ОНЫҢ МОНОЛОГЫ

ОНЫҢ МОНОЛОГЫ
жеке
блог

Мүмкін емес сағынбауың мені енді,
Жанарыңда мұң малтыса, ой жүзіп.
Өксігіңді, маған жазған өлеңді,
Көңіліңнің ошағына қой тізіп.

Өміріңді, сен іздеген Өзіңді,
Бізге мәлім естеліктің барлығын,
Мені.. сосын шат-шадыман кезіңді,
Сәл сараңдау сабырыңның жарлығын,

Бәрін-бәрін.. өзектегі өкпеңді,
Бізді қоспас бұл қатыгез ғасырды,
Бір жүріп те үлгермеген көк белді,
Өртеп жібер, тамызық қып жасыңды.

Солай ғана тоят тауып бір уақ,
Солай ғана қателігің түзелмек.
Жалын құшқан жүрегіңді жұлып ап,
Сағынышқа егілерсің тізерлеп ...

                                                                                       Әлия Іңкәрбек