Сен сүймеші ешкімді...

Тағы сендік елесті таба алғанымды-ай,
Тағы сенсіз жылауға жаралғанымды-ай,
Түнге сіңем,
Дүниеде қарам да қалмай...
Менен шалғай кеткенде
Қарамашы, басқаға,
Мақпал түнде маған қарағаныңдай.


Қуаныш көші үйімнен ұзақтағандай,
Қинамас еді, сезімсіз тұзақ та мұндай
Қызғанамын өзіңді,
Жүректі пышақтағандай,
Менен шалғай кеткенде,
Құшпашы, ешкімді,
Әппақ таңда мені құшақтағандай.


Мағынасыз Өміріме ие күнімдей,
Кірпігімнен сырғанап жатыр білінбей,
Айға күйдім...
Сен жоқта күйетінімдей,
Менен шалғай кеткенде,
Сен сүймеші ешкімді,
Мені ғана.. 
Мені сүйетініңдей.

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА


Бөлісу: