Уақыт-қылыш!
Уақыт-өмір өлшемі байқалмайтын,
Көзбен көріп, түр-түсін айта алмайтын.
Уақыт-терең тұңғиық сезілмейтін,
Батып кетсең кері шығып қайта алмайтын.
Уақыт-тылсым құбылыс ашылмаған,
Шексіз, шетсіз толқыны басылмаған.
Дүние бір тәуелсіз уақыт деген,
Одан ешкім ақылын асырмаған.
Бос өткізбей уақытты бағалай біл,
Жастық шақты уақытында жағалай біл.
Кеш болғанда қалмасқа әттең-ай деп,
Есеп беріп уақытыңды саралай жүр.
Уақыт алтын адамның қолындағы,
Қадірлесең құсың болар торыңдағы.
Пайдаланып сол құстың тілін біліп,
Меңгере алсаң бақыт болар жолыңдағы.
Уақыт-дауыл, күшімен кім теңеседі?
Ызғарынан ызыңдаған жел еседі.
Уақыт-қылыш, адамзат ойланыңдар,
Сен кеспесең, келіп сені ол кеседі!!!
Бексұлтан БАСЫҚАРА, 2011жыл