Сені көріп...



Сені көріп – өткеннің сыздым бәрін,
Сені көріп — мұңды еттiм Күздің бағын.
Сені көріп — тек «Сен» деп жүргесiн бе,
Түсіне алмай келемін қыздың жанын!

Сені көріп — Ой алдым тереңдерден,
Сені көріп — сырластым емендермен,
Сені көріп — Мен қайта ғашық болдым,
Мені іздеп, Сен бір күні келер деумен!

Сені көріп — сезіндім Бақыт барын,
Сені көріп — тез өтті Уақыттарым.
Сені көріп — көңiлсiз Өлең жаздым,
Көк Теңіздің, жиып ап жақұттарын!

Сені көріп — сыр шерттiм тұнығымнан,
Сені көріп — босандым кұлыбымнан!
Сені көріп — «Кұдайға шүкір» — дедім,
Сипай алмай, қалсам да бұрымыңнан!

Сені көріп — тіледім тілектерді,
Сені көріп — жүрегiм дiр еткендi.
Сені көріп — кеудеме қонақтаған,
«Сезiм» атты құсымды түлетпе ендi!

Сені көріп — шырқадым Көктем әнiн,
Сенi көрiп – сүйгенiм, Көкке мәлiм!
Сенi көрiп — тұрайын, Сенi көрiп…
Адастырып тағы да, кетпе жаным?!

Нұркен ЖАҢАЙ



Бөлісу: