Сенбі таңы

Сенбі таңы
Сəмбі талдың сиреген бір бұтағы
Жерге қарай ұмтылған жапырақтар
Уақытты да тым жылдам сырғытады

Сырыңды əлі
Жасырады жаныңның қыңыр бағы
Үдеткендей кенеттен үрейіңді
Қолыңдағы ұялың шырылдады

Ағын қатты
Арнаңның ақ арынын тағы ұрлатты
Ар жағынан тұтқаңның келген жауап
Жанарыңнан сұрақ боп тамып жатты

Кезіктірдім
Жоғалтуды бірақ та тез ұқтырдың
Шарасыздық шамдарды сөндірерін
Ерініңнің дірілінен сезіп тұрдым

Үгіттедім
Сейілтуге сезімнің күдіктерін
Тамағыңа тірелген мұңды жұтып
Сүймеймін...ұмыт дедің...

Қағынар мың
Қысыр оймен қараусыз тағы қалдым
Тоңбасын деп сыйлаған шарфыңды
Тұншықсам да мойныма тағып алдым

Үндемедім
Қалап көңіл түндігін түрмегенін
Айықпайтын денеңде дертің барын
Сенен біраз күн бұрын білген едім

Тірегімді
Тамырынан үзгендей жыр егілді
Сағаттарың аз қалды жалғызым ау
Ауыстырмаса болмайды жүрегіңді

Аспақпысың
Тағдырыңнан қияға тастап құсын
Ұмыт десем əйтеуір көндігер деп
Жалғыз өзің осылай қашпақпысың

Түнермеймін
Үмітімді үгітіп үгер мейлің
Жан-жағыңнан тартқылап жатса дағы
Мен сені жібермеймін

Есіп келемін
Ескек етіп көңілдің кесіп терегін
Қайығымды таба алмай жанарың талып
Жағама кеп кешіккен едің

Жотадан қақты
Жалғандағы қу жаннан босаған шақты
Кеудеңдегі алмасқан жүрегіңменен
Көзіңді аштың бүгінгі отадан сəтті

Сенбі таңы
Сəмбі талдың көгерді бір бұтағы
Жапырақтан үзілген тамшылар да
Сағаттарды тым жылдам сырғытады

Жолықтырдым
Тағдыр қатал тағы да соны ұқтырдың
Көркеміңе көріктім көктен қарап
Кеудеңнің сол жағында соғып тұрдым...

(С) Абзал Алтый
 


Бөлісу: