ТАРАЗЫМ!

ТАРАЗЫМ!
жеке
блог

Жаз қалам менің, мәз қалам менің, Таразым,

Жұлдыздай жаухар  арманым болып жанасың

Балалығымды қойныңа тығып қуанған

Жер бетіндегі тек жалғыз өзің ғанасың.


Жайдары қалам, жап-жасыл шуақ мекенім.

Балдан да тәтті алуамбысың, шекерім?!

Қанатым қағып, алысқа ұшып кетсем де,

Балам деп мені жер бесігіңе бөледің.


Өзің дегенде өзекте маздап жанады от,

Қала боп сұлу жалт еттің кейде дала боп

Түйір тасыңды алтын-күміске бермеймін,

Жүміле ғаламым! Әлемде сендей қала жоқ!


Гүл басқан қалам, сырласқам талай шөбімен

Адасқан жапырақ, сыңсыған желге серік ем.

Ауаңды жұтып өскенім үшін қарызбын,

Қаламым сынып кеткенше жазам сені мен.


Күн ғашық болған, нұрланып толған киелім,

Домбырам сенсің, бола алсам етті тиегің

Өзіңе деген махаббатым ғой мәңгілік,

Құмыңды сүйіп жатады, өлсем,  сүйегім.


Жұлдыз БЕЙСЕК.