Поляктар жайында...
блог
Ойын алдында Польша құрамасының бапкері қанша жерден қарсыласымыздың күшін лайықты деңгейде бағалап отырмыз десе де ойыншыларына ол ойын жеткізе алмаған секілді. Поляктар біздің құрама жігіттерінің шамасын бағаламақ түгелі, оларды бала көргендей. Тіпті, командасы жеңіп жатса да аты жер жарған Левандовскийдің жүйкесі сыр бергенін байқаған боларсыздар. Елдостың мұрнын қанатып, Бауыржанды қылқындыра кеткенін басқаша түсіндіруге болмас. Оның: "Ешкім танымайтын мына қазақтар менен - Роберт Левандовскийден допты тартып алып жатыр. Қалай?" - деген ойы болған сыңайлы. Әйтпесе, анау істегендері оның деңгейіндегі ойыншыларға жат қылық. Қарсыласты құрметтесе, олай істемес еді. Бұл сәтте ол қызыл алып кетуі керек еді. Голландиядан келген жас төреші сары қағазбен шектелді - атағына қараса керек. Алайда, Левандовский екінші таймда ысқырықтан кейін қақпаға доп бағыттағанда төрешінің оны кешіргені түсініксіз болды.
Екінші тайм демекші, біздің жігіттер бірінші таймда да есепті теңестірер еді. Бірақ Исламхан мүлт кетті, Қуаттың добын қақпашы қайтарды. Бұл доптардың соғылмағаны да дұрыс болған шығар. Өйткені екі гол басымдықпен ұтып келе жатқан поляктар екінші таймға ойын ойнау үшін емес, ойынды тезірек аяқтау үшін шықты. Ал олардың бостығын пайдаланған біздің жігіттер қатарынан 2 гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Қонақтар ес жиямыз дегенше, ойын да аяқталды. Бұл таймда да поляктардың психологиялық тұрғыда осал екенін, жүйкелері нашар екенін байқадық. Мысалы, әлгі Глик деген бәленің жерде жатқан Исламханды аяқпен теуіп тұрғызбақ болғаны адамдыққа жат нәрсе. Өзін сыйлайтын спортшы қарсыласты да сыйлауы тиіс. Спорт сонысымен спорт. Төрешінің бұл жолы неге қызыл көрсетпегені тағы түсініксіз. Көз алдында анандай қылық істеген ойыншыны қалай кешірді? Жалпы, ойын 2-2 есебімен аяқталғаны әділ деп білемін. Бізді үш рет бағана құтқарды, поляктар екі қызыл қағаздан құтылды.
Пы/сы: Поляктарды соққыға алмағаны үшін біздің ойыншыларды намыссыз деп жатыр біреулер. Меніңше, жігіттер бәрін дұрыс істеді. Анандай лас қылық көрсеткен поляктарды ұрып, қызыл қағаз алып, артынша құраманың жеңілісіне себепкер болғанша, сабырлық танытқан жақсы. Сосын Елдос та, Бауыржан да үндемей қалмады. Ойын барысында бірнеше мәрте еселерін қайтарып үлгерді.