Не жетеді?

Таудың асқар шыңына не жетеді?

Ар-намысың биік болса сол жетеді.

Адалдық, имандыққа қызмет етсең,

Түбінде биіктерге өрлетеді.

 

Ыстығына алаудың не жетеді?

Шын сүйе алсаң өмірде сол жетеді.

Түсініспей, айрылысқан қос жүректер

Махаббаттың отында өртенеді.

 

Тереңіне теңіздің не жетеді?

Алғыр болса білімің сол жетеді.

Күндіз-түні ізденіп оқыған жан,

Арманы мен мақсатына жетеді.

 

Ажарына аққудың не жетеді?

Адал болса жүрегің сол жетеді.

Қайырымды, жаны жылы жандардың

Жанарында сұлулық сыр шертеді.

 

Асылына маржанның не жетеді?

Мәнді болса сөздерің сол жетеді.

Сөз сөйлейм деп бос сөйлесең егер де,

Асыл сөздің бал-қаймағы кетеді.

 

Байтағына далаңның не жетеді?

Құшағына далаңның не жетеді?

Өзге елде сұлтан боп жүргендерден,

Өз елінің ұлтандары үстем еді.

 

Алыс кетсең аңсатар белестері,

Топырағына ауылдың не жетеді?

Ауыл деген – аяулы алтын бесік,

Жас баладай әлдилеп тербетеді.

 

Ақ сүтіне ананың не жетеді?

Жүрек, шірікін, таппады еш теңеуді.

Бір кездері сәби боп, ақ сүт емген,

Ананың құшағында жылап-күлген,

Бүгінде қалталы кейбір байлар,

Байлық пенен ақшасын артық көрсе,

Көшедегі нашақор, маскүнемдер

Ана сүтін арақпен тең көреді.

Ақ сүтіне ананың не жетеді?

Не десең де, жаным-ау, не десең де,

Бұл өмірге келгенге не жетеді?

Көк аспанның астында тыныс алып,

Бар ғажапты көргенге не жетеді?

Жарық күннің нұрынан қуат алып,

Бұл әлемге келгенге не жетеді?



Бөлісу: