Сәлем, массагет сайтының оқырмандары! Байқаған болсаңыздар, біршама уақыт бұрын осы сайтта бағдарламашы болу жайында мақалалар жаза бастадым. Мен бұл істі осыдан 3 жыл бұрын бастамақшы болғанмын. Бірақ, оқырмандардың аз болғанына байланысты жұмысымды жалғастырмадым. Осы үш жылдың ішінде байқағаным, еліміздегі бағдарламашылардың саны қатты көбейген жоқ, ал жұмыс берушілер мен мамандарға деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Айналамдағы туыстар, достарым, таныстарым және отандастарымның жұмыс іздеп қиналып жүргендерін көріп, аз айлыққа ауыр жұмыстарға кіріп жатқандарын көріп және жоғары білімдері бола тұра даяшы, автокөлік жуушы, сатушы сияқты жұмыстарға кіруге мәжбүр болып жүргендерін көріп, ағарту ісімді бастаймын деп шешім қабылдадым.
Бұл істі бастау жолында, маған бірнеше мәселені шешіп алу керек болды:
1. Тіл мәселесі. Қазақ тілінде жазайын ба, әлде орыс тілінде ме? Мен осы екі тілді де жақсы дәрежеде меңгердім және кез-келгенінде сабақтар өтіп, мақалалар жаза аламын. Бірақ, менің шешімім - қазақ тілі. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы тумасымын. Ауылдың қара домалағымын). Жастайымнан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге құштар болдым. Бұл - сіз және біздің қолымызда. Тек сөзбен айтқанды қойып, іспен кірісуге бет бұрдым.
Шыны керек, қазақ тілінде бағдарламалауға қызығып, ақпарат іздейтіндер орыс тіліндегілерге қарағанда аз. Қазақ тілін таңдауым - аудиториямның кіші болуына әкеліп соғады. Дегенмен, қазақ тілінде сөйлейтін жастардың саны, орыс тілді жастарға қарағанда көбірек. Демек, мен осы жастардың бәрін қызықтыра білуім қажет.
2. Мақалаларым мен сабақтарымды халыққа ұсынатын алаңша таңдау. Бұл мақсатта мен zero.kz сайтындағы ақпаратқа сүйеніп, қазақ тіліндегі оқырман көп кіретін сайттарды іздедім. Бірінші орында "Сұрақ-жауап" сайты тұрады. Өте жақсы сайт. Осы сайтты жүргізушілерге алғысым шексіз, жұмыстарына сәттілік тілеймін. Бірақ, бұл сайтта блог жазу мүмкіндігін таба алмадым. Екінші назарым түскен сайт ол "Массагет сайты". Бұл сайттың техникалық іске асырылуына өте көңілім толды. Блог жазу мүмкіндігі бар және оқырмандарының саны көп. Сондықтан, осы сайтта блог жазуды бастаймын деп шештім.
Сайт оқырмандары мені өте жылы қабылдады. Бұл үшін сіздерге көп рахмет. Дегенмен, менің көкейімде тұрған бір мәселе бар. Осы мақаланы жазуымның себебі де осы:
Менің мақалаларым мен болашақта жазылатын сабақтарымның халыққа, жастарға, бағдарламашы боламын, өмірден өз орынымды табамын деушілерге үлкен пайдасы тиетініне еш күмәнім жоқ. Мен бұған жүз пайызға сенімдімін. Бірақ, менің еңбегім, осыны іздеп жүргендерге жетпей қалып жатыр деп ойлаймын. Сабақтарымды барынша көп адамдар оқып, пайда алуын қалаймын. Осы мақсатта сіздерден көмек сұрағым келіп тұр. Мақалаларды өз достарыңызбен бөлісіңіздер, әлеуметтік желілер, уатсап арқылы, сыныптастарыңыз, курстастарыңыз, достарыңыз бен бауырларыңызға бетпе-бет айту арқылы таратуларыңызды өтінемін. Менің мақсатым - халыққа пайдамды тигізу. Осы мақсатта мен өз уақытым мен күшімді жұмсаймын. Отандастарымыздың дамуы жолында сіз де өз үлесіңізді қосуыңызды сұраймын.
Ендігі кезекте мақалалар мен сабақтардың шығуын жүйелегім келіп тұр.
Алдымен, мақалалардың тақырыбына келетін болсам. Тақырып мынадай құрылымнан тұрады:
1 - ші, Басты тақырып. Мысалы, "Программист болу.", "Бағдарламалау сабақтары." т.с.с.
2 - ші, Бөлім атауы. Мысалы, "Бірінші қадам - мақсатты анықтау.", "HTML, CSS. 2-сабақ." .
3 - ші, Анонс жазылатын орында, сабақтың ішкі тақырыбы жазылатын болады. Мысалы, "Шет ел программистері қалай өмір сүреді?".
Жалпы барлығын қосқанда тақырып төмендегідей түрде болады:
Программист болу. Бірінші қадам - мақсатты анықтау.
Шет ел программистері қалай өмір сүреді?
Бағдарламалау сабақтары. Joomla бағдарламасы. 3-сабақ.
Сайтқа модульдер қосу.
Тақырып мәселесі түсінікті болса, келесі кезектегі мәселе - мақалалардың және сабақтардың шығу уақыты. Жұмыстың жүйелі болуы үшін, сабақтар аптаның белгілі-бір күндері шығып отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мақалалар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері шығып отыратын болады. Осы күндері үлгермей қалатын болсам, алдын ала ескертетін боламын.
Кезектегі мәселе, ол сіздердің кері байланысыңыз. Бұл менің кішігірім талабыммен байланысты. Сабақтарымның оқылып жатқанына көз жеткізу мақсатында, жазбаға қалдырылған пікірлердің санын бақылап отырғым кеп тұр. Қазірше, бұл көрсеткіш 30 пікір көлемінде болсын. Егер, мақала шыққан күннен бастап, келесі мақаланың шығу уақыты аралығында жазба астына 30 пікір қалдырылатын болса, келесі сабақ өз уақытында шығатын болады. Ал, егер де, 30 пікірге жетпесе, келесі сабақтың шығу күні кейінге қалдырылады. Мысалы, дүйсенбі күні жазылған мақалаға 30 пікір қалдырылса, келесі мақала өз кезегінде бейсенбі күні шығады. 30 пікірге жетпей қалса, сабақ бейсенбі күні шықпай, дүйсенбіге қалдырылады.
Мақалаға пікір қалдыру мүлде қиын емес. Сайтта тіркелмеген болсаңыз, әлеуметтік желідегі аккаунтыңыз арқылы кіруге болады. Осыншама көпіртіп жазылған еңбектің астына, бір-екі сөзден тұратын пікір қалдыруға ешкім қарсы болмайтын шығар деп ойлаймын). Түсіністік білдіріп, қолдау көрсеткендеріңізге рахмет! Келесі мақала дүйсенбі күні шығатын болады. Сіздерге өте қызықты әрі пайдалы ақпараттар дайындап қойдым! )