Поштама келіп түскен хат...

Поштама келіп түскен хат...
жеке
блог

Бұл хат менің поштама келіп түсті. Ақбөпе Қалила есімді қыздың кім екенін білмейді екем. Бірақ оның хатында менің де, оның да, басқаның да басында өткен (бәлкім өтер) жағдайлар жазылған. Жұмыс ауанымен әрлі де берлі шапқылап жүргенде бір ғана сәтте «Әке» деген ізгі жанның барын есіме салды. Жылаңқы хаттардың өз реті бар шығар, бірақ бұл хат әкесінің ерке қызы туралы, әкенің мойнына асылып, талай еркелеткен сәттері, сағынғаны жайында айтады. Қалаға келіп, жалғызсырағанда жанынан табылғаны әкесі екен, анығында оған деген сағынышы екен. Ешбір қоспасыз, пәк, бала көңіл...

P.S. Қуаныш есімді (Кәрім) азаматпен бірге оқыдық, бірге журнал аштық. Журнал жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар туралы, олардың проблемалары қарастырылатын басылым болсын дедік. Журнал реті алты айға жеткен соң досым ұшты-күйлі жоқ болды. Көңілінде жақсылық пен ізгілік жататын. Түрлі шаралар өткізіп, оларды қоғаммен бірге қою мәселесін, елден ажыратпау турасында іс жасап көрдік. Әлдекімге ренжіп, қолдаусыз қалдық, жүректері тас екен деуден аулақпыз. Әманда осындай жақсылықтың алды даңғыл жол болсын деп, амалсыз, орта жолдан қайттық. Осы турасында талай әңгіме жүрген екен, талай өсекті құлақ шалды. Кім, не десе де, ешкімнің алдын кеспедік, ешкімді шеттетпедік. Солайы солай, дәл осы жағдай, кім біледі, болуы да керек пе еді... Кім білсін. Журналға түрлі мақалалар келетін. Міне, солардың бірі басылым жабылып қалса да келіп жатыр, келіп жатыр... Сондықтан хатты Massaget.kz-ке жариялауды ұйғардым.   

 Әкеме хат!

Амансыз ба, әкетайым! Өзгелерден өзгешем, маңдайға біткен мәңгілігім, асқарым менің! Қолыма қалам алып, хат жазуыма себеп болған жанымда жүрген құрбымның әкесі тірі кезінде бір ауыз жылы сөз айта алмай өкініп, өксіп жүрген кейпі болды. Оны әкесі бесікте жатқан сәтінде-ақ тасбауырлыққа салынып, тастап кетіпті. Содан кейін ”әке“ деген атты атамаған ол қыздың жүрегінде үлкен өкініші бар. Неге, күнәқар әкемнің кінәсін кешіріп, Алланың алдына азғантай болсада жеңілдікпен жібермедім деп күндіз-түні жасаурап жүреді? Оны көріп сіздің менің алдымда жасаған қарызы қайтарылмас игіліктеріне шүкіршілік етіп, одан сайын жүрекпен жақсы көріп кетем! Және маған сіз секілді ақылды әкені берген жасампаз Жаратқанға да алақанымды айқара жайып алғысымды айтамын.

Менің отбасымда рейтинг жағынан әркез алғашқы орындасыз, әке! Мүмкін менің қолымнан өзгелер сияқты үстіңізге үй, астыңызға көлік мінгізіп, көркем жолдармен жүргізу, ең дәмді тамақтармен қамтамасыз ету келе қоймас, бірақ мен бар күш-жігірімді салып сіз бен анашыма Меккенің ауасын жұтып, бес парыздың бірі Қажылықтарыңызда өтеулеріңіз үшін күндіз-түні тер төгем!

Егер мен бір көкек әкенің кезекті құрбаны болып шикіөкпе балалардың санын толықтырсам мына өмірден безініп кететін шығармын! Мені қатігездікке салынбай, аяғымнан тік тұрғызып, бар күш-жігеріңізді менің адам болуыма аямағаныңыз үшін, менің анамды жылатпағаныңыз үшін, бес бірдей бауырды маған сылағандарыңыз үшін, бастысы маған өмір сыйлағандарыңыздың ақысын қалай өтерімді білмей отырмын! Сіздің түн ішінде, қарлы боранмен арпалысып мен үшін нан іздеп кеткен кездеріңіз бен жұрттың малын бағып, жалданып жұмысын істеген кездеріңізді жүрегім ауырып отырып еске аламын. Сіз мен үшін бейбіт күннің батырысыз, әке! Сіздің аса еңбекқорлығыңызды көріп өскендіктен мен өзім еңбектенуді үйрендім.Өз бетіммен өз қажеттілігімді толтыруды үйрендім. Жұмыс дегеннің қиындығын бұйым көрмейтін болдым! Сіздей адамды шексіз сүйем! Тарылған қаланың мейірімсіз тұрғындарының ішінен сізді таппай, ауылға қарай ұшып кеткім кеп отыр. Бірақ ауылға кетіп қалсам тағы ұрысасыз ғой, «сабағың қайда?» деп. Сізді қатты сағындым! Мойныңызға асылып, еркеледім! Хатымды оқи сала, Хатыма жауап жазыңыз! Аманшылықта жолыққанша!