Неге менің жанымдағы достарым, Дос болады дүниеммен, ақшаммен...

**

Жалғыз қайтып бара жатам бақтан мен,

Күбірлесіп жүректегі хаттармен... 

Неге менің жанымдағы достарым,

Дос болады дүниеммен, ақшаммен?!

 

Іздегенде, сағынғанда өздерін,

 Тым өзгеріп кеткеніне төзбедім.

Көргім келмей қиналамын сол сәтте

Дүниеге қызығатын көздерін.

 

Мұң – теңізге тартқанында өз кемім,

Сағынамын жылы шуақ сөздерін.

Сағынамын айдын түстес баладай,

Пенде кейпі кейілмеген кездерін

 

Дәл осы шақ табылса деп қасымнан

Мен қанша рет суреттерге асылғам

Дос іздеген менің жаңбыр күйім-ай,

Жауып-жауып басылған.

 

Өзім көрген досым қайда кешегі,

Көкірегімді кермек жасым теседі

Жүрегімде сақтап келген Адалдық

Жүрегімде, бәлкім, бір күн өшеді...

 

Жапырақтар,

Жапырақтар төгілген,

Өзің айтшы, неге бүгін көңіл кем?

Жаңбырымды ертіп алып қасыма

Жалғыз қайтып бара жатам Өмірден...

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.



Бөлісу: