Сағыныш палитрасы

Бір тылсым күшке бағынған
Арманды іздеп асық ем.
Сағыныш түске малынған
Мен кеше Күзге ғашық ем.

Ең алғаш мезгілде осындай
Өзіңмен жүз қадасып ем...
Бір тамшы көздің жасындай
Сезіммен түзде адасып ем.

Адасып армандарымыз,
Айырды жол ғашықтарды.
Көктемге жалғанбады күз,
Бәрін де қар басып қалды.

Жанымды жүрген үгітіп,
Санаға бағынып бекем,
Мен сені мүлдем ұмытып,
Күз келсе – сағынып кетем.

Жатыр-ау шешініп бақтар,
Үзіліп жапырақ-ғұмыр.
Тек қиял бос үмітті ақтар
Ететін атырапты гүл.

Пиғылың үстем жүр, білем,
Өзгені тани тұрасың.
Қып-қызыл түспен бүлдірем
Сағыныш палитрасын!


Ғабит Кәдірбаев


Бөлісу: