқалы тұрғанда аулада екі қызбен ұшырасты. Фотоға түспекші екен, көмек сұрады. Көзін таңған ақ құбасы пысық, адамды  баурап, өзіне тартып барады.  

- Фотографтың есімі кім екен? Мен Дариямын. Құрбымның есімі Алма,-деп сыңғырлай күлімсіреп, жас жігіттің таныспасына қоймады.

- Атым Айхан.

- Айхан... Ә, көрші палатадағы Мұхамбет ағаның ұлысыз ба? «Бүгін Айхан келді, ертең Айхан келеді» деп отыратын. Ол кісі әңгімешіл, сен тұйық көрінесің, әкеңізге тартпағансыз ба?-деп әзілдеп, еркін сөйлейді,- ертең келесіз бе?

- Білмеймін. Институтта сабақ болмаса...

- Дарияш, жас жігітті жолынан қалдырма,-деп құрбысы сөзге араласты.

- Қайдан білейін, ештеңені көрмеген соң... кешіріңіз, жолыңыз ашық студент мырзам,-деп иіліп құрбысына бұрылды,- Алма, суретті тез шығарып әкелші, ертеңге үлгерт...

            Қыздардың әңгімесін бөлмей Айхан ұзады. Көзін көрмесе де үні құлағында қалған Дарияны енді ұмыта алсашы. Қырғын қыздың ортасында оқып жүрсе де бірі бұлай ет жүрегін еліктірмеп еді, Дария алғаш танысқан сәттен өзінің өзгеден ерекше жан сезімінің тұңғиығына тартып барады ма?!.

            Ертеңіне әкесінен шығып, аулада әдейі кідірді. Алманы көрді. Жанына қалай жетіп барғанын өзі де аңдамай қалды.

- Алма!.. Құрбыңыз көрінбейді ғой...

- Аа... Айхан?!. Дария ма? Оны туыстары Ресейге алып кетті. Сәл үлгермедің. Сонда емдетпекші. Айтпақшы, ол саған сәлем айтты.  

- Ресейге... Ресей үлкен емес пе?..

- Астраханға. Ол өзі сол жақтан. Мұнда туыстарына келген ғой, сосын осындағы таныс көз дәрігеріне қаратқан. Мен онымен ауруханада танысқам, емделіп шыққан соң қыздарға келіп-кетіп жүргем. Дария өзі сондай мінезі ашық-жарқын, сұлу қыз. Абайламасаң магниті бар...

- Әлгі фотоны шығардыңыз ба?

- Ә, иә, жалғыз дана еді. Көзі байлаулы, соны қайтеді екен? Дарияш та қызық, Оралда болған  күннен естелік дейді. Неге сұрадыңыз, фотоға түскен жоқсыз ғой?

- Жай, әшейін. Сіз Дарияның көздерін көрдіңіз бе?

- Көзін бе, көрдім әрине.

- Қа-қандай екен?..

- Әдемі, ойлы, жан сарайы сияқты тұнық. Байқаймын құрбым сізге ұнап қалған-ау. Айттым ғой, ол алтын магнит деп. Ресейде өскенмен тілді ұмытпаған, ал тіке айтатындығы астархандық мінезі білем. Оның көзін көргіңіз келсе, артынан іздеп барыңыз, өкінбейсіз.

- Барар едім, мекен-жайын білмеймін ғой.

- Ниетіңіз болса, ұшқан құсты да табауға болады. Көмектесеміз.

            Студент қалтасы қашанда  жұқа. Курстастары жолға қаражат жинап берді. Оралдан басқа жаққа ұзап көрмеген Айхан алыстағы Тәж-Тархан шаһарына жүрдек пойызбен жетті. Қалаға түнде түсті. Такси ұстады. «Летейный көшесіндегі нөмірі мынадай...» деп ауыз ашқанша, қағылез орыс жігіті: «Ә, соқырлар қалашығына ма? Қазір-ақ жеткізем. Нағыз жүйрік таксиге тап болдың» деп самбырлай сөйлеп, кісі тасуға көнбіс «сары атына» қамшы басты. Түнгі қаланы қақ жарып, әлдеқайға жүйткіп берді. Айханға таксистің: «Соқырлар қалашығына ма?» дегені шаншудай қадалған, бірақ сыр бермеді. «Мүмкін болса, гүл сатып алсам дегем». Жүргізуші іші жарылардай әзер келеді екен: «Басқа жақтан екенің көрініп тұр. Жігітім-ау, жеті түнде қайдағы гүл? Бірақ мен бір гүл сататын тамаша жерді білем, тек шыныңды айтшы, сүйген қызыңа ғой, ғажап гүл табамыз.» Айхан күлімсіреп, басын изеді.

            Үй дегені үлкен жатақхана болып шықты. Есікті орыс әжей ашты.

- Бұл кім болды екен?- нұры тайған, есік-қабырғаны сипалап қояды.

- Дария... Дария осында... Оралдан келгем...-деуі мұң ар жақтан екі орыс қызы көрініп, «Даша, Даша, саған бір жігіт келіп тұр» деп шуласып шауып кетті.

- Босағада тұрмаңыз, кіріңіз, жас жігіт,-деп әже ығысты. Жігіт не қыларға білмей дағдарып тұрғанда таныс мүсін көрінді. Сол қалпы. Айхан өзіне қадалған қыздың қос жанарына арбалды. Кірпігін қақпай, тура қарайды.

- Дария, амансың ба? Қалайсың?.. Жаңа пойыздан түстім. Саған келдім...

- Қош келдің. Төрле. Босағада тұрма. Жоғары шық, -деп күлімсіреп, қыз да тұрып қалған.

- Ә, мынаны ұмытыппын,-деп бір құшақ раушан гүлін қызға ұсынды.

- Көп рахмет,- қыз хош иісі бөлмені алып кеткен шоқ гүлді аялай ұстап,- Айхан, төрге өте бер. Мен қазір мыналарды вазаға салайын,-деп кібіртіктеді.  

            Дастархан басында және оңашадағы әңгіме ұзақ болмады. Айханның анық көріп-білгені – мұнда көзі көрмейтіндер тұрады екен. Еңбек етеді. Тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектер жасайды. Бәрінің «ортақ ауруы» - көз. Бірақ дағды болар, бөлмеде аса қиналмай жүріп-тұрады.

- Айхан, таңырқаулы боларсың, мені бұл араға қалай түсті деп. Оралдан кейін осында емделдім. Екі көзіме ота жасады. Бірақ... бірақ...-деп қыз қыстығып, жігіттің қолын қыса берді. Көздері тұп-тұнық жас...

Айхан Дарияның көздері қарақаттай шығар деп елестететін, аспан түстес екен. Ол келгеннен бері қыз өзін көріп отырға жорыпты, бақса көз дегені шыңылтыр құсапты. Бір сәтінде екеуінің көздері түйіскен, жігіт арқасын аяз қарығандай дір еткені. Сезімтал қыз сөз сабақтады:

- Айхан, бекер келдім деп отырған жоқсың ба? Сені босқа күйдірдім-ау. Хатыңда «Сені іздеп барамын. Көзіңді көремін» депсің. Мен соқырмын ғой... Үйде жынданып кете жаздадым. Содан ата-анам мамандармен ақылдасып, мені осында әкелді. Мұнда бір жақсысы кіл өзің сияқтылар. Білгеніміз жұмыс. Мен де осында сіңісіп, дертімді ұмыта бастадым. Бірақ көргім келеді, күнді, сен сыйлаған гүлді,-деп егіліп, таусылғанда жігіт жанын қоярға жер таппады. Қызды қайтсе жұбатар? Сүйрік саусақтарын қысып, бауырына тартқаннан басқаны білмеген.

- Пойыз ертең түсте ме, оған шейін Астраханның «Ақ қаласын», кремльін тамашала. Босқа келіп-кетпе. Саған өте ризамын. Қазақстаннан, сонау Оралдан маған бола келдің. Гүл сыйладың. Мені бұлай ешкім еркелетіп, артымнан іздеп келген емес. Айхан, сен осында келгенде мені, менің көздерімді көргің келді ғой, білем, мен де сені көргім-ақ келеді, сондай көргім келеді,-деп тағы жылады. Жігіттің де көңілі босап кетті. Даусы жарықшақтанып:

- Дария, босама. Үмітке қашанда орын бар. Мен... Мен сенің бұлай қалмасыңа сенемін. Дарияш, жанарың тұңғиық екен. «Көз – жүрек айнасы», мұндай шырақтың көрмеуі обал... Жылай берме, күнді де гүлді де, бәрін көретін боласың. Осыған сенші, көз жас көмектеспейді.

            Ертеңіне музейді аралауға Дария бара алмады. Айханға «ақ қаланы» аралатуды құрбысы Ленаға тапсырып, жұмысына кетті. Лена қала маңынан екен, Дариямен бала жастан дос, қолы босаса қатынап тұрады.

- Қалай, Айхан, саған біздің қала ұнады ма?

- Ұнады. Көне тарихпен жүздескендей болдым. Бұл шаһардың аты Тәж-Тархан. Заманында менің ата-бабамның қонысы болған. Көшпенділер негізін қалаған.

- Бәсе мұнда қазақ көп, Дарияның да ата-анасы жылқы баққан қарапайым жандар. Отбасы үлкен. Дария қыздың кішісі. Мінезі де өзі де көркем еді, көзі ауырғалы бері өзгерді.

- Дәрігерлер не дейді? Бір үміт бар болар?

- Қайтара ота жасауға болады, бірақ кепілдік бере алмаймыз, ең бастысы Дарияның «көрсем» деген жігері күшті, ауруға берілмеген, соңғы үмітті байқауға болады депті. Егер жігері жасып, соқырлығын мойындаса, онда өлі клетканы тірілту мүмкін емес көрінеді... Айхан, ол бәрінен бұрын сені көргісі келеді, сезбедің бе? Дарияны бұл қапастан құтқарса,   махаббат, мықты сенім құтқарады. Сен оны іздеп келдің, нағыз жігіт екенсің, ол кешелі-бері сондай көңілді, өмір сүргісі келеді. Оралға барған соң хабарласып тұр, хат жаз, Дарияны ұмытпа!- деп Лена ойын ашық ақтарып, құрбысын мақтаумен болды.

Айхан ой құшағында. Астраханға барардағы көтеріңкі көңілі су сепкендей басылған.  Дарияға деген дариядай сезімі көз ұшында қалып бара жатқан Еділдей елеске айналған, жан дүниесі құлазып, жүрегін өртеген от сөнгендей бықсық. Кетерінде бетінен сүйсе де салқындау қоштасып кете барған. Неге сөйтті? Бәріне куә Лена үнсіз егіліп тұрды.

            Қатар оқитын достары Астархан сапарын білгісі келген, сыр ашпады. Ақылдасар жан таппай аласұрған жігіт Жайық жағасына келді. «Еділге елеңдеп барып, егіліп қайттым, ақыл қосшы, Ақ Жайық. Енді не істеймін? Дарияны сүйетінімді де сүймейтінімді де білмеймін... Жаным алау-далау. Не қылам?.. Айтшы!..» Қыз Жібек пен Төлеген махаббатының куәсі Жайық : «Сабырлы бол, сабаңа түс» дейтіндей ақжал толқыны жағаны ұрып, саябыр ағады.

            Жылға жуық уақыт сырғыған. Ай сайын Дарияға «алдарқау хат» жазып тұруды ғадет қылған Айхан сырын өзі сенетін бірер досына ашқан, «көзі соқыр, мүгедек қызбен жүру қорлық қой, хат жазба, ұмытады» деп ақыл қосты. Ар алдында өзін ақтай алса, жалындаған жиырманың тапқаны осы болды. Көзден кетсе, көңілден де әдірәм дегені. Бұлай істеуге ар-ұжданы қинаған жігіт «қош бол» деп соңғы хатын жіберді. Содан аралық үзілген. Әйтседе көңіл алаңы ұзаққа басылмады. Бірақ жас қой, албырттықпен ұмыта бастаған, жаңа жылда тосын хат алды. Жазу мәнері әдемі. Хатты оқи отырып жігіт бір жанды, бір күйді:

 «Амансың ба дәрігерім! Мен саған сыртыңнан осылай ат таңдым. Ренжіме.

Түбі осылай боларын сезгем. Бірақ мені іздеп келгеніңе, гүл сыйлағаныңа, үзбей хат жазып тұрғаныңа, сұлу сөз, өлеңдеріңе сондай сенгем. Сені көп жігіттің бірі көрмей, ерек санағам, сөйтсем сен де... сен де «соқыр» екенсің! Мен саған көзсіз, түсінесің бе, көзсіз ғашық болдым ғой. Бұ сөзімді тура ұқ, астарына үңіл, еш мәні өзгермейді. Ал сен болсаң көзіңмен көріп тұрып, артымнан іздеп келіп тұрып, күресінге тастап кете бардың! Бұның қалай жігітім?Ар-намысыңның бар жеткен жері сол болғаны ма? «Көз – жүрек айнасы» деген өзің емес пе, әлде мендегі айнадан өлі дүниені ғана көріп, жүрегің мұздады ма? «Мұндай көздің көрмеуі обал, әлі-ақ көріп кетесің» деп қаншама қайрап, күш бердің. Жазған хаттарыңды қимай-қимай қаздай тізіп Еділге ағыздым... Менің көздерімді  емдеген хирург болғанмен, одан мықтысы сен болдың Айхан-дәрігер.

Саған ендігі қызықсыз болар, бірақ айтсам, қазіргі жағдайым жақсы. Соңғы ота сәтті өтті. Бұрын хатты көрмей, тұспалмен, не құрбым көмегімен жазсам, осы хаттың әр әріпін ап-анық көріп жазып отырмын. Сені сондай көргім келген. Құдай, бар екенің рас болса, менің шырағымды қайтар, мен сүйгенімді көруім керек деп қаншама күн-түнімді жаспен жудым... Сен соны білмейсің ғой. Көз берді, бірақ сен жоқсың... Бәрі бекер болғаны ма?.. Менен асқан ару тапқаныңа күмәнім жоқ, тілектеспін, арманыңа жет, бақытты бол! Айтпақшы, қарыз болмайын, көзімді қайтаруға көмектескеніңе көп-көп  рахмет, Айхан-дәрігер! Сәлеммен:  Дария. 1990 жыл. 5 қаңтар. Астархан қаласы.»

            Айхан қорланды. Жан-жүйкесін үзердей ұят қысты. Хатты өзінде қалдыруға батпады. Қолында тұрса жүрегін күйдіріп бітердей. Жыртуға тағы қиналып қайық жасап, өзенге салған, бірер қайтара шыр айналған қағаз қайық толқын тербелісімен дарияға ақты. Жігіт күрсіне күбірледі: «Қалайық-қаламайық, балалық болды ғайып. Есейтіп кетті бізді, кішкентай қағаз қайық... Дарияш, мен де саған мол бақыт, самала жарық тілеймін! Бақытты бол! Мен соқырды кеш...»                           



Бөлісу: