Пойыздағы бір түн

"Қарағанды-Жезқазған" бағытындағы пойыздың ең соңғы бүйірінде "Қарағанды-Қаражал«деген жазуы бар екі вагонының біріне отырдық.Себебі, осы екі вагонды кейін басқа теплавозға тіркеп көздеген жерімізге жеткізеді. Плацкарт вагон. Орыннан шатасып кеткен жандар, билет бойынша орналасып, я болмаса „мына жерде таныстарым бар екен, орын ауыстырып алайықшы“ деп жүрген жандар. Ораза бітуге екі күн қалған кез. Маған қарама қарсы бір келіншек отыр. Ауызашатын мезгілде қолын жайып бата қылды. Өзімізді мұсылман санап жүргендіктен біз де қарап қалмай қол жайдық. Ана келіншек батаны ұзақ қайырды екен.Менің ішім пыса бастады. Келіншек еріні жыбырлап тоқтар емес, бір кезде дұғасын ұмытып қалды ма еріндері жыбырламай қалды. Есіне түскен болуы керек, тағы бірер минөт бірдеңелерін оқып, ақыры бетін сипады-ау.Бала кезімнен ауызашар уақытта дұға жасаған кісілерді көріп жүрмін, дәл мынандай ұзақ ниеттенген жанды бірінші көруім. Алла қабыл қылсын!
Содан не керек, қызық соңыра басталды. Басында әркім өз орынында, емін еркін жатқан болатын. „Жарық“ деп аталатын тоғыз жолдың торабындағы станцияға келдік. Осы кезде біздің вагон жалпы вагонға айнала бастады. Жұрттың ұйқыға кететін уақыты. Түскен адамдардың орнына ғана адам кірсе жақсы ғой. Бірақ оны қадағалап жатқан жолсеріктер жоқ,өздеріне ақша жасап қалып жатыр, олардың орнында өзім болсам мен де сүйтетін болармын деп, сабырлылықпен жата бердім.Пойызға кірген үлкен кісілер үлкендіктеріне басып, астыңғы полкада жатқан жастарды үстіне қарай ығыстыра бастады. Қызығы сол, оларда үстіңгі полкаға да билет жоқ.Әйтеуір былай мініп жатқан адамдар. Ұйықтаған болып көзімді жұмып жатырмын.Негізі, шынымен ұйықтап жатқанмын басында. Әйтеуір маған тықыр таянып қалғанымен, ешкім мазалай қоймады.Бір ойым біреу оятса „қарт кісі болса орынымды берейін, қырықтың ішіндегі кісілер болса “Кешіріңіз, өзім операциядан шығып келе жатыр едім, басқа жерден орын іздеп жүруге жағдайым жоқ» деген сылтауды айтсам ба?" деп ойлап қоямын. Оңбағандық қой негізі, бірақ "ұйқы дұшпан".Осы ойлармен жатып ұйықтап кетіппін. Біреу түртіп оятады. Басымды көтерсем бір 30-35терге кеп қалған келіншек(дауысынан солай ойладым) «кешіріңіз, бос орын жоқ, сіздің аяқ жағыңызға отыра берсем бола ма?» дейді. «Ойбай-ау жаныма жата кетсең де болады»(олай ойлаған да жоқпын, шын айтамын)«Рұқсат, рұқсат» деп екінші жаныма аунап түстім. шамалыдан соңәлгі тәтем өнер шығара бастады. «Түһ, қозғала бермеңізші, аяғыңызды тартыңызшы(менің жаман әдетім бар,ұйықтап жатсам да, ояу отырсам да оң аяғымды „шарт“ еткізіп сілкіп алатын кездерім болады),өзіміз әрең отырсақ» деп күңкілдей бастады. Әйтеуір бір станциядан түсті ау. Таңғы сағат жеті болған кезде жеттім — ау Қаражалға. Уффф…



Бөлісу: