Түсіме кірдің бүгін...

Түсіме кірдің бүгін...
жеке
блог


Жайын ұғар мендегі толы шердің,
Сен де жоқсың, мұңымды бөлісер кім?..
Ай сәулесі әйнектен үңілгенде,
Қалғып жатып түсімде сені көрдім.

Өкпелісің… мені де жат санадың,
Сырласуды мен күткен бастамадың…
Қайта-қайта хәліңді сұрай бердім,
Таусылғандай осыдан басқа амалым…

Солғын тартып шуақты, күн жамалың,
Көздеріңді беймәлім мұңға орадың.
Мен ұсынған гүлдерге қызықпадың,
Мен оқыған жырды да тыңдамадың…

Ұққандай боп жоқтығын еш амалдың,
Жылап алдың, жас төгіп босап алдың.
«Ұмыттың ғой» дедің де, ақырындап,
Қоштаспастан бұрылып кете бардың…

Кете бардың, жел серпіп бұрымдарың,
Түсінбедім, ештеңе ұғынбадым.
Ұзап кеттің әп-сәтте ғайып болып,
Есіміңді атадым… Бұрылмадың…

Бір-ақ сәтте сезімім селге айналып,
Кірпігіме шыланды көл байланып.
Бір орнымда қимылсыз тұрдым солай,
Қозғалуға мұршам да болмай қалып…

… Жүз дөңбекшіп, төсекте жүз аунаппын,
Сағынышқа санамды бұғаулаттың…
Мына түсті қалайша жоримын деп,
Ояндым да, ойланып ұзақ жаттым…

Құлағымда жаңғырып түсімдегі үн,
Жанарымның қалқыды ішінде мұң.
Неге кірдің түсіме? Неге кеттің?
Өкпелісің сен неге?.. Түсінбедім…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ