Портретімді салған сүйкімді қызға...

Портретімді салған сүйкімді қызға...
жеке
блог

 

Көзімнен нені сезіндің екен, сезіндің екен, қалқашым?

Алаң болғаның-ай ару қыздардай жоғалтып алған алқасын.

Сен мені солай шынымен аңсап жүрсің бе,

Іңкәр Іледей сағынып  құяр Балқашын.

 

Енді мен қалай тіл қата алармын күнім-ай,

Өзімшіл тағы күн  кешіп жүрмін ұлыдай.

Мен сені қалай бауырыма басам бақытсыз,

Жанымды қайтем жазда да жүрген жылымай?!

 

Қараша басым хан болып сенің көзіңше,

Аяймын сені әппақ махаббатыңды сезінсем.

Сенің түндерің менікінен де азапты,

Өзің салатын суретіме  қарап көз ілсең.

 

Кінәлі санап өзімді сосын өшігем,

Өмір дейтіндей... Мен қайбір өмір кешіп ем?

Ләззәтын сыйлап, кінәсін артқан мойныма

Жатқұшақ еткен жезөкшелерді де кешірем.

 

Ал өзің болсаң...

Періште ме едің, пері мең?

Есіміңді айтып еркелетуге де ерінем.

Жо, жо-жоқ, қалқам, сен мені мүлде ойлама,

Айналып түбі кетпейін сенің шеріңе.