Туған жерді көрем бе?..
блог
Анам күтіп тұрған шығар төбеңде
Жасын сүрт, жел, көре қалсаң «келер» де.
Жанында жүр, ақмаңдай ай, кешқұрым
Шеңгелдердің қоңырауын терерде.
Туған жерді бүгін, ертең... көрем бе?
Тал бесігің тыныштыққа бөлер ме?
Түсімде мен көктем-қызбен той тойлап,
Үй ойнаймын, құмды екіге бөлем де.
Лақ қуалап, гүлден гүлге жүгірген
Етегіне ошағандар ілінген
Саусақтары сұлу еді анамның
Туған жердің тікенімен тілінген.
Саған қарай қадам басып келемін
Бақылайтын бойшаң аға - терегім
Көбелегім қонбай әуре ететін,
Еркелетіп иілетін еменім.
Сүйемін-ау, құм суырар дауылын
Құмнан моншақ таққан менің ауылым.
Шалқып кетсем құшағыңда күндей боп,
Бір иіскемей кетпеуші еді жауының.
Бақбақ гүлім, бәйшешегім - құмарым
Сендерді өппей, сағынышқа құладым.
Топырағыңнан тойып ішкен қызың ем,
Шаштарымнан жусан аңқып тұратын.
Киелі ғой сенде жатқан тас-дағы
Шақырады мөлдірліктің аспаны
Канша уақыт ауаң мені құшақтап,
Күнің алтын сәулелерін шашпады.
Әппақ қарың ерімеді қолымда
Қаңбақтарың жүгірмеді жолымда
Бақаларың секірмеді солымда,
Тасбақалар тәй баспады оңымда.
Күлкім еді - сылдыраған бұлақтар
Жасыл шөбім жайлауым ғой тұрақтар
Мен келгенше жанында боп анамның
Жарық етші жолын жұлдыз – шырақтар.
Жұлдыз БЕЙСЕК