Ұлы сапар үстіндегі ой

Үзеңгіліс досым да жоқ жолдамын,
Жарым да жоқ жасап берер жол қамын.
Сағынатын біреуім бар сапарда...
Ал сағыныш жеткізбейтін ол да мұң.

Жүрегімнің қағысымен үндесіп,
Темір жолдың дүрсілі тұр тілдесіп.
Терезенің ар жағында ен дала,
Ен далада екі үй жатыр күн кешіп.

Қос шаңырақ іші -күңгірт, сірә-бақ,
Топырлаған бала шықты қуалап.
Біреу қалды вагон санап қолымен,
Терезеден қараша үйдің сығалап...

Бала күнім еске түсіп кеткені,
Қайта оралып бал күндердің көктемі.
Вагон санап тұрғым келді солармен,
Вагон алып бара жатыр тек мені...

Ойым- тұнық, көңілі- пәк іштің де,
Лайлай салдым вагонымнан түстімде...
Басы-күйбең, соңы-күйбең бітпейтін,
Мына жолдың қалғым келед үстінде...

Өмір осы көңіл бұзар кектенсе,
Ұлы сапар аяғына жеткенше...
Темір жолда телміргенім жақсы екен,
Тас қалада тас бауыр боп кеткенше...

Алматы-Астана бағыты. "Бәйтерек" пойызы. 16 вагон. 26-орын.

(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: