2023 жылдың 2 наурыз күні ЖИ және Big Data кафедрасының аға оқытушысы Дуйсембаева Лаураның «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты кураторлық тәрбие сағаты болды.
Қатысқандар: Интеллектуалды басқару жүйесінің 1-курс студенттері
Сабақтың тақырыбы: «Ұлы халықтың – ұлы Абайы»
Сабақтың мақсаты: Студенттерді Ұлы ақынның балалық және жастық шағы, өскен ортасымен таныстыру. Ақындығы мен композиторлығын таныту.
Абай шығармашылығын сүйіп оқуға, өмірін, қасиеттерін үлгі ете отырып, білім-ғылымға құмарлығын арттыру.
Жас ұрпақты Абай шығармашылығын танып өсуге тәрбиелеу.
Өту барысы:
Кіріспе.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.
Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.
Мені мен, менікінің айырылғанын,
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақын атамыз – Абай Құнанбайұлы туралы сөз қозғамақпыз.
Абай қазақтың ұлы ақыны. Абай – сазгер, философ, ақын, ойшыл, аудармашы, данышпан. Ол ел жұртының болашағын ойлап, азаптан құтылудың жолын меңзеп, оқу-білімге шақырған. Жаман әдеттен арылып, жақсылықты өн бойына жинауға үндеген.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Абай болашақ ұрпаққа, сөзін осылай арнады. Бұл өзі сүрген ғасырдан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жақын болашаққа сенімді жол салған ақынның сөзі еді. Ол жарқын болашаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Ол жол ғылым, білім, өнер, мәдениет жолы еді. Абайдың «даналығы» да осында. Ал «дара» деген себебіміз сол заманда көзі ашық, көкірегі ояу, түрлі тілді меңгерген қалың қазақ арасында жалғыз Абайдың өзі болды.
Кешегі ауыр да күңгірт заманда жалын боп жанып өткен Абайдың осы мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайды. Абай туған елін қаншама сүйсе, елі үшін күңіреніп, тебіренсе бүгінгі ұрпақ оны сонша құрметпен сүйіп отыр. Абайдың көзі тірісінде жетпеген арманына біздің заманымызда жетіп отыр. Өйткені, бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге құмар. Абай атамыздың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкіректе нық сақтайық.