Сіз маған қарағанда...

Сіз маған қарағанда 
Құлағыма раушан гүлдер күбірлеп, 
Жаңа оянған ұяңдық боп жаралам. 
Жалғыз жаным жанарымда дірілдеп, 
Қос кірпіктің арасында қамалам.

 

Сіз маған қарағанда 
Қара жолда қайырылғандай қанатым,
Қарашығыңызда қалқып барам қарасам. 
Жыпылықтар жұлдыз таппай жанатын 
Толқынды түн ай құшақтап адасам.

 

Сіз маған қарағанда 
Бір ысытып, бір суытып... 
шоқ түсіп, 
Кірпігіңіз кірпігімді тұтатқан. 
Ал деміңіз күйдіргенде от құшып, 
Іші өртенген айға өзімді ұсатқам.

 

Кірпік қақсаң ғайып болып жалғаным, 
Жапырақтай жаным жаурап үсердей. 
Саусағыңыз тиіп кетсе... 
Жаурадым, 
Үгітіліп түсердей. 

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.



Бөлісу: