Ақ сүтінде ананың, қасиет бар ұрпаққа,
Өмір, бақыт, байлықты сыйлаған ана әртаңда.
Аллаһақ қолы аналар, жаратқан адам баласын,
Шуақты күндей нұр төгіп, жарық дүние жалғанға.
Ақталмаса ақ сүті ананың берген балаға,
Кетеді көшіп жарықтан, ана жүрек арманда.
Арманда кеткен ананың, ақ сүтінде апат бар,
Келтірер қайғы, қасиет өсиет бұзған балаға.
Емшектес болған туыстың, үйленсе жігіт қызына,
Кешпес ана ақ сүтін, қиянат қылған ұл-қызға.
Өткеріп бастан бұл ұрпақ, ананың ақ сүт апатын,
Адамдық атын жоғалтып, айналар бір күн құзғынға.
Бабалар айтып өсиет, бәте берген ұрпаққа,
Аталар берген өсиет жетелер биік арманға.
Адасып ата жолынан, аталар берген бәтеге,
Қиянат қылсаң бір өмір, дақ түсер намыс, арыңа.
Ғасырлап заман өтсе де, өсиет өмір өзегің,
Келседе ақырет басыңа, ұмытпа ұрпақ кезегін.
Қыңыр бүйрек қиянат, жасасаң ата тегіңе,
Азғыны елдің боласың, тергенмен өмір тезегін.
Шығарма естен аталас, туыстық өмір тармақты,
Отарбай мен Қосбармақ, әулиеті тіккен шаңырақты.
Есіңді жи ағайын, мәңгүрттеніп барасың,
Ата жолдан тайдырып, соқтырма жарға ұрпақты.
Құда болып қыз берсе, Отарбайға Қосбармақ,
Құда болып қыз алса, Отарбайдан Қосбармақ.
Жеті аталық әруақтың, қорласа солай рухын,
Өмір сүрер ұрпағы қатерлі жарды жағалап.
Салт-дәстүрмен тіл, дінді сақтау парыз санаңда,
Ата еңбек, ана сүтін, ақтау парыз балаға.
Жасап өтіп бір өмір, сұм дүние жалғанды,
Қарыз болма, қол сілтеп атаң менен анаңа.
Тошанов Парахат Жөргенбайұлы