ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
блог
Келіндей күн де сәлемін салар көгіңнен
Қонақ боп ырыс жауады бата төріңнен
Ұлыстың ұлы күніне күн жоқ теңесер,
Тәңірдің нұры жүміле ғаламға төгілген.
Көтерген құрсақ әйелмен жер де теңбе тең,
Бусанып дала, бебеулеп бесік тербеген.
Табиғат түлеп іңгәләп жатыр сәбидей,
Таулардың әппақ самайы шып-шып терлеген.
Әз-Наурыз әрбір шаңыраққа ырыс жазады,
Қиқулап керім нәурізек қанат қағады,
Төрт түлік төлдеп, бәйшешек сұрар сүйінші,
Самаурын қайнап, бұрқылдап сорпа қазаны.
Берекең артып дәстүрін елдің сақтадың.
Төс қағыстырып көрісіп жылмен қарттарым,
Кимешек киген апалар қымыз сапырып,
Алтыбақанын тебеді жалын жастарым.
Шашбауын тағып, сәукеле киген арулар,
Сәйгілік мініп тасыған табақ бар ұлдар.
Киіз үй іші аламан айтыс әгугәй,
Қырдағы бәйге қозады үнмен «Шабыңдар!».
Әз-Наурыз құтты мереке бізге көнеден,
Дәм татар бәрі жиылып наурыз көжеден.
Жыл келді! Нұры қосылып енсін төріңе
Жылбасы құт бол! Күн менен түнді теңеген.
Бауырсақ пісіп бақыттың әні шалқыған,
Домбыра үні әуеде, жерде қалқыған.
Самарқандағы көк тасты ерітіп жіберген
Мейрімін төккен айналдым ата салтынан.
Қайғыдан ада, қайырлы қылғай ғасырды
Адалын беріп сіңімді еткей асымды,
Алты Алашыма Алладан саулық сұраймын,
Құбылаға қарап сәждеге қойып басымды.
Жұлдыз БЕЙСЕК.