Тілім менің
Тілім менің,
Көріп сенің Туыңның тігілгенін.
Жүрегімде қан ойнап шыға келді,
Қайта оралып келгендей тірілгенім!
Тілім менің,
Өзіңменен бір дер ем, Дінім менің,
Бесігімнен сіңірген құлағыма
Әлдиіне анамның жүгінгенмін.
Тілім менің
Өзің барда жоғалмас Ділім менің,
Әліппені қолыма ап, көзімді аштым
Сен арқылы ақтардым білім кенін!
Тілім менің,
Қаламадым тілімнің бүлінгенін.
Өзіңменен батады кеш шапағы
Өзіңменен атады күнім менің!
Тілім менің,
Сен деп қана соғады үнім-демім,
Ахмет атам өсиет еткендей
Басқа тілдің алдында бүгілмедің.
Тілім менің,
Жүрегімде күй ойнап, күлімдедім.
Алашымның арманы орындалып,
Той боп жатыр елімде бүгін менің!
Абзалұлы Ермек