Олжабай батыр!

Олжабай батыр!
жеке
блог

         (Поэма)

 

– Батый болсаң сен неге,

Жауға қайсы шаппайсың? –

Деп сұраған ініге,

Қайтарар жауап таппайтын.

Жауар күндей түнеріп,

Ешкімге тіл қатпайтын,

Күн батып таң атпайтын.

Елегізіп өз-өзінен,

Төсегінде тыныш жатпайтын.

Батырлардың есімін,

Дұғалықтай жаттайтын.

Күндердің күні әлдекім

Атап мұның есімін.

– Шық, далаға шық, – деді,

– Айтқанымды ұқ, – деді.

Абылайдың қолына

Келдім сені тіркетіп,

Ақсарбас айтып жолына.

Тұтанған үміт жылт етіп,

Жұрт жүрегін жылытты.

Айбалтасын қолға алып,

Атқа қонды ертемен,

Намысты ту қып өртеген.

Аттанды Абылай қолына,

Белгісіз елге бір Берен.

           

      -2-

 

Олжабай қамшы басады

Астындағы жүйрікке,

Сан қырлардан асады.

Алдынан қосы килікті,

Ат басын іркіп Олжабай,

Қосының жайын сұрады.

Жөн айтар жан табылмай

– Абылайдың қайда тұрағы? –

Деп дауысын көтерді.

– Қараңдар мына есерді,

Танауының асты кеппеген.

Желігі бар-ау ептеген

Төңкерердей төбені, –

Деді, –төрде отырған.

Сарбаздың бірі шіреніп:

– Ат бақтырсақ қайтеді?

Тұр ғой өзі сұранып,

Әкіреңдеуі жаман, әй, тегі

Болып жүрмесін бір Алып.

Ат бағуға бар дегенде

Қалғандай ед жағы қарысып,

Жалғызға Алла жар деген.

              

    -3-

 

Көп қазақтың бірі боп

Ат бағуға кірісті.

Ат бағудың сыры көп,

Дөңгелетті бұл істі.

Қасқырға тіс салдырмай,

Аттарды бақты қырағы.

Ұрыға да алдырмай,

Өзін істе шыңдады.

Айтқандарын үлкеннің

Құлақ қойып тыңдады.

Жусағанда жылқысы,

Өрлей өріп өрісте,

Келер болса ұйқысы,

Ұйқы соғу теріс пе?

Сол күні де Олжабай

Киімдерін шешініп,

Ен далада көсіліп,

Жайғасып ойға берілген.

Шүршітті жеңіп елірген

Табыссам аман еліммен.

Осы сәтте қиырдан

Шұбалған ақ шаң көрінген.

– Кетпейді, – деп бұйырған.

– Көрмеңдер, – деп, –мені кем.

Өз - өзінен жұлынып,

Өз - өзінен бүлініп.

Айналасына алақтап,

Аш қасқырдай жалақтап,

Жұдырықтай шал көк шолағын

Басқа, көзге төпелеп,

Тартып барад төтелеп.

Қорғанға қарай ентелеп:

– Мені де, аға, ерте кет, –

 Демек болып Олжабай.

– Жөніңді айтшы, әй, ағай,

Қайда, неге асықтың?

– Сөзін қара пасықтың,

Естімеген тегінде.

Ойран сап шүршіт төріне,

Он сан орта жүздің

Ұраны болған көгінде,

Олжабайдай ер ұлан

Дал-дал қылып қақпаны,

«Олжабайлап»  ат қойған.

Қаланы сол ап қойған,

Үлестіріп жатыр олжаны.

Жетсең қазір болғаны,

Сені де құр қалдырмас.

Болсаң дағы балғын жас, –

Деп батырды қарасын.

«Он сан орта жүз... Олжабай...

 Орта жүз... Олжабай»

Сөздерді осы қайталап:

– Кім? – деді бұл айқайлап,

Түсіре алмай есіне.

Алла бақытын ашса  егер,

Ертесі не кеші не?!

– Сен! –деді сонда бір дауыс.

– Сен! – деді, – сол – Олжабай!

Жан-жағына қараса,

Ешкім жоқ.

Таң - тамаша.

Әлгі дауыс айтқанын

Берді тағы қайталай.

– Сен – Олжабай, сен – Олжабай!

– Мен дейсің бе, Олжабай? –

Деп тебіренді есіл ер.

Сүртіп жүзін басқан тер,

Алғыс айтты Аллаға.

Мың сан рет толғанып,

Айбалтасын қолға алып,

Басты атына қамшыны.

Алда қамал тұр алып,

Осы қамал талайдың

Өр рухын жаншыды.

Батырлардың сыртаны

Келсе дағы айбындап,

Бүрсіз бе әлде табаны?

Ала алмады ай-жылдап.

Қаладағы шүршіттер

Күндерін бейбіт сағынды,

Қазақ қолы сырттағы.

– Сындырма, Алла, сағымды,

Күйретпе болашағымды.

Отбасымен аман жүздесіп,

Сар далада сағымды

Бір - екілі бақсам малымды,

Арманым жоқ дер едім.

Талайдың тауы шағылды,

Дамылсыз дабыл қағылды, –

Деп ойлаумен күні өткен

«Олжабайлап» ұрандап,

Шықты дауыс бір өктем.

Ғаламатымен Алланың

Жанды-жансыз  дір еткен.

Қақпаға қарай аңдыздап,

Шапқан жалғыз қараны,

Қалды тұрған жұрт байқап,

Есуасқа көбі балады.

Гүрс - гүрс атқан оққа да,

Қарамады, қайран ер!

Көз алдына келген ед,

Қырылып қалған қалың ел.

Дарбазасы шүршіттің

Дүрліктірген көп жұртты.

Қорғасын мен қалайының

Қоспасынан құйылған

Шапқан ерлер алмақ боп,

Қыршынан қиылған,

Көп мықтының

Алуға тісі батпаған.

Қақпаны  алу ақыры,

Олжабайға бұйырған.

Керемет көп біз білмейтін

Жалғанда,

Талайларды қалдырған

Қақпа сонау арманда.

Тоз - тозы шықты әп - сәтте

Айбалтамен,

Салып-салып қалғанда.

Кіре алмай жүрген арманда,

Қалың қазақ күткен көп.

Ішке кірді ентелеп,

Өлтіргенін өлтіріп,

Қойдай қуып желкелеп,

Жүндей түтіп шүршітті,

Тәубасына келтіріп

Талай - талай ерлерді.

Көрген патша

Жараланған,

Олжабайды көріп көзімен.

Сұраған екен таңқалып:

– Мұнысы, сірә, ұлыларға тән қылық.

Бұлшық етіңді оқ жұлып,

Кеткенде қалай қақпаны... –

Деген екен Олжабай:

– Білмеймін мен басқаны,

Тиген оқты ойға алар кісі мен емес.

Жарақатты шын батыр

Жаны шықпай елемес.

– Қақырата бердім қақпаны.

Қақырата бердім ынтыға.

Шығарып естен басқаны,

Қанды шаңы торлаған,

Жаулардан әбден сорлаған.

Ашылсын деп қазақ аспаны,

Аянбай салдым барымды.

Алға ұстап арман, арымды,

Елемедім, сенсеңіз,

Селдей боп аққан қанымды.

Шүберекке түйген ем,

Халқым үшін жанымды...

Ағасының ерлігін естігенде

Төрт - бестегі  інісі

Жарасып – ақ тұр мұнысы:

– Менің ағам – бати ! – деп

Олжабайлап ұран тастапты.

Тал шыбық мінген достарын,

Қан майданға бастапты.

Сол өнеге, сол ұран

Жеңіске елді бастады.   


Сүлеймен Баязитов