Сөніп барамын...

Көбейген сайын ақтардан қара

Көңілде кілең сақталған нала

Талғамыңды мен құрметтеп едім

Жаншылып барып,тапталғанда да

Қажеті қанша?

Өзгерем деме...

Шыдамас,сынға төзбеген дене

Жебеңнен улы қашпаған едім

Нысанаңа алып көздегенде де

Ғаламның түзу кім жүр ішінде?

Кетерсің қиыс бір күні сен де

Тілімді тістеп буылып жаттым

Терімді терең тілгілесең де

Алдау мен арбау туыс пендеге

Айналдың қалай қуыс кеудеге

Жатсам да жерде жек көрмеп едім

Тостағаныңнан у ішкенде де

Түнектен тірек таба алмағанда

Алқынып жанды амалдағанда

Қансырап жатып "қадірлім" дедім

Маңдайға қанжар қадалғанда да

Өзіңнен сезім көріп бағамын

Түсініп біздер жолықпағанын

Өткенге қалар өлеңді қимай

Қолыңда сенің сөніп барамын...

(С) Абзал Алтый



Бөлісу: