Просто ты красива, Меруерт!

Просто ты красива, Меруерт!
жеке
блог

5-6 сыныпта оқитын кезім. Ол кезде қазіргідей отандық арналар бейнебаяндарды көп көрсете бермейтін. Таң, 31, А1 деген арналар ғана көрсететін. Сол кезде жас әнші Алтынай "Мазала, жырым" деген әніне, бейнебаян түсіріп, енді танылып жатқан кезі. Кейін жолдасы, талантты музыкант Әуен Керейбаевпен бірге "Достар" тобын құрып, бүгінгі күнге дейін сахнада өнер көрсетіп келеді.

Сол кезден мінеки, он жыл өтті. Кезінде алғаш рет экраннан көрген әнші Наяны шын өмірде кездестіріп, жақын араласып кеттім. Сәті түсіп Әуен ағамен де таныстым. Өз басым, "Достар" тобын ерекше құрметтеймін. Себебі, бұл топ тек жанды дауыста өнер көрсетеді. Біздің сахнада мұндай топтардың саны өте аз. "Достар" тобы өздерінің кім екенін елде ғана емес, шетелдік сахналарда дәлелдеп берген ерекше топ. Олардың тағы бір ерекшеліктері әндерінің әрқайсысының өз тарихы бар. Сол әндердің ішіндегі өзіме қатты ұнайтын әннің бірі - "Меруерт". Негізі менің "Мәдениет" бөлімінде "Бір әннің тарихы" атты айдарым бар екенінен хабардарсыздар. Өкінішке орай, уақыт тапшылығының салдарынан әндердің шығу тарихын зерттейтін күйім болмай кетті. Бірақ, "Меруерт" әнінің шығу тарихын жазбасам болмас. Бұл әннің шығу тарихын Наяның өзінен сұрағанмын. Ная студент болған кезде, онымен бірге жатақханада Меруерт есімді қыз тұрады. Өзі сүйкімді қыз екен. Меруерт бір жігітпен қол ұстасып ұзақ жүреді. Екеуінің керемет махаббатына барлығы қызыға да қызғана қарайды екен. Сонымен не керек, Меруерт аяғы ауыр болып қалады. Мұны естіген жігіт өз сөздерінен өз қашып, іші шыққан Меруертті тастап кетеді. Содан Меруерт некесіз баланы дүниеге әкеледі. Арада уақыт өте келе, өзіне лайық болар жанды кездестіріп, сол адамға тұрмысқа шығады. Бүгінде ол үлкен отбасылы болып, бақытты жандардың қатарында. Ал жас кезінде ойнап жүріп от басқан Меруерттің бүкіл жай-күйін көріп келген Ная осындай әнді дүниеге әкеледі.

"Меруерт" әні сіздердің де көңілдеріңізден шығады деген ойдамын.